«КЕЛЕШЕККЕ КІТАППЕН»

Жұмабақыт Толышқызы Рахметова,
Ардагер ұстаз, Жарма ауданының Құрметті азаматы,
ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР «Ерен еңбегі үшін»,
«Білім саласын дамытудағы қосқан үлесі үшін»,
«Жарма ауданына сіңірген еңбегі үшін» медальдерінің иегері 

«КЕЛЕШЕККЕ КІТАППЕН»

Шерхандайын атақты,

Жазушы біздің ағамыз.

«Мәдениеттің мәйегі», – деп,

Кітапты атапты.

            Иә, мәдениеттің де, білімнің де, өнердің де, өмірдің де мәйегі – кітап.

            Кітапты оқи отырып, көңіліңнің көкжиегі кеңейеді, көпті көресің, көп нәрсені білесің, ойыңа ілесің, танисың, танысасың, «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренесің», білімің молаяды, қабілетің зораяды.

            Ұзақ жыл ұстаздық ете жүріп, осы қағидаларды жеткіншектердің бойына сіңіруді мақсат еттім.

            Ол туралы бірнеше жыл бұрын «Кітап оқы» атты мынадай өлең жазған едім.

Кітапты сүйіп оқыған,

Ғұлама да, дана да.

Құштар болған кітапқа,

Білімқұмар бала да.

Оқысаң сүйіп кітапты,

Ол – өзіңе тым жақсы.

Оқығандар кітаптан,

Өзіне талай дос тапты.

Оқымаған кітапты,

Ойлауға болар тым тапшы.

Көп оқысаң – білерсің,

Не тәтті және не ащы.

Көргендей көзбен боласың,

Шаруашылық даласын.

Танып кейде аласың,

Өзге елдің баласын.

Аралайсың ауылды,

Кездесіп кейде дауылға.

Қар жаумайтын ел көріп,

Таңырқайсың жауынға.

Қолға алсаң кітапты,

Үзбей оқуға сен тырыс.

Оқыған жақсы кітапты,

Бөлмең болса, тым-тырыс.

Авторын да ұмытпа,

Есіңде сақтап ұлықта.

Болу үшін дәл солай,

Керек сана, құлықта.

Білім керек, балалар,

Қажеттің бәрі кітапта.

Сондықтан да әрдайым,

Құрмет көрсет КІТАПҚА.

            Шынымен кітап оқу деген керемет. Өз басым атақты «Абай жолы»  роман-эпопеясын 17 рет оқыдым, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясын 13 рет, жерлес жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдар» романын, «Махаббат жырлары» туындысын 5-6 рет, Қабдеш Жұмаділовтың «Соңғы көш» романын да бірнеше рет оқыдым, әр оқыған сайын тосын, тың жаңалықтарға тап болдым.

            Жас кезімде кітаптағы қыздарға еліктесем, тұрмыс құрған соң келін- кепшіктің әдемі қылықтарын, онан соң аналардың ақыл-парасатын, әжелердің әдемі, әсерлі әңгімелері мен пайымды қылықтарын бойға сіңіруге тырыстым, әрине, бір кітап – тұтас бір өмірді бейнелейтіндіктен кейіпкерлер де әр түрлі, жақсысына еліктейсің, ұнамдысын аласың, ұнамсызды да кейде ақтап алуға тырысып, астарынан адалдық іздейсің, кейде өмірдің бұралаң жолын түзегің де келіп кетеді.

            2000 жылдардың басында туған өлкесіне халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов келіп, көпшілікпен кездесті, мен ол кезде жап-жас екенмін (45 – жас) аудан орталығы Қалбатауға 30 шақырым жердегі Сұлусары ауылынан келдім, «Махаббат күші – мол қуат» атты арнау оқыдым, арнауды оқырдың алдында жазушы ағаның өз шығармалары арқылы жастарға үлкен тәрбие бергеніне тоқталып, сол кездегі қыздардың Меңтайдан, жігіттердің Ерболдан көп үлгі алғаны үшін алғыс айттым. Жазушы орнынан тұрып келіп, қолымды алып, 80-ге тақаса да, сөзі де тың, өзі де тың ширақ болатын, мәнерімен, әуезді риза көңілді дауысымен «Біздің кезімізде қыздар орта бойлы болушы еді, маңдайыңнан иіскейін десем, бойым жетпейді екен», – деді, мен, «Аға, мен сіздің алдыңызда иілемін», – деп, басымды идім, бұл екі түрлі мағынадағы иілу еді… Жазушы маңдайымнан иіскеп, алғысын айтты. Сол жылы жазушының 10 томдық кітабы да сатылып, әп-сәтте өтіп кетті. Міне, кітапқа деген құрмет. 

            Кейінгі кезде техника дамыған заманда интернет басты бағыт болып, кітап құны төмендеп, оқу бағасы кеми бастады, сауатсыздық белең ала бастады, WhatsApp арқылы оқу, қатеге мән бермеу, алға жетелеу емес, кері кетіру…

Осындайда оқушыларға үнемі берер кеңесім төмендегідей: «Кітап оқу арқылы біліп қана қоймайсыңдар, көздерің қанығады, қалай жазуды, тыныс белгілерін қалай қоюды ережесіз-ақ түсіне бастайсыңдар, көздерің де тояды, көңілдерің де тояды», кітапты қолға ұстап оқудың өзі керемет қой, тілдерің де байиды, ойларың да байиды, үлгі-өнегені молынан аласыңдар, «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы», – деген мақалдың құны – өте жоғары.

