АҚ БАНТИК 

 АҚ БАНТИК 

 (Әңгіме)

Мамыражай ауылдың  бұйығы тірлігінен алғаш рет ұзап шыққан бетім.  Қаптаған ию-қию адам, зуылдаған машина үніне, қаланың абыр-сабыр өміріне бой үйрете алмай, өзімді ыңғайсыз сезініп жүрмін.

Сағат бес болыпты. Ауылдағылар бестің шайына отырды. Бүгін бейсенбі анам құрт қайнатқан шығар, ертең нан салады. Бұзаулары еміп қойып, бауырларым таяқ жеп жүрген жоқ па екен? Әкем шөп түсіріп алды ма екен? Ауылымды сағынып жүрмін…

Қала біртүрлі қатігез, өгейлік танытатын сияқты. Қаланың қым-қуыт тірлігіне аздап бейімделе бастадым, адамдарын да дүкенін де ауылмен салыстыра беремін. Өз-өзімен болып, бүгін дүкен аралауға бірінші рет шықтым.

  • Ажар, сенбісің? Қандай әдемі қыз болып өсіп кеткенсің? Кезінде қуыршақпен ойнап жүрген кішкентай қыз едің. Тіпті, танымай қалдым ғой.

Сары келіншектің  секпіл беті мен шүңірейген көкшіл көздері таныс.

– Айжан апайсыз ба?

– Амансыз ба? Сіз де осында тұрасыз ба?

         – Иә, жақында көшіп келдік.

         – Өзің студент шығарсың? Оқымысты қыз едің. Грантқа түскен боларсың?

         – Иә, филологияға түстім.

         – Қандай күшті, қызығамын жастарға. Біз ерте байға жастан тиіп оқусыз қалдық.

Жас күнінде бойшаң еді. Кеудесін керіп екі бөксесін бұлғаңдатып екі жаққа теңселтіп жүретіні көз алдыма келді. Өзгеріпті. Қыз күніндегі белі мен мүсіннің белгісі де қалмапты. Денесі толысып, бүкірейіп қалғанға ұқсайды. Көрші қыздың секпіл беті мен көк көзі ауылдағы алаңсыз күндердің естелігін ойға салды. Қасында кішкентай қызы бар. Мектеп бітіре салысымен күйеуге тиіп кетіпті деп ауылдың шулап жүргенін құлағым шалғаны бар. Алтылар шамасындағы қызы да өзі сияқты шикі сары, секпіл бет екен. Кішкентай сары қыздың ақ бантигіне көзім түскені сол-ақ еді, баяғыда ұмыт болған оқиға санамда жылтың қақты.

Қысы-жазы басынан ақ бантигімді тастамайтын балалық әдетім бар. Жазғы демалыс кезінде  қыдыруға шықсақ та бір сәт бантигімді шешпейтінмін.

– Ажар, қазір каникул. Сен бантикті мектепке барғанда тағасың. Көшеге бантиксіз де бара беруге болады, – дегенге көнетін Ажар бар ма? Қырсықтығымнан  көзімнен моншақтар домалай бастаған соң, еріксіз ырқыма көнетін. Өткенде моншаға бару үшін де ақ бантигін тағып барған соң енді не дейсің? Басыма гүлдеп ақ бантигі тағылса, өзіме деген сенімім жоғарылай түсетіндей сезінетінмін.  

Бірде жаңа жыл алдында қызық болды. Жаңа жылдық шырша қойылымына бір ай дайындалдық. Менің еншіме Ақшақардың рөлі тиді. Қаладағы апайым арнайы шырша қойылымына тағасың деп аппақ атласқа ұқсас матадан жып-жылтыр бантик беріп жібергенде қуаныштан төбесі көкке екі елі жетпей қуанып жүрдім. Күнделікті сабаққа тағуға қимай, жаңа жылдық шыршаға деп сақтап қойдым. Күнде жатар алдында ақша қардай аппақ бантигімді бір сипалаймын да анамның сандығына бипаздап салып қоямын. Ақшақардың көйлегімен ақ бантигімнің үйлесімін елестетіп ұйқыға бататынмын. Ондай бантикті сыныпта әлі ешкім таққан жоқ. Бірінші болып өзім тағатыныма мақтаныш сезімі де кеудемді кернейтін.

Жексенбінің кешінде жаңа жылдық қойылымға арналған киімдерін үтіктеу басталды. Сары майдай сақтап жүрген жап-жаңа бантигімді үтіктеуге бердім. Осы кезде көрші қыз Айжан да киімдерін үтіктеуге келе қалмасы бар ма? Қылтың-сылтыңы көп көк көз сары қызды анам да қатты жақтырмайды. Қас пен көздің арасында әлгі бантик ғайып болды да кетті. Бүкіл үй іші шарқ ұрып, үйді ақтарып-төңкеріп, бантик іздеумен болдық. Өмірде көз алдыңа қойған затты таппай сандалып, жоқ іздеген қандай жаман еді. Табылмады. Әп-сәтте ақ бантик көзден бұлбұл ұшты. Ал отыра қалып өкірдім, ішім ашып барады. Бірде бір рет тақпай әдейілеп шыршаға арнаған бантигім қайда?  Қалайша көз алдындағы зат ізім қайым жоғалып кетеді. Үйдегілердің бәрі қайран қалды. Ал керек болса, отыра қалып боздаймын.

 Амалсыздан барымен базары деп ескі бантигін тағып, ертесіндегі қойылымға бардым. Әртістік қабілет нағашыларымнан келген, өзіме берілген рөлді тақылдатып орындап шықтым. Жетістігіммен өнеріне шаттанып қайтқалы жатқаным сол еді, дәлізден көрші Айжанды сыныптас қыздарымен көзім шалып қалды.

