«АБАЙ» ЖУРНАЛЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ІС-САПАРЫ БОРОДУЛИХА АУДАНЫНА БАҒЫТТАЛДЫ

Ағымдағы жылдың 19 маусымында Республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем «Абай» журналы редакциясының іссапары аясында журналдың әдеби қызметкері Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы Абай облысының Бородулиха ауданына арнайы барып, бірқатар мекеме-ұйым өкілдерімен кездесті.
Іссапар мақсаты – ұлттық руханиятты насихаттап келе жатқан «Абай» журналының өңірлердегі байланысын нығайту, басылымды қолдау бағытындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылау және журналдың оқырман қауымын кеңейту.
Сапар барысында Бородулиха ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы Оразалина Анар Қайратқызымен мазмұнды кездесу өтті. Кездесуде «Абай» журналының еліміздің әдеби-мәдени кеңістігіндегі орны, ұлт руханиятын дәріптеудегі маңызы, сондай-ақ өңірдегі мәдени-танымдық жұмыстарды насихаттаудағы рөлі жан-жақты сөз болды.
Тараптар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған басылымның жұмысын қолдау, журналдың мазмұнын қалың оқырманға кеңінен таныстыру, мәдени-ағартушылық бағыттағы бірлескен шараларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, жергілікті ақын-жазушылардың, өлкетанушылар мен шығармашыл азаматтардың еңбектерін насихаттау, олардың туындыларын журнал бетінде жариялау жайы да әңгіме арқауына айналды.
Кездесу барысында Бородулиха ауданының қоғамдық-саяси әлеуметтік және мәдени өмірін насихаттау, ұлттық руханият пен әдебиетті қолдауға бағытталған бастамаларды бірлесе жүзеге асырудың сондай-ақ журналға жазылым көрсеткішінің маңыздылығы атап өтілді.
Осындай тағылымды жүздесулер мен өзара пікір алмасулар «Абай» журналының тынысын кеңейтіп қана қоймай, өңірлердегі рухани байланысты нығайтуға, ұлттық әдебиет пен мәдениеттің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.
