АЛТАЙ МЕН ҚОБДАНЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ: ЖЫЛҚЫШЫ АҚТАЙҰЛЫ

Ербол Бейілхан – Ақын, жазушы.
ҚР Жазушылар одағының мүшесі.
ҚР Мәдениет саласының үздігі. 

    Жылқышы Ақтайұлы – ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, топ жарған палуан, қазақ руханиятына мол мұра қалдырған сыбызғышы және Алтай мен Қобда бетін жалғаған мемлекетшіл қайраткер, қазақ тарихындағы бірегей тұлға. Биыл өз заманының заңғар тұлғасы болған бабамыздың туғанына 200 жыл толуы – тек Керей шеруші руының емес, тұтас ұлттық тарихымызды түгендеу тұрғысынан маңызды оқиға болып отыр.

XIX ғасыр – қазақ даласы үшін өзгерістер мен сындарлы кезең болды. Осы күрделі заманда, шамамен 1820-1826 жылдар аралығында, Алтай тауының сүйегінде, Шыңжан өлкесінің Буыршын аймағында дүниеге келген Жылқышы Ақтайұлы өз тұсындағы ең көрнекті тұлғалардың біріне айналды. Оның есіміндегі «Жылқышы» атауы – түпнұсқа мағынада «жылқы бағушы» дегенді білдірсе де, тағдыр оны көшпелі өмірдің қарапайым қызметкері емес, тарихында ірі із қалдырған ел басқарушысы, өнер иесі, батыры етіп қалыптастырды. Оның 200 жыл бұрын туғанына орай, бүгінде біз бұл тұлғаны ұлттық мақтаныш тұғырына көтеріп отырмыз.

Біздің жазып отырған мақаламыз Жылқышы бидің тарихи рөлі мен көпқырлы болмысын ашатын, ғылыми дәйектер мен публицистикалық толғауға құралады.

XIX ғасырдың орта шеніндегі қазақ даласының шығыс беткейі — геосаяси жағдайдың аса күрделі кезеңді бастан кешкен еді. Осы тұста тарих сахнасына шыққан Жылқышы Ақтайұлы (1826–1889) – стратегиялық ойлау қабілеті мен дипломатиялық шеберлігінің арқасында халықтың тағдырын шешкен тұлға бола білді десек әсте артық айтпаймыз. Осы тұстағы бабамыздың тарихи миссия: жаңа жерұйыққа өз қазағын қоныстандыру және Елдік еркіндіктен тұрады. Сол себепті де біз қалам ұшына іліктіріп сөз етіп отырған Жылқышы Ақтайұлының ең басты тарихи еңбегі – Алтай қазақтарының бір бөлігін Қобда бетіне (қазіргі Моңғолия аумағы) алғашқы болып бір топ тұлғалармен бірге қоныстандыруы болып табылады. Исі Алаш үшін бұл жай ғана көші-қон емес, еркін жайылым іздеген халықтың этно-территориялық тұтастығын сақтау жолындағы батыл қадам болатын.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, Жылқышы Ақтайұлы – Орталық Азиядағы қазақ диаспорасының қалыптасу тарихындағы негізгі субъектілердің бірі ретінде тұлғаның тарихи бағасы беріліп жатыр. Оның өмір жолы — көшпелілер өркениетінің соңғы кезеңіндегі мемлекетшілдік инстинктінің көрінісі деген тұжырым да қалыптасып үлгерді. Жылқышы би тек өз руының мүддесін ғана емес, бүкіл Керей, Найман, Уақтың тіпті Алтай өңіріндегі түркі тектес халықтардың тыныштығын ойлаған жан екендігі ұлтына және тыс жергелерге жетілікті деңгейде белгілі болды. Ол орнатқан «Төре мен Би» басқару жүйесі аймақта ұзақ уақыт тұрақтылықты қамтамасыз етті.

Сондықтан, Жылқышы Ақтайұлының 200 жылдық мерейтойы — өткенді ұлықтау ғана емес, ұлттық бірегейлікті нығайтудың мүмкіндігі болып табылады. Оның тұлғасы арқылы біз қазақ халқының сыртқы қысымдарға қарамастан, өзінің өмір сүру кеңістігін қалай кеңейткенін және мәдени кодын қалай сақтағанын көре аламыз. Ол — Алтайдың ақиығы, Қобданың қорғаны болған ұлы есім ретінде ұлтының жадында мәңгіге қала білді, қала береді.

