ГИМНАЗИЯ МЕРЕЙІН АСҚАҚТАТҚАН ҚАЛАЛЫҚ ЭССЕ БАЙҚАУЫ

2026 жылдың 17 сәуірінде Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлының 160 жылдығына орай «Финляндия қалай оянды?» кітабы негізінде, “ASYQ” әдеби клубының ұйымдастыруымен қалалық эссе байқауы өтті.

Аталған байқау жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, ұлттық санасын жаңғыртуға бағытталған маңызды рухани шаралардың бірі болды.

Білім додасына қала мектептерінен 60-қа жуық оқушы қатысып, өз ойларын терең мазмұнмен, көркем тілмен жеткізе білді.

Байқау нәтижесінде «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназиясының» 6–8 сынып оқушылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, үздік нәтижелерге қол жеткізді.

Атап айтқанда, 8 «В» сынып оқушысы Сембай Інжу қатысушылар арасынан топ жарып, жүлделі II орынды иеленді. Ол арнайы Дипломмен марапатталып, 25 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды. Бұл – оқушының ізденісі мен шығармашылық қабілетінің айқын дәлелі.

Іс-шара бағдарламасында “ASYQ” әдеби клубының мүшелері тарапынан тақырыптық дәріс те оқылды.

Айта кетейік, жүлдегер атанған Сембай Інжу – «Ақ қауырсын» үйірмесінің жас ақын шәкірті.

Сонымен қатар гимназия намысын абыроймен қорғаған дарынды оқушыларымыз да қалыс қалған жоқ. Олардың қатарында:

Дуанбек Нұрдәулет (7 «А»), Қабылкадырова Сабина (7 «Б»), Досумханова Аяна (7 «В»), Байсагат Қарлығаш (8 «Б»), Еділбай Айша (6 «Г») бар. Аталған оқушылар байқауда белсенділік танытып, өздерінің білімдері мен шығармашылық әлеуетін көрсете білді. Олар арнайы сертификаттармен марапатталды.

Бұл жетістік – гимназия ұстаздары мен оқушыларының бірлескен еңбегінің жемісі. Жас буынның білімге, әдебиетке деген қызығушылығы мен талпынысы осындай байқауларда айқын көрініс табуда.

Гимназия ұжымы жеңімпаздар мен қатысушыларды шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра берулеріне тілектестік білдіреді.

Жеңістеріңіз көп болсын! Сіздер – гимназия мақтанышысыздар!

 

Асқар Бектұрған, журналист

Leave a Reply