“Кітап – досың серігің,

Керектің бәрін табасың.

Соларды жисаң бойыңа,

Адымдап аттай шабасың.

Құшағың жай керіле,

Ешқашан одан жеріме.

Білімді жи да бойыңа,

Еңбек ет туған жеріңе.”

Бұл – менің жастарға айтар ұраным мен құралым еді.

Міне, менің осындай ойларымның, үгіттерімнің сүйеніші мен сүйіншісіндей болып, биылғы жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жөніндегі» арнайы жарлық қабылданды. Бұл құжат – адами капиталды дамытуға, заманауи кітапханалар ашуға, Отандық әдебиетті қолдауға, сондай-ақ балалар мен жастар арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған және басты мақсат – «Зерделі ұлт» қалыптастыру.

Қуанышты жайттың бірі 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлықтың тағайындалуы. Қандай тамаша ынталандыру.

Кітап пен кітаптың құндылығын, оның қандай еңбекпен оқушының, кітапқұмар адамның қолына қалай жететінін бала кезден мемлекет басшысындай білетін жан жоқ болар.

Қазақтан шыққан тұңғыш детектив жазушы Кемел Тоқаевтың шығармалары бала кезде құныға оқыған шығармаларым болатын. Олар «Сарғабандағы оқиға», «Түнде атылған оқ» тағы да басқа сондай бір тылсымға тартып, бірден баурап алатын шығармалар.

Бір кезде байлықтың басы кітап болып саналып, ауылды жердегі адамдардың өзі кітап жинайтын. Кітап – қазына болып есептелетін. Көп үйлерде біздің бала кезімізде этажерка деген бұйымды ауыл шеберлері жасап, кітапты ерекше құрметпен жиятын, әсіресе мұғалімдердің үйлері. Кейіннен кітап шкафтары шықты. Кітапханашылар да кітапты алып, қайта тапсырғанда кітаптарды парақтап ашып тұрып, тексеріп алатын-ды. Міне, сондай заманға, кітапты құрметтейтін шаққа қайта жеткендейміз. Бұл – өте қуанышты жайт. Әрі әрбір қазақстандық оқитын 7 кітап ұсынылған. Олар: М.Әуезов «Абай жолы», Ә.Кекілбаев «Үркер», Қ.Жұмаділов «Тағдыр», Д.Исабеков «Қарғын», О.Бөкей «Ұйқым келмейді», С.Елубаев «Ақ боз үй», М.Мағауин «Аласапыран».

Осының бәрі біздің Жарма ауданының Мәдениет бөліміне  қарасты орталықтандырылған кітапхана жүйесінде сәтті жүзеге асуда.

14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау акциясы, 2 сәуір – Халықаралық балалар кітап күні, 23 сәуір – бұрын Дүниежүзілік кітап күні болып саналатын, былтырдан бері мемлекет басшысы Ұлттық кітап күні деген атаумен аталсын деп жариялады, биылғы жылдан бастап, кітапханашылар күні Ұлттық кітап күнімен ұштастырылды.

«Оқитын ұлт» – республикалық жоба аясында кітап апталықтары, kitap-taim фестивалі, зияткерлік ойындар, шолулар, танымдық сағаттар, кітап оқу марафоны, жергілікті ақын-жазушылардың кітабының тұсаукесерлері, шығармашылық кештер өткізіледі.

«Кітап – ғажайып әлем» тақырыбымен оқушылар үшін ертеңгіліктер, жұмбақтар шешу, кітап, білім, татулық, бірлік туралы мақалдар сайысы өткізіледі, тіпті біздің ауданымыздың «Ардагерлер кеңесіндегі» зейнеткерлер де жастар мен жасөспірімдерден, орта жастағы оқырман қауымнан қалыс қалмайды, мемлекет басшысының кітап оқу туралы бастамасын қолдап, «Кітаппен келешекке» деген үндеумен кітапхананың тұрақты қонақтары.

Бізің ауданымыздың ішкі істер бөлімінің қызметкерлері де кітап оқудың бір жақсы бастамасын жасауда. Көшеде мезгілсіз (түнгі уақыттарда) жүрген оқушыларға жаза ретінде кітапханаға барып кітап оқуды талап етеді және оны бақылауда ұстайды, кітапханашылар жазаланған оқушылардан кітап мазмұнын сұрап барып, ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне мәлімдеме жасайды.

XX ғасырдағы басты сыйлықтардың бірі – кітап еді, кітапты сыйға алғанда, сыйлықты ала тұрып, тамсана қарайтын жұрт сол кезеңді еске алып, сол заманға бет бұрғандай. Алтын уақыттың біраз бөлігін кітапқа бұрып, кітаппен өткізетіндей. Лайым солай болғай. 

Leave a Reply