Жылқышы Ақтайұлының тұлғасы қазақ гуманитарлық ғылымында түрлі зерттеулерге нақты ғылыми негіз болып, үш түрлі қырынан (тарихи, өнер және ел басқару) ашылды. Әліде ашыла түсетін болады. Енді қолымызда бар іргелі еңбектерден нақты үзінділер мен деректік желілерді келтіре кететін болсақ. Бабамыздың тарихи-дипломатиялық қыры ашатын деректі Зардыхан Қинаятұлының «Моңғолиядағы қазақтар», “Жылаған жылдар шежіресі» атты еңбектерінен ұшыратамыз. Аталған ғалым: «Жылқышы Ақтайұлы тек ру басы ғана емес, ол – XIX ғасырдың екінші жартысындағы Алтай мен Қобда бетіндегі қазақтардың саяси статусын анықтаған тұлға. Оның Цинь империясының өкілдерімен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде, қазақтар бұл өңірде ресми түрде “түтін салығын” төлейтін, жер иелену құқығы бар субъектіге айналды. Жылқышының Үкірдай шені — бұл қазақ мемлекеттілігінің дәстүрлі институты мен империялық әкімшілік жүйенің сәтті симбиозы еді», – деп жазады. Бұл үзінді Жылқышы бидің мемлекетшілдік деңгейдегі саясаткер болғанын дәлелдейді.

Сонымен бірге Талап Сарбасұлы, «Алтай сыбызғы мектебі» атты ғылыми мақаласында Жылқышы Ақтайұлының музыкалық-философиялық қырын барынша ашып көрсетеді: «Жылқышы бидің “Жылқышының толғауы” күйі — сыбызғы өнеріндегі ең күрделі шығармалардың бірі. Бұл күй – елдің тағдыры, атамекеннің тұтастығы мен өткен дәуірдің сағынышы туралы дыбыстық монолог. Мұндағы “қос дыбыс” (көмей мен сыбызғы дыбысының үндесуі) – Жылқышының ішкі тебіренісі мен ел алдындағы жауапкершілігінің символы іспеттес. Күйдің құрылымындағы сабырлылық пен асқақтық Жылқышының билік парасатын көрсетеді». Бабамыздың өнер арқылы шығармашылық тұлғасы мен психологиялық және рухани болмысын ашып көрсете алуымен бұл зерделеу өте маңызды.

Билік сабақтастығы мен ұрпақтар рөлі туралы дереккөзді Ислам Қабышұлы, «Моңғолиядағы қазақ халқының тарихы» кітабынан кездестіреміз. «Жылқышыдан кейін тізгінді ұстаған, баласы Сүкірбайдың кезеңі – Қобда қазақтарының толық қоныстану дәуірі.  Жылқышы негізін салған саяси мектеп, Батыс Моңғолиядағы қазақтардың этностық тұтастығын сақтап қана қоймай, олардың мәдени және білім беру орталықтарының қалыптасуына мұрындық болды». Бұл үзінді Жылқышы би бастаған істің ұрпақтар арқылы қалай жалғасқанын және оның бүгінгі Баян-Өлгий аймағына қалай әсер еткенін кеңінен ашады.

Бұл жолдарды оқып отырған жұртшылыққа Жылқышы Ақтайұлы туралы әңгімелеу – рухани мұрамыздың бір түпқазығына үңілумен пара-пар.

      Ол тек би ғана емес, нағыз «Қазақ өнерінің энциклопедиясы» еді. Қазақ даласының төрт түпкіріне өз атын мәңгі жазған бұл азаматтың тұлғасын тану арқылы біз ұлтымыздың өшпес ерлігі мен сырлы өнерінің сабақтастығын айқын аңғарамыз.

Жылқышы Ақтайұлының шығу тегі сөз ете кеткеніміз осы орайда орынды: 

Жылқышы Ақтайұлы – Орта жүз құрамындағы Абақ Керейдің Шеруші тайпасының (ру басшысы, ақсақалы) болған жан. «Үкірдай» атағы рудың басын қосып, елдік мүддені қорғайтын, билік жүргізетін ең жоғарғы билік иесіне берілген. Бұл тектіліктің тамыры тереңде жатыр. Ұлы атасы Киікбай батыр (1693-1741 жж.) Сыр бойында жолбарысты найзалап өлтірген ерлігімен аты шыққан батыр тұлға. Қазір Ақмола облысының Атбасар жерінде “Киікбай Байғараұлының үлкен кесенесі, тарихи мұра, музейі” орналасқан. Атасы Көбеген де батыр, би болған. Сарыарқадан Буыршынға көшіп келгенде монғол төресінен жер сұрап, көк шұбар тасты көтеріп, ерлігімен елге қоныс әпергені ел аузында қалған. Біздің, ертеректе жазылған “Көбеген көтерген көк тас” атты дастанымыз, қалың оқырманға таныс деп ойлаймыз. Әкесі Ақтай би – аюмен алысып жеңген палуан, «Төрт би, төре заңын» әзірлеуші, ал оның інісі Бозтай мен Ырысбай ағасымен бірге аюды алқымдап өлтірген атышулы батырлар еді. “Ақтай батыр” атты да тарихи дастанымыз ел есінде болар. Осындай батырлардың тізбегінен тараған Жылқышы бойына ата тегінің мызғымас күш-қуаты мен рухани асыл мұрасын дарытты десек ақиқаттан алшақ кетпейміз.

