СЕМЕЙДЕ «ЖӘРДЕМ» БАСПАХАНАСЫНЫҢ 115 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ.

СЕМЕЙДЕ «ЖӘРДЕМ» БАСПАХАНАСЫНЫҢ 115 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында ХХ ғасырда бой көтерген қазақ жеріндегі тұңғыш ұлттық «Жәрдем» баспаханасының 115 жылдық мерейтойына арналған «Жәрдем» баспасы: Алаш идеясы және жаңа дәуірдің оқу мәдениеті» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді.

XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың басында қазақ баспаханаларының саны өте аз болғаны белгілі. 1910 жылдарға дейін ұлт ұстыны болған тұлғалардың алғашқы туындылары көбінесе патшалық Ресей үкіметінің Петербор, Қазан, Уфа, Троицк, Орынбор сияқты қалалары мен Түркияның астанасы Стамбулда басылды.

«Жәрдем» баспаханасында Шәкерім Құдайбердіұлының «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», Абайдың ақындық өнер мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі әрі шәкірті, жазушы-драматург Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» сияқты танымал кітаптар жарық көрді.

Халел Ғаббасов бастатқан қазақ интеллигенттері идеясымен 1917 жылдан бастап «Сарыарқа» газеті «Жәрдем» баспаханасында басылды. Мұнда Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Имам Әлімбеков, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты аса дарынды ақын-жазушылар қызмет етті. Алашорда үкіметінің кеңселері кезінде Семейдің атақты бай-саудагерлері болған Қаражан Үкібаев пен Әбдірахман Жүсіпов «Жәрдем» баспаханасына қаржылай қолдау білдірді.

Жоғарыда аталған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда әдебиеттанушы-философ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Т.Шаңбай, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, араптанушы ғалым Ә.Әміренов, Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, ғалым М.Бекбосынов, түркітанушы ғалым, PHD Мекмет Кавокоғлу (Түркия, Стамбул), Тарих және археология ғылыми орталығының ғылыми қызметкері М.Насыров, PhD, Alikhan Bokeikhan University Постдипломдық білім беру жоғары мектебінің  деканы Л.Измайлова, «Жәрдем» баспа компаниясының директоры А.Арыстан тарихи баспахананың бүгіні мен өткені хақында баяндама оқыды.

Сонымен бірге, Республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем «Абай» журналының директор-арт редакторы Шарапиева Райхан Әбілмансұрқызы осы конференцияда сөз сөйлеп, баспаның мерейтойымен құттықтап, тарихи негізіне тоқталып, одан әрмен қарай да өркендей беруіне ізгі тілектестік білдірді.

Тағылымды шарада Шәкәрім университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, ұстаз, «Абай» журналының әдеби қызметкері Қадыров Айбар Қабыкенұлы да қатысып, тарихи баспаның өзіндік алар орны биік екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, мұндай ғылыми-танымдық жиынға Семей қаласының зиялы қауым өкілдері мен ЖОО-ның оқытушылары мен студенттер, ғалымдар қатысып ой бөлісті.

Айта кетейік, Шәкәрім Құдайбердіұлы кітаптары шыққан “Жәрдем” баспасына – 115 жыл толуына орайғы тағы бір мазмұнды шара өткізілген еді…

Шәкәрім университеті, Шәкәрімтану ғылыми орталығы, Шәкәрім музейі, “Тарих және археология” ғылыми орталықтары ұлы ойшылдың мұрасына тікелей қатысы бар тарихи оқиғаға арнайы тоқталды. Шәкәрім Құдайбердіұлының кітаптары жарық көрген ХХ ғ. басындағы “Ярдам” баспасының 115 жылдығына орай тұңғыш ғылыми дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

“Жәрдем” баспасының қазақ руханиятындағы орны, Шәкәрім еңбектерінің жариялану тарихы, сол кезеңдегі кітап шығару мәдениеті және мұраны бүгінгі күнде ғылыми айналымға енгізудің нақты жолдары кеңінен сөз болды. Шәкәрім мұрасының баспа тарихын жүйелі зерттеу және қоғамға дұрыс, дерекке сүйенген түрде жеткізу т.б.

Осы маңызды мерейтой аясында “Мұнара” арнасына арнайы сұхбат берілді. Эфир қонақтары: энциклопедист-ғалым, Тұрдықұл Шаңбай, Шәкәрім музейінің жетекшісі Гүлнұр Шалатаевна, “Жәрдем” баспа компаниясының бүгінгі директоры Айдар Ғалиарыстанұлы.

Сұхбат барысында “Жәрдем” баспасының тарихы, Шәкәрім шығармаларының басылымға дайындалу үдерісі, музей қорындағы деректердің маңызы және қазіргі баспа жұмысының жауапкершілігі нақты мысалдармен айтылды.

Айталық, Шәкәрім университетінің профессоры, белгілі тарихшы ғалым, «Абай» журналының редакторы Исин Амантай Исаұлы мерейтой шарасында жергілікті телеарнаға сұхбат беріп, баспа тарихы мен оның қоғамдық қызметі жөнінде өз ой-пікірімен бөлісті.

Осындай жиында, тарихи сабақтастық пен бүгінгі ғылыми көзқарастың тоғысқан тұсы да айқын көрінді.

Шәкәрім университеті ұжымы мен ғылыми орталықтар атынан бұл бастама – алдағы зерттеулерге бағыт беретін маңызды қадам. Ұлт мұрасын ұлықтау мерейтоймен ғана шектелмей, ғылыми талқы және дерекпен дәлелденген зерттеу арқылы жалғасуы тиіс.

Республикалық фольклорлық-этнографиялық

әдеби-көркем «Абай» журналының баспасөз қызметі

Leave a Reply