ТІЛ ҮЙРЕНУШІЛЕРГЕ «КУӘЛІК» ТАБЫСТАЛДЫ  

25.05.2026.

ТІЛ ҮЙРЕНУШІЛЕРГЕ «КУӘЛІК» ТАБЫСТАЛДЫ

2026 жылдың 25 мамырында «Абай облысы Бородулиха ауданының Мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығында» қазақ тілі, ағылшын тілі және татар тілі бойынша жылдық курсты сәтті аяқтаған тіл үйренушілерге куәлік табыстау шарасы өтті.

Аталған шара – бір жыл бойы білім алып, тіл меңгеру жолында талмай еңбек еткен тыңдаушылардың жетістігін айқындайтын маңызды басқосу болды. Тіл – ұлттың жаны, рухани қазынасы әрі халықтар арасын байланыстыратын алтын көпір. Осы орайда орталықта ұйымдастырылған тіл курстары қатысушылардың білім көкжиегін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Аталған жиында «Абай облысы Бородулиха ауданының Мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының» басшысы Атаева Мейрамгүл Балабайқызы құттықтау сөз сөйлеп, тіл үйренушілердің табандылығы мен ынтасына жоғары бағасын білдіре келіп, жалпы ұстаздар қауымына серпінді еңбек демалысын тілеп, биылғы оқу жылының тәмамдалуын тілге тиек етті.

Өз сөзінде орталық басшысы: «Құрметті тіл үйренушілер! Сіздерді осы жыл бойы қанаттанып, талаптанып тіл курсын аяқтағандарыңызды растайтын куәлік алуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – сіздердің алған білімдеріңіз бен қалыптасқан дағдыларыңыздың маңызды дәлелі. Тіл үйрену – үлкен ізденіс пен қажырлы еңбекті талап ететін белесті жол. Білімдеріңізді күнделікті өмірде үнемі қолданып, тәжірибелеріңізді жетілдіре беріңіздер», – деп атап өтті.

Шара барысында тіл үйренушілерге арнайы куәліктер табысталып, олардың оқу кезеңіндегі белсенділігі мен ізденісі айырықша аталып өтті. Сонымен қатар, қатысушыларға меңгерген тілдерін ұмытпай, күнделікті қарым-қатынаста, әлеуметтік желілерде және кәсіби ортада белсенді пайдалану қажеттігі айтылды. Себебі тіл – үздіксіз қолданыс арқылы дамитын рухани құндылық.

Бүгінде көптілділік – заман талабы. Мемлекеттік тілді құрметтеу, өзге тілдерді меңгеру – мәдениет пен білімге деген ұмтылыстың көрінісі. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан Тілдерді оқыту орталығы тұрғындардың тілдік сауаттылығын арттыруға және қоғамдық қарым-қатынаста тіл мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.

Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да білімдерін жетілдіруге ниетті екендіктерін жеткізді. Куәлік иелерінің әрқайсысы бұл жетістікті жаңа белестерге бастар маңызды қадам ретінде қабылдады.

Тіл үйрену – тоқтаусыз ізденіс пен рухани дамудың бастауы. Сондықтан білімге ұмтылған әрбір азаматтың еңбегі әрдайым құрметке лайық.

«Абай облысы Бородулиха ауданының

Мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту

орталығының» басшысы Атаева Мейрамгүл Балабайқызы

Leave a Reply