Әкесі Ақтай өмірден өткенде, оның артында қалған 14 ұлының арасынан Жылқышы би болып сайланады. Осыдан кейін ол өзін мұқым қазаққа танытқан күресті мүлдем қойып, біржола ел билеу ісімен айналысып, Жылқышы би ретінде ел басқарудың парасатты жолын ұстанып өтті.

Жер ауыстыру және Қобда өңірінің негізін қалау

Жылқышы бидің ең басты тарихи миссиясы – халықты Алтайдан Қобда өңіріне көшіру болды. Қолымызда бар шежіре дерегі бойынша әкесі Ақтай би: «Алтай бетте жерден тапшылық көресіңдер, Қобда бетке барып қоныстаныңдар», – деп өсиеттейді. Сонымен, Жылқышы, бастаған тұлғалар бұл өсиетті орындап, XIX ғасырдың 50-60 жылдары Қобдаға ойысады. Осылайша бабамыз әке өсиетін мүлтіксіз орындау арқылы қазіргі Монғолия қазақтары диаспорасының негізін қалаушылардың бірі саналады.

Жылқышы би Асылбек Көбешұлымен бірге Қобда қазақтарына тағылған заңсыз салықтарға қарсы шығып, елінің мүддесін қорғады. Осы көші-қон барысында жасаған ерліктерінің бірі – жолда қаза тапқан серігі Дайрабайға арнаған «Арманда кеткен Дайрабай» күйі. (Баян-Өлгейдің Үш-Ойғыр өлкесінде Дайрабайдың атымен аталған көл бар.) Бүгінде Монғолияның Баян-Өлгей аймағы мен Қытайдың Алтай аймағында «Жылқышы асуы», «Жылқышы хүрэн» (Жылқышы қонысы) секілді жер атаулары сақталған. Бұл – оның тұлғасының осы өңірлерде қаншалықты терең тамыр тартқанының айғағы болып саналады.

Даналық тізгіні: Заманның төрешісі

Би Жылқышының есімі әсіресе шешімдерінің әділдігімен кең тарады. Ел арасындағы даулардың басым көпшілігін шешуде ол дипломатиялық шеберлігімен де ерекшеленді.

Қобадаға керейлер ошарыла қоныстанған соң ХІХ ғасырдың соңында «ру аралық қақтығыс, соғыстар” орын алды. Осылай ірі мемлекеттер мен саясаткерлер аз елдің тыныштығын, бірлігін бұзуға барын салды… Бұл қақтығыстың біршамасы Жылқышы бидің даналығы мен ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Ру аралық қақтығыстарды ушықтырмай, дипломатиялық жолмен шешіп отырды. Осындай бітімгершілік қасиеті арқасында ол Қытай өкіметінің «Гауһар тас» белгісімен марапатталды.

«Үкірдайдың билігі» және әділдік

Үкірдай мәртебесі: Ол Қытай мен Моңғолия шекарасындағы қазақтарды басқаратын жоғары лауазым — Үкірдай (күн-уаң) шеніне ие болды. Бұл оның тек ру басы ғана емес, ресми билік мойындаған ірі саяси фигура болғанын айғақтайды.

Дипломатия саласындағы шебер мәмілегерлігі Цинь империясы мен жергілікті моңғол билеушілері арасында тепе-теңдікті сақтай отырып, қазақтардың атақоныс құқығын заңдастыруы оның билік парасатын көрсетеді.

Аңыздардың бір парасы оның Үкірдай шенін қалай алғанына арналады. Ол Қытай амбандарына (шенеуніктеріне) барғанда, еш жалтақтамай, халықтың мұңын тік тұрып жеткізетін болған. Оның сөз шешендігі мен алғырлығына тәнті болған билік иелері оған «Күн-уаң» (кінәз) дәрежесіне тең Үкірдай шенін өз еріктерімен ұсынған деседі.

XIX ғасырдағы қазақтардың Алтайдан Қобда бетіне (Батыс Моңғолия) қоныс аударуы — Орталық Азия тарихындағы ірі этно-демографиялық процестердің бірі болғаны белгілі. Жылқышы Ақтайұлы бұл тарихи кезеңде халықты ұйымдастырушы әрі мемлекеттік деңгейдегі келіссөздер жүргізуші ретінде танылды.

