ҚАЗАҚТЫҢ ОЙШЫЛ ҰЛЫ АҚЫНЫ

 

Данышпан ақын, ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлы – қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл қазақ халқының рухани нәр бұлағы, жан азығы, болашағының адастырмас темірқазығы.

            Халқымыз Абайдың ұлылығын, даналығын сырлы жүрегін бесік жырынан, отбасы – қарашаңырақтан тыңдап өсті. Оның әр сөзі ұрпақ тәрбиесіне өнеге болары сөзсіз. Өйткені Абай туған халқының данышпан ұлы, қасиетті ана тілінің шешендік бастауы, қамқор ғұламасы.

            Абай халқының жарқын болашағы үшін алысты болжаған терең ойдың, үлкен сарынның ақыны алды-артын шолып, қазақ халқының жалғыз әдебиеті емес, бүкіл рухани мәдениетінің келешегіне жөн сілтеп кетті. Ол қазақ ұлтынан туғанын, сол ұлттың өркеңдеуіне бойдағы бар қайратын, ойдағы бар ақылын жұмсауға міндетті екенін ұмытпаған. Ұлы ақын тар заманда, «соқтықпалы соқпақсыз жерде, халықтың игілікті ісіне қарсы топпен жалғыз алысып, халқының көшін жаңа жолға – мәдениет, өнер-білім жолына бастады. Халқының тарихын өзгертіп, жаңғырту жолында қажымай еңбек етті.

            Ақын қазақ елінің дәл бүгінгідей ерікті, берекелі, бірлікті, күшті, мәдениетті, бай, бақытты ел болуын көкседі.

            Абай қазақтың әрбір ұлы, қызының еркі, бостандығы үшін, ой-санасын жетілдіру, ержеткізу үшін күресті. Оларды халқын сүюге, халқы үшін, адам баласы үшін қызмет етуге шақырды, адамгершілікке баулыды.

            Ақын өлеңдерінен халық өмірінің кең көріністерін ғана байқап қоймаймыз, сонымен қатар оның арманы мен үмітін танимыз және қасиетті мұңға толы үнін естиміз.

            Ұлы ақын шығармасы тұнып тұрған терең ой мен поэтикалық рух адамның жан дүниесін нұрландырып, асқақ мұраттар мен биік мақсаттарға үндейді. Соның ішінде әлемдік поэзияның алтын қорынан ойып тұрып орын алған өлендері мен поэмаларын былай қойғанда, оның қара сөздерінің өзі заманның зердесі, тыңнан түрен салған толғаныс-туындысы саналып қана қоймай, бүгінгі қазақтың да өмірлік қағидаларына айналған, болашақта да мәні мен мағынасын жоймайтын, уақыт өткен сайын биіктен көрінетіні сөзсіз.

            Абай: «Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Және ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері…», – деп оқырманға ой салады ұлы ақын.

            Сонымен қатар ұлы ақын қазақтың жаңа әдебиетін – мағынасы терең, тілі орамды, өрнегі шебер, кестесі көркем әдебиетін жасады. «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген сертіне жетті.

            Халқына «іші алтын, сырты күміс» өлең қазынасын, мәңгі өлместей асыл сөз қазынасын қалдырды.

            Ол өз халқын мейлінше сүйді. Сол өз халқын сүю арқылы онымен тілек-арманы, тарихи тағдыры бір, орыс халқының мәдениетін, өнерін бағалады.

            Өмір бойы халқының қайғы-шерін жазып, мерейін көтеру жолында қызмет етті. Ақын халқына тек өз тұсында ғана қызмет етіп қойған жоқ, ол өзінің жарқын бейнесімен, асыл сөздерімен бүгін де қызмет етіп отыр.

            Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек, – дейді 38 ші қара сөзінде, – әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білемін», – деп, бұл үшеуімен аяусыз күресті де, оларды жоюдың емі – ғылымды, адал еңбекті, адамгершілікті атап, өзінің шығармаларында осы үшеуін өмірінің соңына дейін дәріптеді.

            Абай ұлт үшін орыны ерекше болған дана тұлға. Ұлы дарын иесінен қалған мұра сөз қадірін таныған кімнің болса да жүрегінен орын тауып, жанын тербеді. Абайға бас қойғанның іздегенін таппағаны кемде кем. Сондықтан да болар, Абай шығармашылығы әр кезеңде зерттеуші қауымның нысанасына айналып, біріміздің кәсібімізге негіз болып, енді бірімізге рухани азық, жанымызға қуат, айтарымызға уәж болып келе жатыр. Абай тағылымын алмаған қазақ жоқ.