Айжан 11 – сыныпта оқиды, бойшаң тырбиған арық, көзі көкшіл ішіне кіріп шүңірейіп тұрады, өзі сап-сары, түрі онша қазаққа ұқсамайды. Бала болсам да  «осы Айжанның түрі неге басқаша екен?» деп ойлайтын. Біздің ауылда өзге ұлт өкілі мүлдем жоқ. Бәріміз қара қазақпыз. Кейбір үйлерде өң бастары өзгешелеу: көздері көк, қоңқы мұрын, шикі сары балалар табылып қалады. Өткенде М.Мағауиннің «Бір атаның балаларын» оқып отырып, шынымен де Айжан да Ахмет сияқты өзгешелеу иә деп топшыладым. Бір топ қыздардың ішінен кетіп бара жатқан Айжанның қара көйлегінің сыртынан, қылдай беліне қапсыра байлап алған ақ бантигі көзіме оттай басылды.

– Бантигім! – деп айқай салдым.

– Әкел, бантигімді.

– Кеше сен ұрлап кетіпсің ғой! – деді бүкіл дәлізді басына көшірдім.

– Ұрлықшы, мен сені мамама айтам! – деп арамдыққа жаным шыдамастан еңірей жөнелдім.

Дәліздегілердің екі көзі бізде. Бәрі аң-таң. Ауыл мектебінің кіп-кішкентай  дәлізі азан-қазан болды да қалды. Мұғалімдер бөлмесінен тәрбие меңгерушісі жүгіріп жеткенше, Айжан ләм-мим деместен зып берді.  Сыныптас қыздары Айжанның қолының жымысқысы бар екенін растап, пыш-пыш етті. Көзімнің жасын көл қылып кешегі үйдегі оқиғаның бәрін тәрбие ісінің меңгерушісіне жырдай қылып айтып жатырмын. Аяқ астынан шыққан айқайдан хабардар болған Айжанның сынып жетекшісі де ашуға мініп іле-шала жетті. Кабинетке шақырып жазасын бермек болып, Айжанды іздеді. Сыныптастары жан-жаққа жүгіре жөнелді. Мектептің қуыс-қуысын, бұрыш-бұрышын шарлап шықты. Айжан жоқ.

Үйге кіре салысымен әлгі буырқанған ашудың ыстық буымен анама шағымдана бастадым. Анам сабырлы күйімен мені тыңдап алды да: 

  • Кеше ішім сезіп еді. Бір бантик үшін көршіммен бет жыртыспақпын ба? Өз ұяттарына қалдырайық, – деп қазанның аузын жауып қойды. Жұдырықтай жүрегім ұрлықпен алғаш рет бетпе бет келіп, мына өмірде «ұрлық» деген айланың бар екенін түсіне алмай бұлқынып жатыр. Анамның қызының жоғын іздемей, үнсіз қалғанына одан сайын ашуланып, бұртиып жүрдім.

Бантик оқиғасынан соң Айжан үйге мүлдем жоламай кетті. Бірақ менің санамда түрлі сауалдар пайда болды. «Біреудің затын рұқсатсыз алуға болмайды» деп әрдайым анамның, одан қала бере әпкелерімнің құлағыма құятын ақылы ше? Айжанның анасы ондай айтпай ма екен? Айтса неге Айжан бұл адалдықтың  ақ жібін үзеді екен? Анам неге ақ бантикті дауламай үндемей қалды? Айжанның анасы үйге келсе шайын беріп, ештеңе болмағандай беймарал әңгімелесе беретіні қалай? Бала көңілім сол күйі жұмбақтың жауабын таппады.

Кенет бір әйел келіп, Айжанның сөмкесін жұлқылай жөнелді.

  • Сен екенсің ғой. Ұрлап кеткен. Ұрлықшы! Қырық сөмкені қарап-қарап алмаймын деп кетіп қалғаның сол еді, біреуін жымқырып кетіпсің ғой. Қазір мен сені милицияға беремін. Көрсетейін мен саған ұрлықтың қалай болатынын деп! – екі аяғын бір етікке тықты.

Табан астында шыққан шудан сары қыздың жүрегі ұшып кетті.

  • Мама, тез кетейікші! Сені тағы да милиция ағай алып кетеді – деп бала шырылдай бастады. – Мама, кетейікші!

Айжан балаша төмен қарап, жаутаңдап жасып қалды. Жалтақтап жан-жағына қараған Айжанды қатты аяп кеттім.

  • Кешіріңіз, байқамай алып кетіппін. Қалай алғанымды өзім де білмеймін, – деп сөмкені иесіне қайтарып берді. Саудагер әйел де осал емес екен, қарғанып сіленіп кері қайтты.

Айжанның өзін қоярға жер таппай ұяттан өртеніп бара жатқан шарасыз күйін көріп,  жаным ашып кетті. Айжан іле-шала менімен қоштастпастан қызын жетектеді де, тұра жөнелді.  Бір ауыз жылы сөз айтып жұбатқым келді.

Бала күнгі ақ бантиктің сырын енді таптым. Айжан клиптоманиямен ауырады екен ғой. Қаршадай қызының «Мама, тағы да милиция алып кетпесінші!» деп шырылдаған дауысы құлағымнан кетер емес…

Айжанның не жазығы бар. Ол жақсы адам ғой. Айжаннан кешірім сұрағым келді…                                 

Жазушы Арайлым Бекбосынова

                                        

Leave a Reply