«ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ, ТАТУЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ»
«ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ, ТАТУЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ»

          «5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне»  орай халқымыздың рухани өміріндегі қастерлі құндылықтарының бірі – «ұлт үні – ұлы тіліміз» туралы сөз қозғаймыз. Тіл-халықтың тарихы, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысының айнасы. Тіл туралы сөз болғанда, қазақ тіл білімінің негізін қалаған ұлы ғалым, ағартушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлын ерекше атап өтуіміз қажет. Ахмет Байтұрсынұлының еңбегінің құндылығы – оның тілді жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ұлттық сақтайтын рухани негіз ретінде түсінуі. Ұлт ұстазының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Ұлттық сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі»  деген тағылымды сөзі өскелең ұрпақ үшін маңыздылығын жоғалтқан жоқ  және тілдің халық өміріндегі маңызын айқын көрсетеді. Бүгінгі таңда Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы – өскелең ұрпақты ана тілін құрметтеуге, білімге, елжандылыққа, Отансүйгіштікке тәрбиелейтін үлкен мектеп. Әскерилер үшін де мемлекеттік тілді білу және құрметтеу маңызды.  Себебі Отанды қорғау – тек әскери міндетті орындау ғана емес, елдің тарихын, мәдениетін білу, ана тілін құрметтеу.   Осыған байланысты «Тілге құрмет – Елге құрмет!» акциясы аясында «5 қыркүйек-Қазақстан халқы тілдері күніне»  орай «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінде тіл мәртебесін көтеруге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталмыш  бөлімде  бөлімнің басшылығы мен басқарма офицерлерінің қатысуымен   ұлт ұстазының ұлтты оятқан ұлы сөздерін оқу челленджі, сондай-ақ «Мемлекеттік тіл – татулық тілі» тақырыбында өзге ұлт өкілдерінің Қазақстан халқының тілдеріі күнімен құттықтау ролигі және «Ахмет – ұлт үні» атты мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің  ақынның өлеңдерін оқу челленджі  түсірілді. Мерекелік іс-шаралар легі әскери бөлімнің жеке құрамымен өткізілген «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ санасының шамшырағы» тақырыбындағы  ақпарат сағатымен басталды.Тағылымды кездесуге жазушы, әдебиеттанушы Торайғыров университетінің қазақ тілі және журналистика кафедрасының  профессоры Серік Төлеубайұлы Елікбай арнайы қатысып, қазақ халқының ұлы ағартушысы, ғалым, алаш арысы, ұлт ұстазыы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қоғамдық қызметі, қазақ тілінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы кеңінен баяндады.   Кездесу барысында Ахмет Байтұрсынұлының ұлт болашағы, білім мен ғылым, тіл тағдыры жолындағы еңбегі сөз болып, оның өнегелі өмірі бүгінгі ұрпақ үшін үлкен рухани сабақ екені атап өтілді. Әскерилер ғалымның шығармашылығы мен ғылыми мұрасына қатысты тың мәліметтермен танысып, білім қоржындарын толықтырды. Шара соңында қатардағы жауынгер Кәкім Нәрдәуіт ақынның «Қара бұлт» мысалын термеге салып орындаса, қатардағы жауынгер Қайыржан Дидар ұлт ұстазына арнаған арнауын оқып берді.

             Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне  арналған келесі маңызды шара Орталық қалалық кітапханада жалғасын тапты. Мұнда «Тіл – татулық тірегі» атты ақпарат сағаты өткізілді. Шараға «Сенімен болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігі Павлодар облысы филиалының директоры Перизат Құрманәлі мен Гүлжан Бағдатқызы қатысты. Ғалымның қазақ балаларының ана тілінде білім алуына ерекше мән беріп, қазақ тілінде оқулық жазғанын, қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, сөз құрамын, сөйлем құрылысын ғылыми тұрғыдан түсіндіріп, көптеген тілдік терминдерді қалыптастырғанын алға тартты. Іс-шара соңында сарбаздарымыз қатардағы жауынгер Махмұт Махамбет, Бақытбеков Даниял, Сейсенқожа Заңғар ұлт ұстазының «Достыма хат», «Қазақ қалпы», «Жазушының қанағаты» өлеңдерін нақышына келтіріп, мәнірлеп оқып берсе, қатардағы жауынгер Құрмашев Архат  қазақ тілінің мерейін асқақтатын «Жаса, жаса қазақ тілім» атты әнін шырқап берді. 

            Мерекелік шаралар шеңберінде Ертіс-Баян өңірі руханиятының қара шаңырағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада тілдер күніне өткізілген «ТІЛ BATTLE: Сөз.Ой.Болашақ» интеллектуалды сайысқа қатысты. Сайыс 3 кезеңнен тұрды. Әр кезеңнен сүрінбей өткен «Ұлт ұландары» атты мерзімді әскери қызметшілерден құралған  командамыз қанжығасына 1 орынды байлады. Сайыстың шымылдығын Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің профессоры  Шақаман Ырысгүл Бектемірқызы ашып,  қазақ тілінің тарихы мен тағдыры, ұлттық рух пен әдеби мұра туралы тағылымды ойлар айтты. Кеш соңында сарбаздарымыз да өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.

            «Тілге құрмет – елге құрмет» акциясы аясында «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің берік негізі» тақырыбында Достық үйінің өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт  өткізілді. Концертке этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, өнерлерін ортаға салды. Әртүрлі этнос өкілдерінің бір сахнада бас қосып, ән айтып, ұлттық өнерді дәріптеуі – еліміздегі достық пен бірліктің жарқын көрінісіне айналды.Концерт барысында мемлекеттік тілдің қоғамды біріктіруші маңызды құрал ретіндегі рөлі айрықша аталып өтті. Себебі тіл-тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол-халықтың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен рухани болмысының айнасы.

            5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне  орай  өткізілген бұл іс-шаралар әскери қызметшілердің рухани дүниесін байытып, мемлекеттік тілген деген құрметін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және еліміздегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағыттталды. Қазақ тілі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мұрасы. Оны құрметтеу-ұлтты құрметтеу, ал мемлекеттік тілді дәріптеу-ел болашағына қызмет ету.

5512 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық
жұмыстар бөлімшесі бастығының  мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі
капитан Дана Мұқанова 

Leave a Reply