ҚАЛАМЫНА ҚАНАТ БІТКЕН ЖАС ДАРЫН
САРҚЫТ ЕРКЕЖАН – Семей қаласындағы «№50 жалпы орта білім беретін IT-мектеп-лицейінің» 10 «Б» сынып оқушысы.
Әдебиетке құштар жас дарын кітап оқып, өлең шығарып, әңгіме жазумен айналысады. Мектептегі «Сөз зергері» әдеби клубының белсенді мүшесі.
2026 жылы «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңінде «Жас қаламгер» бағыты бойынша III орын иеленді.
Құрметті әдебиетсүйер оқырман қауым, назарларыңызға жас қаламгердің алғашқы тырнақалды туындыларын ұсынамыз.
Қаламына қуат, шығармашылығына шалқар шабыт тілейміз!
ЖАҢБЫР АСТЫНДАҒЫ ОЙЛАР

ЖАҢБЫР АСТЫНДАҒЫ ОЙЛАР
Күннің соңғы сәулесі бұлт арасынан үзіліп түсіп тұрды. Мектеп ауласынан асықпай шыққан Еркін сөмкесін иығына асып, үйіне беттеді. Аспанның түсі бір сәтте өзгеріп, сұрғылт бұлттар көкжиекті жаулап алды. Ауада жаңбыр иісі сезіледі – топырақтың иісі мен көктем лебінің араласқан жұмбақ хош иіс.
Кенет көк күңіреніп, алыстан найзағайдың сарыны естілді. Алғашқы тамшы Еркіннің алақанына түсті. Сәлден соң аспан толқып кеткендей, ұсақ тамшылар жерге тырс-тырс соғыла бастады. Көшедегі адамдар абыр-сабыр болып, қолшатырларын ашып, бас сауғалап жатты. Ал Еркін асыққан жоқ. Ол жаңбыр астында жүріп келе жатып, табиғаттың үнін тыңдағысы келді.
Жердің иісімен араласқан жаңбырдың салқыны жүзіне тиіп, бойын ерекше тыныштық биледі. Сол сәтте бәрі – мектептің у-шуы да, қаладағы дыбыс та – алыстап кеткендей. Табиғат қана сөйлеп тұрғандай еді.
Еркін үйге келген соң, сөмкесін орнына қойып, бөлмесіне кірді. Сыртта жаңбыр үні тоқтаусыз естіледі – бірде баяу, бірде екпіндей соғып кітап оқуға ерекше тыныштық сыйлағандай.
Үстелге жайғасып, сүйікті кітабын қолына алды. Бірақ әр жолын оқыған сайын ойы бөлініп, жаңбыр үніне құлақ түре берді. Терезеге көз салғанда, әлем мүлде басқа кейіпке енгендей көрінді. Көшеде адамдар сиреп, ағаштар иіліп тұр, ал аспаннан үздіксіз аққан тамшылар жерді жылытып, табиғатты тазалап жатқандай. Сол сәтте Еркіннің ойы тереңге кетіп, өмір жайлы ойланып бастады.
- Адам да осы жаңбыр секілді ғой, – деді іштей, – кейде күліп, кейде жылайды. Бірақ әрбір тамшының өз себебі бар. Мүмкін, өмірдің мәні – сол себепті түсіне білуде шығар…
Ол өз болашағын ойлады. “Мен кім болам? Қай бағытқа бет аламын?” – деген сұрақтар сана түкпірінен суырылып шықты. Білімнің маңызын сезінді: тек ақылды, ізденімпаз адам ғана өз жолын таба алады. Мектеп қабырғасынан басталған әр сабақ – болашаққа бастар баспалдақ екенін ұқты.
Еркін бұрын ұсақ көрінген дүниелердің артында үлкен мағына барын байқады. Әрбір күн – жаңбыр тамшысы секілді: бірі мөлдір, бірі бұлдыр, бірақ бәрі де өмір дариясына құйылады. Кенет жаңбыр үні бәсеңдеп, аспандағы, бұлт арасынан күн сәулесі жылт етті. Еркін тұрып, терезеге жақындады. Сырттағы ауа тазара түскен, ағаш жапырақтарындағы тамшылар күн нұрымен шағылысып тұр.
Ол жымиып қойды.
- Міне, табиғат тазарды. Менің жаным да тазарып кеткендей, – деді сыбырлап.
- Сол сәтте Еркін кітапты қайта ашты. Енді әр сөзі жаңа мәнге ие еді. Жаңбыр оны өзгертті – ойымен де, үмітімен де. Өмірдің әр тамшысында жарық бар екенін ол сол күні ұқты.
