МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ АЙНАСЫ
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ АЙНАСЫ
23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қазақ тілінің қызметтік ортадағы қолданыс аясын кеңейту және мемлекеттік қызметшілердің тілдік мәдениетін насихаттау мақсатында «Тіл – мемлекеттің мәртебесі» тақырыбындағы қазақ тілі байқауы ұйымдастырылды.
Аталмыш сайысқа Бородулиха ауданының мемлекеттік қызметшілері қатысып, өзара бақ сынап, жүлделі орындарды сарапқа салды. Олар: Әрменов Әділет Әсетұлы – Бородулиха ауданы бойынша Өрт сөндіру бөлімінің маманы, Ахметжанова Сания Серікқожақызы – аудандық Маслихаттың іс қағаздарын жүргізушісі, Бажаева Инара Әсетқызы – аудандық Маслихаттың маманы, Байгулова Қарлығаш Еңбековна – Бородулиха ауылдық округінің бас маманы, Масақбаева Гүлназ Отанғазықызы – «Әділет» партиясының маманы.
Байқау мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тілдік мәдениетін жетілдіруге, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға бағытталды.
Салтанатты шара барысында мемлекеттік қызметші – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір екені, ал мемлекеттік тіл – елдік пен тәуелсіздіктің айғағы екені атап өтілді. Қатысушыларға сәттілік тілеген ұйымдастырушылар мемлекеттік тілде сауатты сөйлеу, ресми қарым-қатынасты жоғары деңгейде жүргізу және азаматтармен ашық әрі мәдениетті байланыс орнату – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді.
Байқау бірнеше кезең бойынша өткізілді. «Таныстыру – мемлекеттік қызметші келбеті» бөлімінде қатысушылар өздерінің қызметтік ұстанымдарын, мемлекеттік тілге деген құрметі мен көзқарасын таныстырса, «Сөз мәйегі – мақал мен мәтел» кезеңінде халқымыздың рухани мұрасын дәріптеп, мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, мағынасын түсіндірді.
«Ресми тіл – қызмет айнасы» кезеңінде қатысушылар түрлі қызметтік жағдаяттар бойынша кәсіби шеберліктерін көрсетіп, мемлекеттік тілде сауатты қарым-қатынас жасаудың үлгісін танытты. Ал «Ой мен тіл» интеллектуалдық бөлімінде тіл, тарих, мемлекеттік қызмет және ұлттық құндылықтарға қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін ортаға салды.
Шараның ерекше әсерлі кезеңі – «Тілге құрмет – елге құрмет» атты шығармашылық бөлім болды. Қатысушылар поэзиялық туындылар мен өзге де шығармашылық жұмыстар арқылы мемлекеттік тілге деген құрметін, ұлттық рух пен елге қызмет ету құндылықтарын дәріптеді.
Байқауға қазылық еткен әділқазылар алқасының құрамында «Абай облысы Бородулиха ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің» басшысы Бельская Индира Юрьевна, аудандық тілдерді оқыту орталығының басшысы Атаева Мейрамгүл Балабайқызы және орталықтың қазақ тілі оқытушысы Ерік Қайратбекұлы болды. Әділқазылар қатысушылардың тілдік сауаттылығына, ойды жеткізу мәдениетіне, ресми стильді меңгеру деңгейіне және шығармашылық ерекшеліктеріне айырықша назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, жүлделі орындар мен арнайы номинациялар бойынша марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Мемлекеттік тіл – мемлекет тұтастығының негізі, ұлттық рухтың өзегі. Сондықтан мемлекеттік қызмет саласында қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оны күнделікті қызмет барысында кеңінен қолдану – уақыт талабы.
«Тіл – мемлекеттің мәртебесі» атты байқау мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық әлеуетін танытқан, мемлекеттік тілдің абыройын асқақтатуға бағытталған мазмұнды әрі тағылымды шара ретінде көпшілік көңілінен шықты.
Мемлекеттік тілге құрмет – елге құрмет, ал мемлекеттік қызметшінің тілге деген жанашырлығы – елге адал қызмет етудің жарқын көрінісі.

