ТІЛ МАМАНДАРЫ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ

2026 жылдың 1 – 5 маусым аралығында Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде тіл мамандары мен оқытушыларға арналған біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды.
«Білім берудегі іс-қағаздар: мемлекеттік тілдегі сауаттылық, SMART-технологиялар және заңнамалық стандарттар» тақырыбында өткен бұл курс мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, ресми құжаттарды сауатты жүргізу дағдыларын жетілдіруге және білім беру саласындағы заманауи технологияларды тиімді пайдалануға бағытталды.
Аталған курсқа Абай облысының Лингвистикалық орталығының мамандары мен Курчатов қаласы, Бесқарағай, Бородулиха және Көкпекті аудандарындағы тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары қатысты. Бір апталық оқу барысында тыңдаушылар іс жүргізудің жаңа талаптарымен танысып, мемлекеттік тілдегі құжаттарды әзірлеудің өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, білім беру үдерісінде SMART-технологияларды қолданудың тиімді тәсілдері қарастырылып, заңнамалық құжаттардағы соңғы өзгерістер бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізілді.
Курс бағдарламасы теориялық және практикалық бағыттарды қамтыды. Қатысушылар ресми-іскерлік стильдің ерекшеліктерін, құжаттарды әзірлеу мен ресімдеудің заманауи талаптарын меңгеріп қана қоймай, цифрлық платформалар мен инновациялық технологияларды оқу үдерісіне енгізудің тиімді жолдарын үйренді. Өзара тәжірибе алмасу алаңы ретінде ұйымдастырылған дәрістер тіл мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыруға зор мүмкіндік берді.
Осындай тағылымды шаралар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, құжат айналымындағы тілдік сауаттылықты жетілдіруге және білім беру саласындағы инновациялық үдерістерді дамытуға ықпал етеді.
Біліктілікті арттыру курсының қорытындысында барлық қатысушыларға белгіленген үлгідегі сертификаттар табысталды. Бұл құжат олардың кәсіби білімін жетілдіріп, жаңа бағыттар бойынша тәжірибе жинақтағанын айғақтайды.
Аталмыш курсқа қатысушылар ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдіріп, мұндай курстардың тіл мамандары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Бородулиха ауданының Мемлекеттік және басқа
тілдерді оқыту орталығының»
директоры Атаева Мейрамгүл Балабайқызы
