УИКИПЕДИЯҒА МАҚАЛА ОРНАЛАСТЫРУДЫҢ АЛГОРИТМДЕРІ: ТІЛ МАМАНДАРЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРҒАН СЕМИНАР

УИКИПЕДИЯҒА МАҚАЛА ОРНАЛАСТЫРУДЫҢ АЛГОРИТМДЕРІ: ТІЛ МАМАНДАРЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРҒАН СЕМИНАР

Абай облысында қазақ тіліндегі цифрлық контентті дамыту, Уикипедиядағы ұлттық мазмұнды арттыру және тіл мамандарының ақпараттық-технологиялық құзыретін жетілдіру мақсатында «Уикипедияға мақала орналастырудың алгоритмдері» тақырыбында оқыту семинары өтті. 

2026 жылғы 7 тамызда Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылған семинарға Абай облысының барлық аудандарындағы Мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталықтарының басшылары, оқытушылары және тіл саласының мамандары қатысты.

Бүгінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту тек білім беру, мәдениет және қоғамдық ортадағы жұмыстармен шектелмейді. Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі орны да айрықша маңызға ие. Интернеттегі қазақша сапалы әрі сенімді ақпараттың көбеюі – тілдің заманауи коммуникациялық кеңістіктегі әлеуетін арттыратын маңызды фактор.

Осы тұрғыдан алғанда Уикипедиядағы қазақ тіліндегі мақалалардың мазмұнын толықтыру, ұлттық және өңірлік құндылықтар туралы жүйелі ақпарат қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Қазақ тіліндегі контентті толықтыру – маңызды міндет

Оқыту семинарының ашылуында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Рахымжанов Қайыржан Алдашұлы  сөз сөйлеп, «Уикипедияны қазақ тіліндегі контентпен толықтыру мәселесі» тақырыбында ой бөлісті.

Баяндаманың негізгі өзегі – қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейту, ана тіліміздегі ақпараттық ресурстарды көбейту және сапалы контент қалыптастырудың маңыздылығы болды.

Қазіргі таңда ақпарат іздеген оқырманның басым бөлігі интернет ресурстарына жүгінеді. Сондықтан қазақ тіліндегі ақпараттың көлемі ғана емес, оның сапасы, нақтылығы, жүйелілігі және сенімді дереккөздерге негізделуі аса маңызды.

Уикипедия осы бағыттағы ашық энциклопедиялық платформалардың бірі ретінде білімді жүйелеуге және көпшілік оқырманға қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін мамандардың Уикипедияда мақала дайындау мен орналастырудың талаптарын кәсіби деңгейде меңгеруі қажет.

Энциклопедиялық мақала жазудың ерекшеліктері түсіндірілді

Семинардың келесі бөлімінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, постдокторант Дәутқұлова Ақмарал Қапиярбекқызы «Уикипедияға тіркелу және энциклопедиялық мақаланың тақырыбы туралы» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріс барысында қатысушыларға Уикипедияға тіркелу тәртібі, энциклопедиялық мақала тақырыбын дұрыс таңдау, мақала мазмұнына қойылатын талаптар және ақпаратты ұсыну ерекшеліктері туралы мағлұмат берілді.

Энциклопедиялық мақала дайындау кезінде тақырыптың маңыздылығын анықтау, дереккөздерді дұрыс пайдалану, ақпаратты жүйелеу және мәтінді бейтарап сипатта ұсыну қажеттігіне назар аударылды.

Бұл талаптар кез келген ақпаратты Уикипедияға орналастыру мен кәсіби тұрғыда энциклопедиялық мақала әзірлеудің арасындағы айырмашылықты айқындайды.

Теориядан – тәжірибеге

Семинардың мазмұнды бөлігінің бірі – «Уикипедияда өңдеу жасау қағидалары» тақырыбындағы практикалық жұмыс болды.

Теориялық бөлімде алған білімдерін қатысушылар практикалық тапсырмалар арқылы бекітті. Уикипедия платформасында жұмыс істеу, материалды өңдеу және мақала дайындау барысында сақталуы тиіс негізгі қағидалар қарастырылды.