Ғылыми деректер мен тарихи шежірелерге сүйене отырып, бұл процесті бірнеше кезеңге, атап айтсақ, үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Қоныстанудың тарихи кезеңдеріне ой ойыстырар болсақ, қазақтардың Қобда бетіне өтуі бір сәтте болған оқиға емес, бірнеше онжылдыққа созылған күрделі процесс болғандығына көз жеткіземіз.

Кезең  Сипаттамасы Себептері

I кезең (1840–1860 жж.) Алғашқы барлаушы топтардың өтуі. Шеруші, Жантекей, Қарақас руларының шағын топтары Алтайдың шығыс беткейлеріне ене бастады. Жайылымдық жерлердің тарылуы және Ресей мен Қытай империяларының шекаралық қысымы.

II кезең (1864–1870 жж.) Шәуешек хаттамасынан кейінгі жаппай көшу. Шекара нақтыланған соң, көптеген қазақ рулары Қытай бағынысында қалуды таңдап, шығысқа қарай жылжыды.            1864 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы шекаралық келісімшарт.

III кезең (1870–1890 жж.) Жылқышы бидің басшылығымен Қобда өңіріне (Тұлба, Делүн, Дайын, Сеңгіл, Сагсай, Қызылқайың) тұрақты қоныстану. Дипломатиялық келісімдердің нәтижесінде жердің ресми бөлінуі.

Міне осындай үш кезеңде Жылқышы бидің осы процесс кезінде атқарған рөлі ашыла түсетіні анық. Жылқышы Ақтайұлының бұл процестегі қызметі тек көш бастаумен шектелмейді. Ол саяси-құқықтық және әлеуметтік реформатор ретінде таныла білді.

Жылқышы бидің дипломатиялық миссиясы 

Жылқышы би Цинь империясының өкілдерімен (амбандармен) тікелей байланыс орнатты. Ол қазақтардың Қобда бетіндегі жайылымдарын заңдастыру үшін Сагсай, Сеңгіл, Тұлба көлі маңындағы жерлерге моңғол билеушілерімен (торғауыт, дөрбет князьдерімен) келіссөз жүргізді. Оның дипломатиялық шеберлігі арқасында қазақтар бұл өңірде «кірме» емес, ресми салық төлеуші, жер иеленуші мәртебесіне ие болды.

Жылқышы бидің басқару жүйесін құруы (Үкірдайлық қызметі)

Жылқышы бидің тұсында Қобда бетіндегі қазақтардың әкімшілік басқару жүйесі нығайды. Ол Үкірдай (күн-уаң) ретінде:

-Ел ішіндегі дау-шарды билер соты арқылы әділ шешуді жолға қойды.

-Қытай билігі мен қазақ жұрты арасындағы «алтын көпір» болды.

-Әскери-қорғаныс қабілетін арттырып, жергілікті жердегі қақтығыстардың алдын алды.

Жылқышы бидің экономикалық стратегиясы

Жылқышы Ақтайұлы тек мал шаруашылығымен шектелмей, Алтай мен Қобда арасындағы сауда жолдарын бақылауда ұстады. Оның кезінде Қобда қаласымен арадағы керуен саудасы жанданып, халықтың әлеуметтік жағдайы түзеле бастады. Осы қызметтерінің барлығы тарихи дереккөздердегі мәліметтерде көрініс тапты.

Енді бабамыздың тарихи дереккөздердегі айшықталуына тоқталатын болсақ, ғалымдар мен шежірешілер Г.Е. Грумм-Гржимайло, А. Отарбаев, т.б. Жылқышы биді «Шерушінің тірегі» деп атайды. Орыс саяхатшылары мен зерттеушілерінің жазбаларында Жылқышы бидің саяси салмағы мен оның қарамағындағы елдің өсіп-өркендеуі туралы құнды мәліметтер кездеседі.

Жылқышы Ақтайұлы – қазақ халқының этностық шекарасын кеңейтуде мемлекетшілдік деңгейде ойлай білген тұлға ретінде аталған дереккөздерде көрініс тапты. Қолымызда бар дереккөздерді негізе ала отырып, оның бастамасымен басталған көш кейіннен Моңғолиядағы қазақ диаспорасының (қазіргі Баян-Өлгий аймағы) іргетасы болып қаланды деп нық сеніммен айта аламыз.

Жылқышы Ақтайұлының ісін жалғастырып, ел тізгінін ұстаған ұрпақтары – Баян-Өлгий аймағы мен жалпы Моңғолия қазақтарының тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар. Олар тек бір рудың ғана емес, тұтас аймақтың саяси, әлеуметтік және мәдени дамуына ықпал етті.

