ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВТЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН
«ЖЫР САҒАТЫ» МӘНЕРЛЕП ОҚУ ӘДЕБИ ШАРАСЫ ӨТТІ
2026 жылдың 29 сәуір күні «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназиясының» кітапханасында «Ақ қауырсын» үйірмесінің оқушыларының қатысуымен Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Жыр сағаты» атты мәнерлеп оқу әдеби шарасы өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен мағлұмат беру, ақынның қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесін насихаттау, айтыс өнеріндегі биік тұғырын паш ету, ұлттық рух пен патриоттық сезімді қалыптастыру, сондай-ақ оқушылардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру.
Шара барысында ақын өлеңдерінің тақырыптық-идеялық ерекшеліктері талданып, оқушылардың мәнерлеп оқу және сахналық қойылым көрсету дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, жас ұрпақты ұлттық әдеби мұраны құрметтеуге, рухани-мәдени құндылықтарды бағалай білуге тәрбиелеу мақсат етілді.
Іс-шара барысында оқушылар Жамбыл Жабаевтың шығармаларынан үзінділер оқып, өлеңдерін мәнерлеп жеткізді. Сондай-ақ, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі бейнефильм көрсетіліп, әдеби сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылды.
«Жыр сағаты» әдеби шарасы оқушылардың рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуына, әдебиетке деген қызығушылығының артуына оң әсерін тигізді.
«Ғасыр Гомері» атанған жыр алыбына арналған арнайы көрме ұйымдастырылды.
Шара соңында «Ақ қауырсын» үйірмесінің жетекшісі Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы барлық қатысушы оқушыларды арнайы дипломдармен марапаттады.
Асқар Бектұрған – журналист
