«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН
АЗАМАТТАРДЫ ҚОЛДАУ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРДІ  

Фракция жетекшісі,
депутат С. Егізбаевтың
«Семей ядролық полигоны салдарынан

зардап шеккен азаматтарды мемлекеттік

қолдау шараларын жетілдіру туралы» тақырыбындағы

Премьер-Министрдің атына депутаттық сауалы

(2026 жылғы 3 маусым

Рақмет, құрметті Ерлан Жақанұлы!

Депутаттық сауалымыз Премьер-Министрі Олжас Бектеновке арналады.

Құрметті Олжас Абайұлы! 

«Ауыл» партиясы фракциясының атына Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында құрылған «Полигон-21 комитеті» қоғамдық бірлестігінің өтініші келіп түсті.

Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи шешім қабылданса да, қоғамдық ұйымдар мен бейінді ұйымдардың айтуынша, ядролық сынақтардың зардабы әлі күнге дейін сезіліп отыр. Әсіресе, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында бұл мәселе өте өзекті.

«Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы сонау 1992 жылы қабылданған. Одан бері бірталай уақыт өтті, сондықтан қазіргі заманғы әлеуметтік, медициналық және ғылыми талаптарды ескере отырып, бұл заңды жаңартатын кез келді деп есептейміз.

Қоғам тарапынан әлеуметтік көмектің аздығы, өтемақы есептеу жүйесінің ескіргені және халықты медициналық оңалту мәселесінің бір ізге түспегені жиі айтылып жүр.

Сонымен қатар, 2023 жылғы 5 шілдеде қабылданған «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заңның қаншалықты нәтижелі жузеге асырылып жатқанына да ерекше назар аудару керек.

Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып келесі сұрақтарға назар аудару қажет:

– қазіргі заманғы әлеуметтік, медициналық және ғылыми талаптарды ескере отырып, «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын кешенді түрде жаңарту мәселесін қарастыруды;

– бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумақтарында экологиялық мониторинг шараларын күшейтуді және осы салада ашық қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуді;

– Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен аумақтар мен халықты кешенді оңалту жөнінде мемлекеттік бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін зерделеп, онда.

– зардап шеккен аймақтарда арнайы медициналық орталықтар ашу;

– жыл сайын халықты тереңдетілген медициналық тексерістен өткізу;

– зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;

– санаторий-курорттық емдеу мүмкіндіктерін кеңейту;

– экологиялық мониторинг пен қоғамдық бақылауды күшейту;

– ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды молайту мәселелерін қарастыру .

Құрметпен, «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары. 

Назарларыңызға рақмет! 

Leave a Reply