Ерлік пен өнердің өлмес мұрасы ұлтына аманаттаған Жылқышы Ақтайұлы 1889 жылы (кейбір мәліметтер бойынша 1890 жылы) Монғолияның Баян-Өлгей аймағы Цэнгэл сумынында өмірден өтіп, Құйтас бейітіне жерленген. Одан тараған ұрпақ – Сүкірбай, одан Дөрбетхан, Дәлелхандар ата жолымен Шеруші руын үкірдай, тэйжі шенімен билегені тарихтан белгілі. Енді сөзімізді ұрпақ жалғастығына қарай ойыстырсақ.

Жылқышы бидің тікелей мұрагерлері мен олардың тарихи рөліне тоқталайық:

Ең әуелі оның төл перзенті ұлы Сүкірбай Жылқышыұлы әкесінен кейін ел тізгінін ұстады. Сүкірбай атамыз әкесінің жолын қуып, Үкірдай лауазымын иеленді. Біз бұны дипломатиялық жалғастық деп атар едік. Ол әкесі секілді Цинь империясының билігі мен жергілікті моңғол князьдерімен тең дәрежеде сөйлесе білген ірі тарихи тұлға еді. Оның тұсында қазақтардың Қобда бетіндегі қоныстары нақтыланып, жер дауы мәселелері бейбіт жолмен шешіліп отырды.

    Дәл қазіргі Баян-Өлгий аймағының құрылуында Жылқышы ұрпақтары аса зор рөл атқарады десек еш артық айтпаймыз. Олардың ең үлкен тарихи еңбегі — 1940 жылы Моңғолия құрамында тек қазақтар мекендейтін Баян-Өлгий аймағының құрылуына негіз қалауына түрткі болғаны еді. Алғашқы аудан (сұмын) “Шеруші хошуны” деп аталғаны да тарихи дерек. Жылқышы әулетінен шыққан білімді азаматтар аймақ, аудан, бірлестіктер де алғашқы мектеп ашуға, мәдени ошақтарын құруға белсене атсалысты.

     Жылқышы ұрпақтарының бүгінгі мұрасы

Бүгінде Киікбай-Көбеген-Ақтай-Жылқышы бабамыздың ұрпақтары Моңғолияда ғана емес, Қазақстан мен әлемнің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, өнер адамдары, қоғам қайраткерлері мен ірі кәсіпкерлер бар, әлеуеті аса зор – әулет.

(Жылқышы Ақтайұлы (1826-1889)                       

Жылқышы Ақтайұлы мен оның әулеті туралы зерттеулер – Орталық Азиядағы қазақ диаспорасының тарихын, билер институтын және XIX-XX ғасырлардағы геосаяси жағдайды түсіну үшін маңызды дереккөзі болып табылады. Бұл зерттеулерді бірнеше бағытқа бөліп қарастыруға болады.

Ресейлік және шетелдік саяхатшылардың жазбалары

Жылқышы бидің көзі тірісінде-ақ ол туралы мәліметтер орыс зерттеушілерінің еңбектеріне ене бастады. Енді соларды тізбектеп кететін болсақ. Орталық Азияны зерттеуші атақты ғалым Г.Е. Грумм-Гржимайло өзінің еңбектерінде Алтай қазақтарының көші-қоны мен олардың басшылары туралы жазды. Оның жазбаларында Жылқышы бидің Үкірдай ретіндегі беделі мен ел басқару жүйесі туралы құнды деректер бар.

Тағы бір орыс ғалым-саяхатшысы В.В. Сапожников Алтай тауларын зерттеу барысында қазақ руларының орналасу тәртібі мен олардың саяси құрылымын сипаттап, Жылқышы әулетінің Қобда бетіндегі ықпалын атап өтеді.

Енді бабамыз бен оның ұрпақтары туралы Моңғолия және Қазақстан ғалымдарының зерттеулеріне біршама тоқталатын болсақ. Қазіргі таңда бұл тақырыппен кәсіби тарихшылар мен этнографтар айналысуда. Моңғолия қазақтарының тарихын жүйелеген алғашқы ғалымдардың бірі Ислам Қабышұлы өзінің «Моңғолиядағы қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде Жылқышы би мен Сүкірбай үкірдайлардың саяси қызметіне ғылыми баға берді. Тарих ғылымдарының докторы, белгілі тұлға, моңғолтанушы Зардыхан Қинаятұлы Жылқышы Ақтайұлының Цинь империясымен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастарын және Батыс Моңғолиядағы қазақтардың заңдық мәртебесіне үңіледі. Өлкетанушы және тарихшы Ахмет Отарбаев Жылқышы бидің өмір жолы мен оның ұрпақтары туралы архивтік деректерді жинақтап қалың көпшілікке танытты.

     Көпқырлы тұлға: Батырлық пен Өнер.