Сонымен қатар «Уикипедияға мақала орналастырудың кезеңдері» тақырыбында тәжірибелік тренинг ұйымдастырылды.

Мұндай практикалық жұмыстардың маңызы зор. Себебі цифрлық платформамен жұмыс істеудің ерекшелігін тек теория жүзінде білу жеткіліксіз. Мақала дайындау, ақпаратты саралау, қажетті дереккөздерді пайдалану, мәтінді құрылымдау және платформа талаптарына сәйкес өңдеу жұмыстарын іс жүзінде орындау мамандардың тәжірибесін жетілдіреді.

Өңірлік ақпаратты цифрлық кеңістікке енгізудің мүмкіндігі мол

Семинарға Абай облысының барлық аудандарынан тіл мамандарының қатысуы – тәжірибе алмасуға және осы бағыттағы жұмысты өңірлерде жүйелі түрде жалғастыруға мүмкіндік берді.

Әр ауданның өзіндік тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері, белгілі тұлғалары, тарихи орындары мен қоғамдық өміріне қатысты мол дерек бар. Осы ақпараттарды жинақтап, саралап, сенімді дереккөздер негізінде қазақ тіліндегі Уикипедияға енгізу – өңірдің тарихи-мәдени мұрасын цифрлық кеңістікте танытудың тиімді жолдарының бір

Әсіресе туған өлкенің тарихын зерттеп жүрген мұғалімдер, оқытушылар мен тіл мамандары үшін бұл бағыттың берері мол. Өйткені жергілікті деңгейдегі көптеген құнды деректерді жүйелеу арқылы қазақ тіліндегі энциклопедиялық қорды толықтыруға мүмкіндік бар.

Тіл маманының жаңа құзыреті

Бүгінгі тіл маманы – тек тіл үйретуші ғана емес. Ол заманауи ақпараттық ортада сауатты мәтін қалыптастыра алатын, дерекпен жұмыс істейтін, цифрлық ресурстарды тиімді пайдаланатын маман болуы тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда «Уикипедияға мақала орналастырудың алгоритмдері» семинарының маңызы ерекше.

Семинар барысында теориялық білім мен практикалық дағдыны ұштастыруға басымдық беріліп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Іс-шараның соңында талқылау, сұрақ-жауап ұйымдастырылып, қатысушыларға үй тапсырмасы берілді.

Семинар қорытындысында алған білімді тәжірибеде қолданудың маңыздылығы атап өтілді.

Цифрлық кеңістіктегі қазақ тіліне жаңа серпін

Қазақ тілінің болашағы оның мектепте, жоғары оқу орындарында немесе мемлекеттік мекемелерде қолданылуымен ғана өлшенбейді. Тілдің заманауи қоғамдағы өміршеңдігі оның цифрлық кеңістіктегі белсенділігімен де тікелей сабақтас.

Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы энциклопедиялық контентті көбейту – мемлекеттік тілдің ақпараттық кеңістіктегі әлеуетін арттырудың нақты бағыттарының бірі.

Абай облысында өткен бұл семинар тіл мамандарына Уикипедиямен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгертіп қана қоймай, қазақ тіліндегі цифрлық мазмұнды арттыруға бағытталған жаңа мүмкіндіктерді көрсетті.

Алдағы уақытта семинар барысында алынған білімді тәжірибеде пайдаланып, өңірлердің тарихы мен мәдениеті, танымал тұлғалары, рухани құндылықтары туралы мазмұнды мақалаларды қазақ тіліндегі Уикипедия қорына енгізу – маңызды міндеттердің бірі.

Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі ауқымын кеңейту – уақыт талабы. Ал сол кеңістікті сапалы мазмұнмен толықтыру – әрбір тіл маманына жүктелер ортақ жауапкершілік. 

Атаева Мейрамгүл Балабайқызы –

«Абай облысы Бородулиха ауданының

Мемлекеттік және басқа тілдерді

оқыту орталығының» басшысы 

Leave a Reply