ТІЛДІ ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ӘДІСТЕРІ: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТІЛДІ ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ӘДІСТЕРІ: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ 

10 қыркүйекте Талдықорған қаласындағы «Тіл сарайы» ғимаратында Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оны оқытудың тиімді әдістемелік тетіктерін жетілдіру және озық тәжірибелерді кеңінен тарату мақсатындағы ғылыми басқосуға еліміздің әр өңірінен тіл саласының ғалымдары, профессорлар, оқытушылар, ұстаздар мен әдіскерлер қатысты.

Абай облысының атынан Лингвистика орталығының әдіскері Лаура Серікболқызы және Абай облысы Бородулиха ауданының Мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының директоры Атаева Мейрамгүл Балабайқызы қатысып, республикалық деңгейдегі кәсіби пікір алмасуға өз үлестерін қосты.

Конференция барысында мемлекеттік тілдің қоғамдық қолданыс аясын кеңейту, тілдік тұлғаны қалыптастыру, қазақ тілін оқытудың заманауи әдістемесі, инновациялық технологияларды тиімді пайдалану және тіл үйрету сапасын арттыру мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Жиында ғылыми баяндамалар тыңдалып, тіл мамандары өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе қазақ тілін меңгертуде заманауи педагогикалық тәсілдерді қолдану, оқыту үдерісін жаңа технологиялармен ұштастыру, білім алушының тілдік дағдыларын дамыту және әдістемелік жұмыстың тиімділігін арттыру бағытындағы тәжірибелер назарға ұсынылды.

Республикалық ғылыми-практикалық конференция тіл саласындағы өзекті мәселелерді ортақ талқылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, әр өңірдегі мамандардың өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби байланыстарын нығайтуына және мемлекеттік тілді оқыту ісіндегі жаңа бағыттарды саралауына жол ашты.

Мұндай ғылыми-әдістемелік басқосулар тіл мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып, озық тәжірибелерді өңірлерде тиімді қолдануға және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған маңызды алаң болып табылады.

«Абай облысы Бородулиха ауданының
Мемлекеттік және басқа тілдерді
оқыту орталығының» басшысы
Атаева Мейрамгүл Балабайқызы

Leave a Reply