Жылқышы Ақтайұлы — «сегіз қырлы, бір сырлы» қазақы аристократияның жарқын үлгісі болып саналады. Оның бойындағы қасиеттерді бірнеше бағытқа жіктеуге болады: Палуандық пен Батырлық Сыбызғышылық өнер һәм Шаңғышылық шеберлігі. Енді осыларды жеке-жеке қалам ұшына іліктірмекпіз.

     Ерлік жолы: Палуан, Батыр және Би

Жылқышы жастайынан ерен қара күшімен ерекшеленіп, 17 жасында найман елінде болған үлкен аста арысқа түсіп бас бәйгені алады. Осыдан кейін оның палуан атағы Алтайдың төрт тарабына жайылады. Отыздан асқан жасына дейін ас пен тойда күрескен Жылқышы, әкесі Ақтай би қайтыс болғаннан кейін, 14 ұлдың ішінен би болып сайланаған соң күресті мүлде қойып, ел билеу ісімен айналысып, Жылқышы би ретінде ел басқарудың парасатты жолын ұстанды. Ел аузында аңыз болып қалған тағы бір ерлігі – атақты моңғол балуаны Бөкбурылды жығуы, бұл оның тек қана би емес, нағыз батыр болғанын көрсетеді. Осылайша, оның бойынан бидің даналығы, батырдың қайсарлығы, балуанның алып күші қатар көрінді.

Палуандық пен Батырлық бір бойынан қатар табылған бабамыз жауырыны жерге тимеген палуан, жауға шапқан батыр ретінде ел есінде қалып, оның ерен күш-қуаты ел арасындағы аңыз-әпсаналарға арқау болды. Жылқышы Ақтайұлының бейнесі халық жадында «кереметті иеленген» киелі адам және теңдессіз күш-қайрат иесі ретінде сақталды.

Ел аузында Жылқышының палуандығы туралы мынадай әңгіме бар: Бірде үлкен аста моңғол мен қазақ палуандары күреседі. Қарсылас жақтың палуаны өте ірі, алып адам болыпты. Жылқышы бидің жасы келіп қалса да, намысқа тырысып ортаға шығады. Күрес кезінде ол қарсыласын көтеріп алғанда, аяғы жерге бір қарыс батып кеткен деседі. Бұл аңыз оның тек ерен күшін ғана емес, халық алдындағы асқақ беделін де сипаттайды.

     Саздың сыршыл шебері: Сыбызғышы әрі күйші

Жылқышы Ақтайұлының тұлғасының ең көркем әрі тартымды қыры – оның сыбызғышылық өнері. Сыбызғы – қазақтың ең көне әрі күрделі үрлемелі аспаптарының бірі болып саналады. Мұны меңгеру шеберліктің биігін талап етеді, сондықтан сыбызғышылар саусақпен санарлықтай сирек болғанын өнер тарихынан өте жақсы біліеміз. Бабамыздың сыбызғышылық өнері онықазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі ретінде өз есімін мәдениет тарихында айшықтай қалдырды. Сәлмен, Абақтан бастау алатын Алтай сыбызғы мектебінің дәстүрін жалғап, күй шығарды. Оның орындаушылық өнері халықтың рухани болмысын байытты.

Алтай сыбызғы мектебінде Жылқышы бидің қолтаңбасы ерекше. Оның күйлері көбіне тарихи оқиғаларға, елдің тағдырына және табиғатпен үндестікке құрылады. Жылқышы сыбызғыны кәдімгідей шебер меңгеріп, өзіндік мектеп қалыптастырды. Оның бірнеше күйі халық жадында сақталған еді әңгімемізді солардың төңірегіне ойыстырайық.

«Әттең, Сары бел» күйінің тарихын сөз етер болсақ. Өзі баққан жылқыны ұрламақ болған ұрыларға арналған күй. Ел аузындағы аңыз бойынша, сыбызғының сиқырлы әуені жан-жануарларды да бағындырып, ұрылардың қолынан жылқыны арашалап қалған екен.

«Қайран, Бәтекен» атты күйі 1866 жылы қаза тапқан Бәтекен батырды күй тілімен жоқтауы болып саналады. «Арманда кеткен Дайрабай» күйінен Қобда бетке жер шалу кезінде оққа ұшқан серігі Дайрабайға деген сағынышының сазы сезіледі. 

Жылқышы Ақтайұлы — тек ел билеген Үкірдай ғана емес, сонымен бірге Алтайдың сыбызғылық мектебінің ірі өкілі, дәулескер күйші ретінде тарихқа енген тұлға. Оның өнері мен өмірі ажырамас тұтастықта қабылданады, себебі ол өзінің саяси шешімдерін де, жеке батырлығын да күй тілімен өрнектей білген.

