
Ауданның көпсалалы орталық ауруханасы 63 684 тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Оның ішінде қала халқы – 41 075, ауыл тұрғындары – 22 609 адам.
– Өңірде медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға және инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы аудан бойынша 7 медициналық нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Ақшәулі, Байқошқар, Малтүгел, Емелтау ауылдарында медициналық пункттер, сондай-ақ Ақши, Мыңбұлақ, Сарыарқа елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар салынды. Сонымен қатар, Аягөз ауданының көпсалалы орталық ауруханасы базасында 10 төсектік жансақтау бөлімі ашылды, – деп атап өтті Айбек Нұғымаров.
Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы жылы орталық аурухана аумағында МРТ құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Қопа және Тарлаулы ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
