«ҚАРА ӨЛЕҢМЕН, ҚҰДЫРЕТІМ ҚАРА СӨЗ…»

 «ҚАРА ӨЛЕҢМЕН, ҚҰДЫРЕТІМ ҚАРА СӨЗ…»

Қанат АЛТЫНБЕКҚазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Қазіргі таңда ҚР Ұлттық кітапханасының Ғалым хатшысы. Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, Философия кафедрасының магистрі. 2022 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Тарих» факультетін бітірген. Мектеп қабырғасынан бастап, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық басылым беттерінде өлеңдері, эссе-мақалалары жарияланып келеді. Академик Жақыпбек Алтаевпен бір авторлықта 2023 жылы «Түрік өркениетіндегі әл-Фараби феномені», «Әл-Фараби Ислам философиясының бастауы» атты қос монографиясын қазақ ғылымына қосты. «Түрік философиясы антологиясының» 3 томында редактор, автор, құрастырушы қызметтерін атқарды. «Қазақ» тарихи-философиялық зерттеулер жинағының жауапты редакторы. 2023 жылы тұңғыш «Апамның алақаны» атты әңгімелер мен өлеңдер жинағы жарық көрді. Сонымен қатар, «Көктем нәрлі болмаса…», «Өркениеттер өткелі» публицистикалық кітаптары, «Хазірет пен құзірет» тарихи деректі эссе романы, «Біртұтас Алатау аспаны» әдеби зерттеуі, «Қарасөз – қоғам құбылысы» эссе кітаптарының авторы. Бүгінде 50-ден астам ғылыми-публицистикалық мақалалардың авторы.

ӘДЕБИЕТ АНТЫ

Алла атымен басқан соң алғы адымды,

Таптатпан еш уақытта талғамымды.

Поэзия патшалығы тылсым әлем –

Қалпағымен қағады жалғаныңды.

Ардың ісі әдебиет нардың ісі,

Ар-ұяты жүректе бардың ісі.

Өтірікпен былғасаң парағыңды,

Көпіріктен тұрады әр бұрышы.

Ұйқас қуып, сөз теріп шарласаңда,

Адал өлең жаза біл анда-санда.

Құзғын құсқа теңейді, ол шайырды,

«Қыран» болып көгіңде самғасаңда.

Қағанатын қатайтсаң әлеміңнің,

Қайырымын аласың сәлеміңнің.

Шынды орасаң жалғанды шеберлікпен,

Дәйегі бар деген сөз дәлеліңнің.

Құлагерді мінгізгендей ұлы елім,

Құба желге қарсы шапқан ұл едім.

Телмірмеймін өзгелерге ешқашан,

Көктен алам, елден алам керегін.

Көтермеймін әдебиеттің обалын,

Сезінген соң дүниенің шолағын.

Қолымдағын қонышқа тықпастан,

Шындығымды көре берер қоғамым.

Абайдай бабам өткен текті, мықты,

Заманымды болжаған жеткілікті.

Қырандар көлеңкеде, құзғын көкте,

Бұлбұл торда, қарғалар шеп құрыпты.

Жыр дегенде жасының бөгелмейді,

Зор шабытсыз поэзия теңелмейді.

Кеңеймейді көкжиек мадақ жырмен,

Жетіп тұрса көкке де төбең мейлі.

Шонжарлар арсыз ақын дөнен жалдап,

Кетеді соңдарынан өлең жолдап.

Тың жолдан түрен салсам білек түріп,

Өткенімде кеткен кекті терең барлап.

Ұлылардың шекпенін алдым киіп,

Ғазалдың ауыр жолы шалдым күйік.

Сабақтастық салтын бұзбай бүгін менде,

Келеді шоқжұлдыздай жанғым биік.

Артық сөйлеп, асып айтып, не дейін,

Аман болсын саф жүрекпен көмейім.

Қара өлеңмен, құдыретім – қара сөз,

Ел ісіне мен өзімді жегейін.

Жауқазынмын  жауһарға жаным құмар,

Орманына еніп кеттім, қалың шұбар.

Ант беріп әдебиетке бастым қадам,

Кеудемде жарқырайды арым тұмар.

Әдебиетсіз ұшыпта, қона алмаймын,

Қия кетсем құзыңнан, оңалмаймын.

Құлагермін шабан ат бола алмаймын,

Тағдырыма жаманат бола алмаймын.

Тар жолда тайғақ кешкен алашымның,

Ұлымын құндақтаған анашымның.

Ұлтанымын ұлтымның жүк көтерер,

Тұрамын таутекедей құза–шыңның.

Жаспен бәсін талақ етіп замандастың,

Армысың деп әдебиетпен амандастым.

Ұясынан кетсем де әдебиеттің,

Сиясынан кетпеспін қаламдастың.

 

«АПАМНЫҢ АЛАҚАНЫ»

Болмаса да дәл қазір маңайымда,

Алақаны апамның самайымда.

Есіме алып шуақты күндерімді,

Салынамын мен кейде сар уайымға.

 Жатыр жаным сағынышта өртеніп,

Сап тиылып санамдағы еркелік.

