
Қабырғалы қазақ елінің тәуелсіздігі өмірге қайта әкелген құнарлы өнімнің бірі – «Абай» журналы. Бабалар жолымен бағамдасақ, тегіне қарап – тереңіне үңілетін, беделін көріп – берерін бездендейтін берекелі алаштың ұрпағымыз. Сондықтан бұл басылым тақырға түскен дән, адырға біткен «арам шөп» емес. Арғы тамыры ұлтымыздың ұлы перзенттері Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов тұсауын кесіп, 1918 жылы Семей топырағында тұңғыш қадамын бастырған ақыл-ойдың құймасы болатын. Амал қанша, бар-жоғы бір жылға жетер-жетпес уақытта солақай саясаттың құрбандығына шалынды. Жолын қиды, жонына таспа тілді. Оны бүгін ашық айта аламыз.
Сол 1918 жылғы алғашқы басылымдағы «Журнал туралы» кіріспе сөзінің соңын Жүсіпбек Аймауытов былай түйіндейді: «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді. Қалай бітіргенінен емес» деп Абай айтқандайын, талабым-таяғым, жігерім-азығым, маңдайыма ұстаған ақын Абай – қазығым деп үмітпен шығарып отыр». («Абай» журналы, 1918 ж. №1)
Алаш арасының сөз астарына үңілсек, «Қалай бітіргенінен емес» деген емеурінмен-ақ ертеңгі күннің бұлыңғыр болатынын ескерткен сияқты. Алматының төрінде тұрған ұлы ақын атындағы кітапхананың сирек қорлар бөлімінде сақталған журнал тігінділерін парақтасақ, оған көзіміз жете түседі. Елім – ертеңім, ұлтым – ұлысым, ұрпағым – тынысым, жерім – ырысым деп жүрек соқтырып тұрған талай жазбаның тамырын басамыз. Сондықтан иен даламызға иелік етіп, Еуропаның озық жұртымен терезе теңейік деген негізде жазылған көптеген мақалалардың маңдай түйістіргенін көреміз. Оған жету үшін – білім, ғылым керек, сол білім, ғылымның басы – Абай екенін алдыға сала отырып, сара жол нұсқайды. Керегесін кеңейтіп, түңілігін түргенде алаштың түтіні түзу ұшсын деген тілеуқор сарында жазылған сандаған материалдар, бәрін бір тарының қауызына сыйдырмақ болған кеңеске қайдан ұнай қойсын.
Араға 73 жыл салып, «қайта туған төлбасы, үзілген сөздің жалғасы» («Абай» журналы, 1992 ж. №1) болып, алдарыңыздағы «Абай» журналы еркін дүние есігін ашты. Нұрлы шуаққа шомыла отырып, құбыламыз – Абай, темірқазығымыз – Мұхтар болып, солар салған соқпақты жалғастырып келеміз. Дәл осы тұста қадап айтар бір жай – қазақ елі тәуелсіздік туын көтерген алғашқы жылдары ішімізден де, сыртымыздан да сынай қарап, сенімсіздікпен көз алартқандар аз болған жоқ. Сондықтан:
«Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі – бос» –
деген ұлы ақын өсиетін басылымның маңдайына жазып, өз ауыз бірлігімізді сақтауға шақырдық. Арғы тегімізге тартып, алдымен Абайтану, мұнан кейін халқымыздың тарихы мен тағдарына қатысты материалдарды үзбей жариялап тұру дәстүрге айналды.
