«ӨЛЕҢ – СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ…» ОБЛЫСТЫҚ «АБАЙ ОҚУЛАРЫ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

«ӨЛЕҢ – СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ…» ОБЛЫСТЫҚ «АБАЙ ОҚУЛАРЫ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Семейде 2026 жылдың тамыздың 19 жұлдызында Абай күніне орай «Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының» ұйымдастыруымен «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы…» облыстық байқауы өтті.
Абай мұрасын дәріптеп, көркем сөздің қадірін ұлықтаған тағылымды сайысқа облыстың қалалары мен аудандарынан 18–35 жас аралығындағы үміткерлер қатысып, үш кезең бойынша сынға түсті. Қатысушылар хакім Абай өлеңдері мен Қара сөздерін мәнерлеп жатқа айтып, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты білімдерін ортаға салды.
Сайыста үміткерлердің көркем оқу шеберлігі, дауыс мәнері, тіл тазалығы, сахна мәдениеті мен шығарманы талғаммен таңдауы қазылар алқасының бағасына ұсынылды.
Байқау қорытындысында I орын – Үржар ауданынан келген Қажыкенова Дильназға, II орын – Семейлік Булаткеров Мейрамға бұйырды. Ал жүлделі III орынды Курчатов қаласынан келіп қатысқан Садықова Ұлболсын мен Бородулиха ауданынан келген Омарғалиев Ерік өзара бөлісті.
Осылайша, «Абай облысы Бородулиха ауданының Мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының» қазақ тілі оқытушысы Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы облыстық байқаудың жүлдегері атанды.
Байқау жүлдегерлері дипломдармен, алғыс хаттармен және сертификат (қаржылай) сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ, аталмыш шарада жергілікті дәстүрлі әншілерде өз өнерлерімен көпшілік қауымды сусындатты.
Облыстық әм қалалық БАҚ өкілдері байқауды телеарнаға түсіріп жаңалықтар топтамасына ұсынды.
Осындай тағылымды байқаулар алдағы уақыттарда да өз жалғасын таба бермекші.
«Абай облысы Бородулиха ауданының
Мемлекеттік және басқа тілдерді
оқыту орталығының» басшысы
Атаева Мейрамгүл Балабайқызы