Жылқышы Ақтайұлының бұдан сыбызғы күйлерін одан әрі сөз етер болсақ. «Жылқышының толғауы» күйінен — автордың ішкі толғанысы, ел басқарудағы жауапкершілігі мен өткен күнге деген рефлексиясы танылады. Күйде сабырлылық пен терең философия басым болып келеді. Ал, «Қобда бетіне көшу» күйінде қазақтардың Алтайдан Қобдаға алғаш қоныс аудару сәтіндегі қиындықты, жаңа қонысқа деген үміт пен туған жерді қимастық сезімін жеткізетін тарих толқыны атойлайды.

«Ақтайдың ақ иығы» күйі болса, әкесі Ақтай мен оның айналасындағы батырлық рухты дәріптейтін, динамикалы, ширақ орындалатын шығарма болып табылады. Өз кезегінде «Алтай толқыны» күйінің бойынан табиғат суреті арқылы халықтың еркін өмірін сипаттайтын классикалық сыбызғы сарыны жібек желдей еседі.

Жылқышы бидің күйлері бізге белгілі атақты сыбызғышылар Шеруші Баби ақсақал мен Шаймұрат сияқты өнерпаздар арқылы жетті. Оның күйлерінде «қос дыбысты» (көмейден дыбыс шығару) орындау техникасы кеңінен қолданылады.

Халық арасында әлі күнге дейін: «Жылқышы бидің тартқан күйі еді, аңызы мынау», – дейтін күйшілер баршылық. 2012 жылы белгілі сыбызғышы Құсман Мақмырзаұлы Жылқышының «Әттең, Сары бел» күйін радиоға арнайы жаздырып, бұл мұраны атажұртқа жеткізуге зорүлес қосты.

Жылқышы бидің сыбызғышылық мұрасы музыка зерттеушілерінің назарынан тыс қалған жоқ. Қазақтың көне музыкалық аспаптарын зерттеуші Болат Сарыбаев: Ол Алтай-Қобда өңіріндегі сыбызғы мектебін қарастырғанда Жылқышы бидің күйшілік мұрасына соқпай өтпейді. Дәулескер сыбызғышы Талап Сарбасұлы Жылқышы бидің күйлерін бүгінгі күнге жеткізуші әрі насихаттаушы болып саналады. Оның орындауындағы «Жылқышының толғауы» мен өзге де күйлер музыкалық антологияларға енді.

Бабамыздың сыбызғышылық мұрасы — бүгінгі таңда ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Алтай сыбызғы өнерінің алтын діңгегіне айналды.

Ел есінде «сегіз қырлы, бір сырлы» қазақы аристократияның жарқын үлгісі болып саналады Жылқышы Ақтайұлының айырықша бір өнері – шаңғышылық.

    Алтайдың қалың қары мен биік жоталарында шаңғы тебу өнерін жетік меңгеруі — оның тау жағдайындағы әскери-тактикалық дайындығының белгісі ретінде танылады. Жылқышы бидің «шаңғышы» болғаны туралы деректер оның Алтайдың қарлы шыңдарында аң аулаудағы мергендігімен байланысты айтылады. Бір аңызда оның тау етегінен құлдилап келе жатқанда, шаңғысымен қар үстіндегі қоянды тірілей ұстап алғаны баяндалады. Бұл оның ептілігі мен мергендігінің нышанын аңғартып тұрады.

Сөз соңында бабамыз жайлы шежірелік және архивтік деректерді қозғамақпыз. Қытай архивтеріне қатысты сөз етер болсақ, Шыңжаң өлкесі мен Пекин архивтерінде Жылқышы биге берілген Үкірдайлық шен мен ресми хат-хабарлардың сақталғаны туралы деректер бар.

Ал, қазақтың шежіре зерттеушілері тарапына келер болсақ, онда Керей шеруші руының шежіресін жинақтаушы белгілі журналист, жазушы, зерттеуші, шежіреші Асылбек Байтанұлы “Жылқышының ата-тегі мен оның ұрпағын” толық таратып жазды.  

Ескерту: Жылқышы Ақтайұлы туралы көптеген құнды деректер әлі де Қытай (Шыңжаң) және Моңғолия архивтерінде қолжазба күйінде сақтаулы. Олардың толық нұсқалары көбіне ғылыми диссертациялар мен тар шеңбердегі жинақтарда ғана кездеседі.

Жылқышы Ақтайұлы мен оның дәуіріне қатысты ғылыми еңбектердің көпшілігі — архивтік жинақтар, монографиялар және академиялық басылымдар болып табылады.

Жылқышы Ақтайұлы туралы деректерді зерттеуде қазіргі тарихшылар мен өнерпаздар (мысалы, белгілі сыбызғышы Талап Сарбасұлы) үлкен еңбек сіңіру үстінде. Оның 200 жылдық мерейтойы аясында бұл аңыздар мен күйлер қайта жаңғырып, ұлттық кодтың маңызды бөлшегіне айналып отыр.

