ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖАЗЫЛЫМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

  

Абай облысы Семей қаласы №50 жалпы орта білім-беретін

IT- мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,

педагог-зерттеуші Бекбосынова Арайлым Мухаметкалиевна

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖАЗЫЛЫМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ 

Қазіргі білім беру үдерісінде оқушының белгілі бір пән бойынша білімді меңгеруімен қатар, сол білімді шығармашылық тұрғыдан қолдана білуіне ерекше мән беріледі. Әсіресе тіл мен әдебиетті оқытуда оқушының ойын жазбаша жүйелі жеткізуі, өзіндік пікірін қалыптастыруы және көркем мәтін құрастыруы оның жалпы тілдік әрі тұлғалық дамуының маңызды көрсеткіші болып табылады. Алайда мектеп тәжірибесінде оқушыға «әңгіме жаз» деген тапсырма берілгенімен, әңгіме қалай жазылатыны, көркем ойдың қалай қалыптасатыны, оқиғаны қалай дамытуға болатыны әрдайым жүйелі түрде үйретіле бермейді. Соның салдарынан кейбір оқушылар шығармашылық тапсырмадан қашқақтайды, енді бірі оқиғаны бастап алып, оның шешімін табуда қиналады. Кей жағдайда оқушының сөздік қоры жеткілікті болғанымен, сол сөздерді тұтас көркем мәтінге айналдыруда қиындық байқалады. Менің педагогикалық тәжірибемде осы мәселе бірнеше рет кездесті. Оқушының «жаза алмаймын» деген сенімі көбіне оның шығармашылық қабілетінің жоқтығынан емес, жазу үдерісінің алгоритмін білмеуінен туындайтынына көз жеткіздім. Осы тәжірибелік қажеттілік «Жас қаламгер» бағдарламасын әзірлеуге негіз болды. Бағдарламаны құрастыру барысында мен үшін маңызды болған басты мәселе – оқушыға дайын әңгімені ұсыну емес, оның өз әңгімесін жазуына жағдай жасау болды.

Осы тұста шығармашылық жазылымды оқытудың табиғаты өзгеше екенін атап өткен жөн. Дәстүрлі жазылым тапсырмаларында оқушы көбіне белгілі бір тақырыпты ашып, өз ойын сауатты жеткізуге бағытталады. Ал көркем әңгіме жазуда бұған қоса қиял, образ, сюжет, конфликт, композиция, көркем деталь секілді әдеби компоненттер қатар іске қосылады. Сондықтан әңгіме жазуға үйрету тек жазу техникасын меңгертумен шектелмеуі тиіс.

«Жас қаламгер» бағдарламасының негізгі идеясы осы ұстанымға негізделді: оқушыны шығарманың дайын авторына емес, шығармашылық үдерістің авторына айналдыру. Оқушыға бірден толық әңгіме жазуды ұсынудың орнына, алдымен оның шығармашылық ойына түрткі болатын сұрақтар беріледі. Мысалы, «Кейіпкер кім?», «Ол нені қалайды?», «Оған не кедергі?», «Оқиға қалай өзгереді?», «Кейіпкер қандай шешім қабылдайды?» деген сұрақтар оқушыны сюжетті ойластыруға жетелейді. Бұл тәсілдің нәтижесінде оқушы үшін «әңгіме жазу» көлемді әрі күрделі тапсырма болудан қалып, бірнеше шағын шығармашылық әрекетке бөлінеді. Менің байқауымша, оқушының шығармашылық сенімін қалыптастыруда «кішкентай идеядан үлкен мәтінге» қағидаты ерекше тиімді. Мәселен, «Құстарға қамқорлық» деген жалпы тақырып берілгенде оқушының алдында бірден тұтас мәтін жазу міндеті тұрса, ол не жазарын білмей қалады. Ал «Қыста мектеп ауласындағы құстарды бір бала күн сайын тамақтандырады. Бір күні ол бұрын көрмеген жаралы құсты байқайды. Одан әрі не болады?» деген жағдаят ұсынылса, оқушының қиялы іске қосылады. Демек, шығармашылық жазылымды дамытуда тақырыптан бұрын шығармашылық жағдаяттың маңызы жоғары.

Бағдарламада қолданылатын әдістемелік тәсілдердің бірі – «оқиға дәні». Оның мәні – қарапайым бір оқиғадан тұтас сюжет тудыру. Мысалы, «Әже немересіне ескі сандықты көрсетті» деген бір ғана сөйлемнің өзі оқушы үшін бірнеше сұрақ туғызады: сандықта не бар? Неліктен әже оны бұрын көрсетпеген? Сандықтағы заттың қандай тарихы бар? Бұл сұрақтар оқиғаның дамуына негіз болады. Осындай тапсырмалар арқылы оқушы біртіндеп оқиғаны көруді және оқиғаның ішінен әңгіме табуды үйренеді.

Бағдарламадағы тағы бір маңызды бағыт – кейіпкермен жұмыс. Бастапқыда оқушылар кейіпкерді көбіне сыртқы белгілері арқылы сипаттайды. «Ол ақылды, мейірімді, батыл бала еді» деген сияқты дайын анықтамалар жиі кездеседі. Ал көркем әдебиетте кейіпкердің мінезін оның әрекеті арқылы таныту маңызды.