            «Ұлы ақынның талантының ұлылығы осы биік халықтығында. Ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді, халық үшін ойлап, халық үшін сезіне жүріп,оның тарихи келешегін көрсетіп берді», – дейді М.Әуезов.

            Ұлы ойшылдың бүгінгі күн биігінен қараған сайын жарқырап көрініп, көңілдің елең еткізетін ой-тұжырымдарын кез-келген шығармаларынан табуға болады.

            Ғылымды іздеп,

            Дүниені көздеп,

            Екі жаққа үңілдім.

            Құлағын салмас,

            Тілінді алмас,

            Көп наданнан түңілдім, деп ақынның толғануы, сол заман шындығы. Ақын өмір сүрген заманға үңілсек, бұл өлеңнің басқаша жазылуы мүмкін емес.

            Тамағы тоқтық,

            Жұмысы жоқтық,

            Аздырар адам баласын, деп ұлы ақынның айтқанына ғасырдан астам уақыт өтсе де осы бір данышпандық ой өз мінін жойған жоқ. Қазіргі нарықтық экономика жағдайында бұл өлеңнің мән-мағынасы үсті-үстіне арта түскендей.

            Абайдың ойшылдық қарымы мен зерттеушілік тегеурінін де өз заманының шым-шытырық қайшылықққа толы шындығын белгілеп берді. Сол шытырманнан шығар жол іздеп жүріп, ол өз халқының ұлттық бітімін жан-жақты пайымдады.

            Ұлы ақынымыздың шығармалары ғасыр бойында халқымызға көркемдік ұстаз қызметін атқарып келеді. Оның өлеңін жаттамаған, әнін айтпаған, асыл ойларын үлгі тұтпаған қазақ жоқ десек, артық айтылғандық емес. Өмірдің түрлі құбылыстарына берген Абайдың бағалары мен байлаулары, сындары мен шындары, теңемесі мен ішін тереңдей тануға көмектеседі.

            Ол өзінің қазақ ұлтынан туғанын, сол ұлттың өркендеуіне бойдағы бар қайратын, ойдағы бар ақылын жұмсауға міндетті екенін өзі ес білгеннен өле-өлгенше ұмытпаған адам.

            Абай халқының рухани тұтқасы. Осыны түсінген ақын өзін күреске шындайды, әлеумет мұқтажына сай, сайысқа шығар қайраткерге жарасымды мінез қалайды, өзіне-өзі сын көзімен қарайды. Ұлы ақын қағидаларының бүгінгі өмірімен қалай үндесіп жатқанын күнделікті тіршіліктен-ақ байқауға болады.

            Ақын жасампаздыққа, парасаттылық пен ынтымаққа үндеуші идеялары Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттардың өкілдеріне бірдей құнды, ортақ қазына. Сондықтан Абайдың әр мерейтойының шын мәнісінде ұлттық мерекеге айналуы осыдан.

            Абай тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл дүниеге аты мәшһүр болған тағылымды да терең ойлы тұлға. Оның бойында жер жүзінде жария болған ұлылардың ұлағаттылығына ұқсас қасиеттер баршылық.

            Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық рухани өмірінің қайта өрлеу процесі бос жерде өрбіп, жоқтан пайда болмайтындығы белгілі. Олай болса Абайдың күрделі ұлттық өмірдің барлық қырларын ашатын, ондағы кем-кетікті жамауға көмектесетін рухани шығармашылық мұрасы қазақ халқымен бірге адамзаттың тіршілік қаракетіне қызмет ете беруі керек. Абай тәлімі тек қазақ ұлтының рухани келбетін сындарлаумен  шектелмейтіні, оның әлем халықтарына рухани тыныс берері шындық. Халықтық рухани, мәдени қазыналарының алмасуы арқылы бірін-бірі тану-білу тарихында қазақтың ұлы ақыны Абайдың орны мен рөлі ерекше адамзаттың мәңгілік, ұлағатты да, ұлы ұстазы. Ол ғибраты мол ғұлама. Абайдың өзі бүкіл бір ғылым.

            Ұлы ақын – халқының, оның ұлттық өмірінің символы. Оның өлмес шығармашылығында халық рухының жарқын күші, қайғысы мен қуанышы сақталған.

            Абай – мәңгі. Абай ұрпағымен бірге жасай береді.

Танирбергенова Эльмира Куанышкановна

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

музей-қорығының ғылыми кітапхана қорын сақтаушы

Leave a Reply