ПАВЛОДАРЛЫҚ САРБАЗДАРҒА  ЖАУЫНГЕРЛІК ҚАРУ ТАБЫСТАЛДЫ

ПАВЛОДАРЛЫҚ САРБАЗДАРҒА  ЖАУЫНГЕРЛІК ҚАРУ ТАБЫСТАЛДЫ 

            «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімінің  1-2026 жылғы шақырылым жас сарбаздарына  қару табыстау рәсімі өтті.  Әскери оркестр сүйемелдеуінде  жауынгерлік  ту  ортаға   шығарылған іс-шарада 156 сарбаз қару алды.  Айтулы шараға әскери бөлім офицері, әскери бөлім ардагерлері сондай-ақ өзара бірлесіп іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері қатысты. 

           –  Күні кеше семсер сүйіп серт беріп, ант қабылдадық. Бұл күн мен үшін  мерейлі және жауапты сәт. Өйткені, қолымызға  жауынгерлік қару алып тұрмыз. Өзімді құдды шайқасқа дайын бес қаруы сай батырдай сезінемін. Енді мен Ұлттық ұлан қатарында азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын қамтамасыз етіп, ел тыныштығын  күзетуде жан аямай қызмет етуге дайынмын, – дейді 6679 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Арнұр Бекжігітов.   

              Жауынгерлік қаруды асыға күткен жауынгерлер Абай, Қостанай, Павлодар, ШҚО облыстарынан және Астана қаласынан әскерге шақыртылған. Енді сарбаздар өздеріне тапсырылған қаруға бір жыл бойы жауапты болады. Алдағы уақытта әскери бөлімдегі сарбаздар Павлодар қаласындағы қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін  күзету қызметін атқаратын болады. 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Leave a Reply