Сондықтан оқушыларға «Кейіпкерің қиын жағдайда не істейді?», «Ол нені жасырады?», «Оның қорқатын нәрсесі не?», «Ол біреуге көмектесу үшін қандай таңдау жасайды?» деген тапсырмалар ұсынылады. Мұндай сұрақтар кейіпкерді сипаттаудан гөрі, оны әрекет еткізуге мүмкіндік береді. Шығармашылық жазылымда оқушының мәтінді бірінші жазған нұсқасымен шектелмеуі де маңызды. Өз тәжірибемде мәтінді қайта қарау кезеңін енгізгенде оқушылардың шығармасына деген көзқарасы өзгергенін байқадым. Олар «мен жаздым – демек, дайын» деген түсініктен біртіндеп «менің мәтінімді жақсартуға болады» деген ұстанымға көшеді. Осы мақсатта бағдарламада «Автор – оқырман – редактор» ұстанымы қолданылады. Алдымен оқушы өз мәтінін автор ретінде жазады. Кейін оны оқырман көзімен оқып, түсініксіз немесе әлсіз тұстарын анықтайды. Соңында редактор ретінде мәтінін жетілдіреді. Бұл үдеріс тек шығармашылық жазылымды емес, оқушының рефлексиялық қабілетін де дамытады.

Бағдарламаның тәжірибелік апробациясы барысында оқушылардың шығармашылық жұмыстарына жүргізілген бақылау олардың мәтін құрастырудағы сенімділігінің артқанын көрсетті. Алғашқы жұмыстарда оқиға желісінің үзілуі, кейіпкер әрекетінің дәлелсіздігі, аяқталудың асығыс берілуі байқалса, жүйелі тапсырмалардан кейін оқушылар оқиғаның логикалық байланысына, кейіпкер әрекетіне және мәтіннің тұтастығына көбірек көңіл бөле бастады. Мен үшін бағдарламаны апробациялаудың ең маңызды нәтижесі – оқушының жазған әңгімесінің көлемі емес, оның өз мәтініне автор ретінде қарай бастауы болды.

Бір оқушының: «Бұрын шығарма жазғанда не жазатынымды білмей отыратынмын. Қазір алдымен оқиғаны ойлап аламын» деген пікірі бағдарламаның негізгі мақсатын дәл сипаттайды. Осыдан шығармашылық жазылымды қалыптастырудың басты шарты – оқушыға көбірек жазу міндетін жүктеу емес, оған қалай жазуға болатынын түсіндіру деген қорытынды жасауға болады. «Жас қаламгер» бағдарламасының жаңашылдығы да осында. Бағдарлама оқушыны әдеби шығармашылықтың пассивті орындаушысы ретінде емес, өз ойын, сезімін, қиялын көркем мәтінге айналдыратын субъект ретінде қарастырады. Мұнда мұғалімнің рөлі де өзгереді. Мұғалім дайын мәтіннің сапасын бағалаушы ғана емес, шығармашылық үдерістің бағыттаушысы, кеңесшісі және алғашқы оқырманы болады.

Әңгіме жазу барысында оқушының бойында бір мезетте бірнеше қабілет дамиды: тілдік сауаттылық, креативті ойлау, қиял, бақылау, талдау, себеп-салдарлық байланыс орнату, эмоцияны түсіну және өз ойын жүйелеу. Сондықтан шығармашылық жазылымды тек қазақ тілі немесе әдебиет пәнінің тар аясындағы дағды ретінде қарастыру жеткіліксіз. Ол оқушының жалпы ойлау мәдениеті мен тұлғалық қалыптасуына ықпал ететін әмбебап дағды ретінде бағалануы тиіс.

«Жас қаламгер» бағдарламасын әзірлеу мен апробациялау тәжірибесі мені бір маңызды тұжырымға алып келді: баланың жазуға деген қабілетін оның алғашқы шығармасымен бағалауға болмайды. Кейде оқушының алғашқы мәтіні қарапайым болуы мүмкін, бірақ оның ішінде үлкен шығармашылық мүмкіндік жатады. Мұғалімнің міндеті – сол мүмкіндікті байқау және оны жүйелі әдістемелік қолдау арқылы дамыту.

Шығармашылық жазылымды қалыптастыру – бір сабақта орындалатын жұмыс емес. Ол үздіксіз жаттығуды, оқуды, бақылауды, жазуды, қателесуді және қайта жазуды қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда «Жас қаламгер» бағдарламасы оқушыға тек әңгіме жазуды үйрететін курс емес, өз ойын сөз арқылы тануға және жеткізуге мүмкіндік беретін шығармашылық орта ретінде құрылды.

Қорыта айтқанда, бүгінгі оқушыға біліммен бірге өз ойын айта алатын, өзіндік пікірі бар, қиялы ұшқыр, сөзді сезінетін тұлға болу маңызды. Ал мұндай тұлғаны қалыптастыруда шығармашылық жазылымның орны ерекше. «Жас қаламгер» бағдарламасы арқылы менің көздегенім – белгілі бір оқушыдан міндетті түрде кәсіби жазушы шығару емес. Негізгі мақсатым – әр оқушыға «Менің де айтар ойым бар. Мен оны өз сөзіммен жеткізе аламын» деген сенім қалыптастыру.

Өйткені кез келген үлкен шығарма бір кездері баланың жүрегінде туған кішкентай ғана ойдан басталады. Ал сол ойды сөзге айналдыруға мүмкіндік беру – ұстаздың ең маңызды шығармашылық міндеттерінің бірі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат.

Выготский Л.С. Воображение и творчество в детском возрасте. – Москва.

Бахтин М.М. Эстетика словесного творчества. – Москва: Искусство.

Қазақстан Республикасының жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытуға арналған оқу бағдарламалары. 

Leave a Reply