ПАВЛОДАРДА ЕКІ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ  ҰЛТТЫҚ ҰЛАН САРБАЗЫ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

             Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге келген екі жүзге  жуық   сарбаз Отан қорғауға салтанатты түрде ант берді. Еліміздің әр өңірінен келген жас сарбаздар енді бір жыл  көлемінде Павлодар қаласының қауіпсіздігін күзететін жауынгерлік қызметті атқаратын болады. Салтанатты шараға  әскери бөлім басшылығы мен ардагерлері, сарбаздар ата-аналары, құқық қорғау органдарының және «Сарбаздар аналары» комитетінің өкілдері қатысты.

        –   Құрметті  сарбаздар, бүгін сіздер Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық  демдерің  қалғанша адал болуға, егеменді еліміздің Конституциясы мен заңдарын  қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант бердіңіздер! Бұл өте маңызды сәт! Ол үшін  осынау байтақ даланы мирас қылып кеткен, ғасырлар бойы ерліктің, табандылық пен батырлықтың  үлгісі болған батыр бабаларымыздың  жолын жалғастыра білуіміз керек! Жауынгерлік қызметтеріңе  адал әрі қырағы болып, бір жылдық әскери борыштарыңды  абыроймен орындап, аман-есен үйлеріңе оралуларыңа тілекшімін, дейді әскери бөлім командирі полковник Арман Пернеқұлов.

        Сарбаздар өз кезегінде «отанқорғаушы» деген қастерлі ұғымға берік болып, өздеріне сеніп тапсырылған жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқаруға сенімді екендерін жеткізді. Абай, Ақмола, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған  отан қорғаушылар жауынгерлік  қызметтің  қыр-сырын үйреніп,  әскери жарғыларды жаттаған.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Leave a Reply