“ЖАРЫҚ” АТТЫ ЖЫР-ЖИНАҚТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
“ЖАРЫҚ” АТТЫ ЖЫР-ЖИНАҚТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
Бүгінгі әдебиеттегі жастар шоғырының қалыптасып, танылуы жолында өзіндік қолтаңбасымен дараланып келе жатқан жас толқынның қадамына Арқа жұрты тағы бір мәрте куә болды. Сарыарқа топырағы – қазақ поэзиясының қасиетті қарашаңырағы, қаулап өскен қалың өркеннің алтын бесігі. Арқадан қанат қаққан ақын-жазушылардың әрқайсысы бүгінде өз биігінде. Аға буын салған дара жолды бұл күнде өлеңге ғашық жас толқын да лайықты жалғап келеді. Күздің қара суығы мен мінезін бойына сіңірген Сарыарқаның төрі бүгін ерекше бір әсем сарынға, сырлы үнге бөленді. Өлеңнің өрісін кеңейтіп, сөз өнеріне жаңа серпін әкелген жас ақын, журналистика кафедрасының 3-курс студенті Нұрасыл Аманжолдың тұңғыш жыр жинағы “Жарық” атты кітабының тұсауы кесілді. Қара шаңырақтан қанат қаққан бұл жинақ – қос бірдей таланттың қолтаңбасынан туған дүние. Кітапта бұрыннан қалам тартып жүрген, университетіміздің түлегі Нұрдәулет Бақытұлының да өрнекті жолдары қатар өрілген.
Сөз қадірін түсінер ақын-жазушылар да бұл жинақтың әдеби ортаға әкелген жаңалығын ерекше ілтипатпен атап өтті. Сөз өнеріне қадам басқан жас тарланның бұл қуанышына қазақтың маңдайалды қаламгерлері жүрекжарды тілегін арнап, ақ батасын берді. Солардың бірі белгілі ақын, жазушы Қадырсұлтан Нүсіпхан: “Нұрасылдың “Жарық” атты тұңғыш жыр-жинағы, тұңғыш сәбиі дейікші, дүниеге келіп жатыр екен. Бек қуаныштымын. Пайғамбарымыздың хадисінде келтірілгендей, сәби өмірге келсе, азан шақырып жақсы есім қойыңдар деген. Осы кітапқа кішкентай сәбидей “Жарық” деген керемет есімі қойылғаны да қуантып жатыр. Нұрасылдың өлеңіндегі құрылымы, айтар ойы, ұйқасы – барлығы мені тәнті етті. Жас ақын болса да, жақсы ақындардың қатарынан көріне алатындығы қуантты. Әсіресе, өлеңнің ішінде ұлттың жоғын жоқтаушы, ұлы Мұхтар Мағауин рухына арналған “Мұхит” атты өлеңі қандай… тереңдікке, сүйіспеншілікке, сағынышқа толы! Сонымен қатар, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ұландары, Қайрат туралы жазған “Көктайғақ” тақырыбындағы өлеңдері де адамның жан жүрегін солқылдатып, ой салып әкетеді екен. “Жарық” — әрбір оқырманның санасына сәуле түсіреріне, қараңғы түнекте адасқандарға жол сілтейтін жинақ екеніне күмәнім жоқ. Нұрасыл — арқаның ғана ақыны емес, арда Алаш жұртының ақыны”, — деп ықыласын білдірді.
Республикалық «ABAI» журналының ғылыми-әдеби қызметкері Ерік Омарғали: “Осы жылдың алғашқы көктем айында республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем “ABAI” журналында жарияланған қарағандылық дарынды жас ақын Нұрасыл Аманжолдың шағын топтама өлеңдерімен танысқан болатынмын. Мұндағы байқағаным – жас ақынның басты бір ерекшелігі дәстүрлі поэтикалық ойлауды тың метафоралармен ұштастырып, абстрактілі ұғымдарды өзіндік бейнелер арқылы жеткізуінде. “Аспан”, “Ғарышкер”, “Өмір үйің” өлеңдерінде кеңістікті адам жанының көркемдік баламасына айналдыра білген. Нұрасылдың өмір мен өлең жолы дәйім дараланып, қазақ поэзиясынан өз орнын табуына шын ағалық жүректен тілектеспін!”,-деп пайымын ортаға салды.
Сарыарқаның самалындай эстетикалық әсем жырларымен оқырман жүрегін жаулаған Нұрасыл Аманжолдың бұл қадамы – ұлы жолдың басы ғана. Алдыңғы толқын ағалардың жолын жалғап, бүкіл Алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын ұлтжанды, терең ойлы нағыз ақын атанғайсың! Қаламың қарымды, қадамың әрдайым адымды болсын, жас қаламгер!
