Абай облысында есірткіге қарсы күрес күшейтілуде

Абай облысында есірткіге қарсы күрес күшейтілуде
29.04.2026

Қазіргі таңда есірткі бизнесі мен нашақорлық тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан бұл дертпен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті саналады.Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Думан Үкіжанов мәлімдеді.

Биыл Абай облысында заңсыз айналымнан шамамен 60 килограмм есірткі заттары тәркіленген.

Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде синтетикалық есірткілердің таралуы алаңдаушылық туғызуда. Олардың қатарында «мефедрон» және «скорость» секілді заттар бар. Мұндай есірткілер көбінесе Telegram және басқа да әлеуметтік желілер арқылы жасырын түрде таралады. Бұл іске тартылатын адамдарды көбіне «закладчиктер» деп атайды. Олар интернет арқылы курьер ретінде жұмысқа қабылданып, есірткіні арнайы орындарға қалдырумен айналысады.

– Азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы ұсынылатын күмәнді жұмыс түрлеріне сенбеуге шақырамыз. Жеңіл ақшаға қызығып, заңсыз әрекеттерге бару көбіне қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Мұндай әрекеттің соңы көбіне бас бостандығынан айыру жазасына алып келеді, – деді Думан Үкіжанов.

Сонымен қатар жыл басынан бері облыста нашақорлықтың алдын алу бағытында 250-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді. Оның ішінде мектептер мен колледждерде кездесулер, лекциялар және түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылып, жастар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Leave a Reply