«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІ КҮНДЕЛІКТІ ЖӘНЕ КӘСІБИ ӨМІРДЕ ҚАЛАЙ ҚОЛДАНУҒА БОЛАДЫ?» СЕМИНАРЫ ӨТТІ

«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІ КҮНДЕЛІКТІ ЖӘНЕ КӘСІБИ ӨМІРДЕ ҚАЛАЙ ҚОЛДАНУҒА БОЛАДЫ?» СЕМИНАРЫ ӨТТІ
Абай облысы Бородулиха ауданында цифрлық білім мен заманауи технологияларды тиімді қолдануға бағытталған маңызды аудандық семинар өтті. Аталған іс-шараны Бородулиха ауданының мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырып, «Жасанды интеллектті күнделікті және кәсіби өмірде қалай қолдануға болады?» тақырыбын арқау етті.
Семинар жұмысына қазақ әдебиеті мен аударма саласында өзіндік орны бар, филология магистрі Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар, сондай-ақ аудан мектептерінің мұғалімдері, орталық оқытушылары мен тіл жанашырлары қатысты. Жиын барысында қатысушылар жасанды интеллекттің білім беру үдерісіндегі мүмкіндіктерін жан-жақты талқылап, оны тиімді пайдаланудың нақты жолдарын ұсынды.
Іс-шара аясында ұсынылған баяндамаларда цифрлық технологиялардың педагог қызметін жеңілдетудегі рөлі, оқу материалдарын әзірлеу, мәтіндермен жұмыс істеу, аударма сапасын арттыру және оқушылардың танымдық белсенділігін дамытудағы артықшылықтары кеңінен қамтылды. Сонымен қатар, тәжірибелік бөлімде қатысушылар заманауи цифрлық құралдарды іс жүзінде қолданып көріп, өзара тәжірибе алмасты.
Семинар – тек теориялық ой-пікір алаңы ғана емес, сонымен қатар білім беру саласындағы жаңа бағыттарды айқындайтын маңызды диалог алаңына айналды. Қатысушылар өз тәжірибелерін ортаға салып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді әрі жауапты пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара қорытындысында баяндама жасап, белсенділік танытқан қатысушыларға Бородулиха ауданының “Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің” басшысы И. Бельскаяның Алғыс хаттары табысталды.
Осындай мазмұнды басқосулар – заманауи білім беру жүйесінің дамуына серпін беріп, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Ерік Қайратбекұлы, журналист