Кең байтақ қазақ өнерінің, рухының, зердесінің біртұтас көрінісіндей тұлға. Оның әр қыры – бір алып бітім. Ерлік пен даналықтың, өнер мен батырлықтың мәңгі бірлігінің үлгісі. Бүгінгі және ертеңгі ұрпақ оның есімін рухани қазына ретінде ұлықтап, биік тұтпақ. Оның есімімен аталатын «Жылқышы асуы» мен «Жылқышы хүрэн» ғасырлар бойы оның ерлігін, даналығын, өнерін дәріптейтін тірі ескерткіштер болып қала бермек.

Мемлекетшілдік тұлғасына қатысты барлық зерттеушілер Жылқышы биді тек ру басы емес, аймақтық деңгейдегі ірі саясаткер ретінде бағалайды. Мәдениет саласының өкілдері оның «батыр-би-күйші» ретіндегі синтездік тұлғасы қазақтың аристократиялық мектебінің классикалық үлгісі ретінде қарастырады. Саясаттанушы ғалымдар болса, оның қоныс аудару стратегиясы қазіргі Баян-Өлгий аймағының қазақы бет-бейнесін қалыптастырған негізгі фактор деп таниды.

Биылғы 200 жылдық мерейтой аясында Жылқышы Ақтайұлы туралы жаңа монографиялар мен ғылыми жинақтар, көркем, танымдық шығармалар жарық көреді деп күтілуде, бұл тұлғатану саласын жаңа деректермен толықтыра түспек. 

Дереккөздер:
Жылқышы Ақтайұлының сыбызғышылық өнері туралы // e-history.kz
Жылқышы Ақтайұлы // Уикипедия
Жылқышы Ақтайұлы // nabrk.kz
Шеруші // Уикипедия
«Жұлдыз қыздың дауы» немесе «шеруші-жәдік соғысы»
Алтай қазақтарының қоныс жөткеу тарихы
Ақтай дарасы: аңыз бен шындық // e-history.kz
Киікбай батыр // e-history.kz
1. Негізгі ғылыми еңбектер мен кітаптар
Зардыхан Қинаятұлы. «Жылаған жылдар шежіресі» (2001) және «Моңғолиядағы қазақтар» (2007).
Бұл еңбектерде Жылқышы бидің Үкірдайлық қызметі, моңғол билеушілерімен дипломатиялық қарым-қатынасы ғылыми тұрғыда жан-жақты талданған.
Ислам Қабышұлы. «Моңғолиядағы қазақ халқының тарихы» (1997).
Қобда бетіне қоныстану хронологиясы мен Жылқышы биден бастап Мұса гүнге дейінгі билік жүйесі баяндалған іргелі еңбек.
Г.Е. Грумм-Гржимайло. «Западная Монголия и Урянхайский край» (1914–1930).
XIX ғасырдың соңындағы қазақтардың этнографиясы мен әлеуметтік құрылымы туралы ең алғашқы ресейлік ғылыми дереккөздердің бірі. (Орыс тілінде).

«Алтай-Қобда қазақтарының сыбызғы күйлері» (Музыкалық антология).

Бұл жинақта Жылқышы Ақтайұлының күйлері мен олардың ноталық нұсқалары, шығу тарихы берілген.

Асылбек Байтанұлы Жылқышы Ақтайұлының сыбызғышылық өнері туралы
2. Электронды ресурстар мен мақалаларға сілтемелер                                                                                                                                                                      1. Қазақстанның Ұлттық Электрондық Кітапханасы (KazNEB):
kazneb.kz сайтынан «Зардыхан Қинаятұлы» немесе «Моңғолия қазақтары» деп іздеу арқылы жоғарыда аталған кітаптардың цифрлық нұсқасын табуға болады.
2. «Ана тілі» және «Егемен Қазақстан» газеттерінің мұрағаты:
Бұл басылымдарда Жылқышы бидің 200 жылдығына орай жарияланған Ахмет Отарбаевтың және басқа да тарихшылардың публицистикалық-ғылыми мақалалары бар.
3. National Digital History (e-history.kz):
e-history.kz порталында «Керейлердің Қобдабетіне көшуі» атты тарихи очерктерде Жылқышыбидің рөлі туралы деректер жинақталған.
3. Сыбызғы күйлеріне сілтеме (Видео/Аудио)
Жылқышы бидің күйлерінің орындалуын YouTube платформасындағы келесі арналардантыңдауға болады:

Талап Сарбасұлының орындаулары: «Жылқышының толғауы» күйі Алтай сыбызғы мектебінің эталоны ретінде көптеген өнерпорталдарында жүктелген. 

Leave a Reply