Абай облысында судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

08.05.2026 

Өңірде суға шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық және ұйымдастырушылық іс-шаралар кешені жүргізілуде. Бұл туралы Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Алмас Сүлейменов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Облыс аумағында тұрғындардың шомылуына және демалуына арналған 21 ресми орын белгіленді. Оның ішінде 15 коммуналдық жағажай, 2 жеке жағажай және 4 бұқаралық демалыс пен туризм аймағы.

 

– Коммуналдық жағажайлар Семей және Курчатов қалаларында, сондай-ақ Көкпекті, Жарма, Бородулиха, Бесқарағай, Аягөз, Абай аудандарында, сондай-ақ Мақаншы ауданында орналасқан. Жеке демалыс орындары мен жағажайлардың ішінде Семей қаласындағы “Ерденаз” демалыс базасы, Жарма ауданындағы “Жарма–Арасан” және Бородулиха ауданындағы бірнеше демалыс базалары бар. Қазіргі уақытта облыс бойынша жағажайлардың дайындығына, құтқару және медициналық бекеттердің жабдықталуына, сондай-ақ құтқару құралдарының толық жиынтығының болуына комиссиялық тексерулер жүргізілуде. Барлық нысандарда қауіпсіздік талаптарының сақталуы тұрақты бақылауда, – деді басқарма басшысы.

 

Мамыр айынан бастап ауа температурасының көтерілуіне байланысты су айдындарында рейдтік іс-шаралар күшейтіліп, халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді.

 

– Ағымдағы жылы су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 16 су патрульі және 30 жаяу патруль ұйымдастырылды. Департамент тарапынан 100-ден астам құтқарушы мен 30 бірлік жүзу құралдары мен техникасы жұмылдырылды. Құтқарушылар қажетті арнайы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Осыған байланысты департамент тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады: рұқсат етілген жерлерде ғана шомылуға, мас күйінде суға түспеуге, белгіленген шекарадан асып кетпеуге және балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмауға шақырады, – деді спикер.

 

Сондай-ақ су қоймаларының иелеріне құтқару бекеттерін ұйымдастыруды, медициналық пункттерді жабдықтауды, бақылау мұнараларын орнатуды, ақпараттық стендтерді орналастыруды және қауіпсіздік аймақтарын қалқымалармен белгілеуді қамтамасыз ету ұсынылады.

Leave a Reply