КУРЧАТОВ ҚАЛАСЫНДА КОНДЕНСАЦИЯЛЫҚ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
 03.07.2026.   
КУРЧАТОВ ҚАЛАСЫНДА КОНДЕНСАЦИЯЛЫҚ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Курчатов қаласында қуаты 700 Мегаватт болатын жаңа конденсациялық электр станциясының (КЭС) іргетасын қалау рәсімі өтті. Маңызды шараға облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, «Курчатов» КЭС жобасының инвесторы Темірлан Өтегенов қатысты.

«Курчатов» КЭС жобасы – еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған ірі стратегиялық бастама. Жаңа электр станциясы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, электр қуаты тапшылығының тәуекелдерін азайтуға, өнеркәсіптің дамуына серпін беруге және жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік жасайды.

Жобаны іске асыру мерзімі 2026–2032 жылдарға жоспарланған. Станция толық пайдалануға берілгеннен кейін жылына 5 миллиард кВт·сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, елдің бірыңғай энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге ықпал етеді.

Жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Құрылыс кезеңінде 5 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылса, станция іске қосылғаннан кейін 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл Курчатов қаласы мен жалпы Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген аймақ басшысы бұл жоба еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті.

« Бүгін біз Абай облысы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін тарихи маңызы бар оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қуаты 700 мегаватт болатын Курчатов конденсациялық электр станциясының іргетасын қалап, болашаққа арналған естелік капсуланы салудамыз. Бұл – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған үлкен стратегиялық жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін күшейтіп, жаңа генерациялау қуаттарын іске қосуды басым міндеттердің бірі ретінде айқындады. Бүгінгі жоба – осы маңызды тапсырмаларды жүзеге асыру жолындағы нақты қадам. Жаңа энергетикалық нысандарды іске қосу – уақыт талабы. Біздің облыс еліміздің энергетикалық әлеуетін нығайтуға қомақты үлес қосып келеді. Станция пайдалануға берілгеннен кейін 400 тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, инфрақұрылымның жаңаруына және облыс экономикасының жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізеді. Ең бастысы – бұл жоба Курчатов қаласының одан әрі индустриялық дамуына серпін береді. Осы маңызды жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкіметке, Энергетика министрлігіне, инвесторларға және осы құрылысқа атсалысатын барша азаматтарға облыс жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Берік Уәли.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бұл жобаның еліміздің энергетика саласының ғана емес, ел экономикасының дамуына тың серпін беретінін айтты.

Қазіргі уақытта Ертіс өзеніндегі Шүлбі су электр станциясы 702 МВт орнатылған қуатымен республиканың негізгі гидроэнергетикалық нысандарының бірі саналады. Алайда гидроэнергетика су ресурстарының көлеміне тәуелді болғандықтан, елдің энергетикалық жүйесінің сенімділігі үшін генерация көздерін әртараптандыру маңызды. Осы бағытта Абай облысында бірнеше ірі энергетикалық жоба қатар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қуаты 350 МВт болатын Семей су электр станциясының құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар Шүлбі су электр станциясының екінші кезеңі іске асырылып, оның қуаты 702 МВт-тан 1050 МВт-қа дейін ұлғайтылады. Бұдан бөлек, Семей қаласында қуаттылығы 360 МВт болатын ЖЭО-3 құрылысы жоспарланып отыр.

Leave a Reply