«ТІЛ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ»: СЕМЕЙДЕ ҚАЛАЛЫҚ ОҚУШЫЛАР АЙТЫСЫ ӨТТІ
«ТІЛ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ»: СЕМЕЙДЕ ҚАЛАЛЫҚ ОҚУШЫЛАР АЙТЫСЫ ӨТТІ
2026 жылғы 24 қыркүйек күні Семей қаласындағы №38 мектеп-лицейінде Тілдер айлығы аясында «Тіл – татулық тірегі» атты қалалық оқушылар айтысы өтті.
Ұлттық өнерді ұлықтаған айтысқа қаланың әр білім беру ұйымынан келген жас өнерпаздар қатысып, өз мектептерінің намысын қорғады. Сахна төріне көтерілген жас ақындар суырыпсалмалық қабілеттерін танытып, сөз өнеріндегі шеберліктерін ортаға салды.
Айтыстың басты мақсаты – ұлттық сөз өнерін дәріптеу, жас ақындардың шығармашылық қабілетін шыңдау, қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру және талантты оқушыларға қолдау көрсету.
Сөз сайысының тізгінін Семей қаласындағы №38 мектеп-лицейінің «Жебе» жас ақындар-әдеби үйірмесінің жетекшісі Медет Рақымбаев ұстады.
Жас айтыскерлердің өнеріне ҚР Мәдениет қайраткері, «Халықтық ақындар орталығының» жетекші-ұстазы Дәмеш Омарбаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын, ұстаз, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының Абай облыстық филиалының төрағасы Дәулет Сметов, сондай-ақ айтыскер ақын, республикалық «Assyl Dombyra – 2023» айтысының иегері Айбек Жеңісқазин әділ төрелік етті.
Айтыс барысында жас өнерпаздар өздерінің ақындық қарымын көрсетіп, ой ұшқырлығы мен сөз тапқырлығын, суырыпсалмалық шеберлігін паш етті. Шарада жергілікті өнерпаздардың әсем әндері де шырқалып, ұлттық өнермен өрнектелген мазмұнды кешке ұласты.
Айтыстың қорытындысы бойынша:
Бас жүлде – Қайырғазинов Қайырлы, №38 мектеп-лицейінің оқушысы, облыстық айтыстардың жеңімпазы.
I орын – Асубаев Назар, «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназия»;
II орын – Аманкелдинов Нұрсұлтан, №51 мектеп;
II орын – Барлыбай Мадина, №50 мектеп;
III орын – Сейсен Сара, №45 мектеп;
III орын – Аманбекова Сабина, «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназия»;
III орын – Түсіпова Ажар, №48 мектеп.
Барлық қатысушылар дипломдармен марапатталып, жас айтыскерлерді дайындаған жетекшілерге Алғыс хаттар табысталды.
Ұлттық сөз өнерін ұлықтаған «Тіл – татулық тірегі» қалалық оқушылар айтысы – жас таланттардың басын қосып, олардың шығармашылық ізденісіне серпін берген тағылымды шара болды.
Жас ақындардың әрбір жыры – ана тіліне деген құрметтің, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Сөз өнерін серік еткен жас дарындардың шығармашылық жолы жалғасын таба берсін!
Журналист – Асқар Бектұрған
