“ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНДА”
РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ КВИЗ-САЙЫС ӨТТІ
“ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНДА”
РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ КВИЗ-САЙЫС ӨТТІ
“Абай облысы Бородулиха ауданының Мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының” ұйымдастыруымен 25 қазан – Республика күніне арналған «Республика күніне арналған интеллектуалды квиз-сайысы» өтті.
Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін дәріптеуге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және қатысушылардың танымдық білімін арттыруға бағытталған шараға аудан колледжі мен мектебінен құралған қос бірдей «Жігер» және «Абай» топтарының жастары қатысып, өзара білім сайысына түсті.
Іс-шараның ашылуында орталық директоры Атаева Мейрамгүл Балабайқызы қатысушыларды мерекемен құттықтап, Республика күнінің еліміздің тарихындағы орны мен маңызын атап өтті. Сонымен қатар ел бірлігін сақтау, мемлекеттік құндылықтарды құрметтеу және отансүйгіштік рухты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Квиз-сайыс барысында «Жігер» және «Абай» топтары арнайы әзірленген тапсырмаларға жауап беріп, ел тарихы, тәуелсіздік, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық құндылықтарға қатысты білімдерін ортаға салды. Қатысушылар әр кезеңде белсенділік танытып, тапқырлықтарын, ой ұшқырлығын және ұйымшылдықтарын көрсетті.
Интеллектуалды сайысты орталық оқытушысы Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы жүргізді. Ол сайыстың мазмұнды әрі қызықты өтуіне ықпал етіп, қатысушылардың өз білімдерін еркін танытуына мүмкіндік берді.
Сондай-ақ іс-шара барысында «Әділет» партиясы Бородулиха аудандық филиалының төрағасы Эльдар Конорбаев сөз сөйлеп, Республика күнінің тарихи және қоғамдық маңызына тоқталды. Мерекенің елдік сананы қалыптастырудағы, азаматтық жауапкершілікті арттырудағы және ұлттық бірлікті нығайтудағы рөлін атап өтті.
Сайыс соңында барлық қатысушы жастарға белсенділіктері мен білімге деген ынталары үшін арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттар қатысушылардың еңбегін бағалап, олардың алдағы уақытта да білімін жетілдіріп, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуына серпін бермек.
Тағылымы мол шара қатысушылардың білімін шыңдап қана қоймай, ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, ортақ құндылықтар төңірегінде бірлік пен ынтымақты нығайта түсті.
Республика күні құтты болсын!
Еліміздің тұғыры биік, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын! Қазақстанымыз өркендеп, көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін!
Журналист – Асқар Бектұрған