Талақ етіп,  ғасыр көрген өмірін

Апам кетті өмірімді көмкеріп.

Апам еккен өсіп келед(і), нағыз дән,

Сол бір дәнге нұр бұлағын ағызған.

Аямастан мейірімнің шуағын,

Жүрегімнің түкпіріне тамызған.

Апам маған етіп еді көп еңбек,

Жүзіндегі әжімдері тереңдеп.

Бір сәт кетсем, жанарынан жыраққа,

Жатушы еді лезде мені түгендеп.

Жүзі апамның, аспанымның ай-нұры,

Ол бар кезде білмеуші едім қайғыны.

Ал, бұл күнде көрінбейді ай мен күн,

Сарқылғандай кілт санамның байлығы.

Кесесі бар қолымда ол ұстаған,

Жүзігі тұр, алтын, күміс, мыстаған.

Ілулі тұр исі сіңген орамал,

Санамда тұр ақыл-ойы нұсқаған.

Ұршық, жібі үстелде тұр сайманы,

Өзгеше еді ою өрнек байлауы.

Содан қалған сырмақ, кұрақ көрпесі,

Сол жұбаныш көңілімнің байламы.

Ол құраған құрақ көрпе бүлделі,

Әр жібінен сезіледі нұр лебі.

Бар қайғыға қалқан еді дұғасы,

Ол бар кезде іргелі едім ілгері.

Құлағымда ұмытпаймын дауысын,

Батасымен бітуші еді бар ісім.

Ол айтқанда ертегі мен дастанды,

Қиялыммен аралар ем тау ішін.

Танауымда исі апамның тұр әлі,

Сөреде тұр көне оқыған Құраны,

Тәннен өзге бәрі қалды артында

Қарашықтай сақтап өтем мұраны.

Апам айтқан мұраға туыс қанық,

Нанын жедім ол берген уысқа алып.

Жетімсіреп, телміріп жан-жағыма,

Ол кеткенде кеттім мен қуыстанып.

Түгел білер дүниені ғұламадай,

Зередей зердесінде тұрад(ы) Абай.

Маған бөлген бар уақыт ғұмырыңды,

Хақ тағалам о дүниеде сұрамағай.

Ділмар едім, болмадым тілі шұбар,

Апам айтқан ақылдың ырысы бар.

Елесіңді елестеп, кемсеңдеймін,

Тұлғамда тәрбиеңнің тынысы бар.

Аллаға айтам ол жоқта нала-мұңды,

Қарашықтан ұғатын қабағымды.

Апам еккен рухпен жүрсем егер,

Дүлейіңде баса алмас талабымды.

Не айтсамда мені қолдап түсінеді,

Мен шалынсам қайғырып күрсінеді,

Алақанмен аймалап, сүйіп беттен

Бар бақытты сәттерім түсіме енді.

Сағыныштан сапырылды төзімім тым,

Көру үшін апамды көзімді ілдім.

Лезде бастым құшақтап, бар мауқымды,

Ойанған соң болды да сезімім құм…

Апам еді бар жалғанның шындығы,

Көңілімде көк аспанның кірбіңі.

Бала күні бағаламай уақытты,

Қазір ғұмыр құмсағаттай сырғыды.

Сүюші едің кір қожалақ түрімді,

Күн шуақта пісуші едің күбіңді.

Күбің қалды, түрім қалды артыңда,

Кім сүйеді апау мені бүгінгі.

Жүріп келем өзің айтқан ізіңмен,

Жолығамын пәк түсімде жүзіңмен.

Ар, ұятты, парасатты саналы,

Осыларды жүйеледім тізіммен.

Көзім жетті кеткеніңе пәниден,

Лезде есейдім жігіт болып сәбиден.

Сені көріп қалғандай боп қуанам,

Камзол киген әже көрсем әр үйден.

Тамшы жасқа талғажау ғып тасаны,

Аспанымнан сенсіз бұлттар қашады.

Оқшаулансам ата-анамының алдында,

Өлең мені бауырына басады.

Құрғыр күрек қалай түсті қолыма,

Ақыретің апау сенің болды ма?

Құран оқып кете бардық көлікпен

Төбешік боп қабір қалды қорымда.

Қош бол апа, жүректегі шынарым,

Шөл қандырар сарқылмайтын бұлағым.

Базарынан шаршағанда жалғанның,

Мазарыңа жиі келіп тұрамын…

 

САҒАН ЕШКІМ РЕНЖІМЕСІН

Көкте күнің шуағын таратқанда,

Әр күніңе шүкір ет, Жаратқанға.

Ізгіліктің арайлап таңы атқанда,

Саған ешкім ешқашан ренжімесін!

Ағын су таудан құлап, арқыраған,

 Көктен сүйген күнменен жарқыраған,

Жақсылығын білетін жалпы ғалам,

Саған суда ешқашан ренжімесін!

Жіп иіріп тіккен соң жібекпенен,

Оңнан бастап киген соң тілекпенен,

Қадірін біл киімнің жүрекпенен,

Саған киім ешқашан ренжімесін!

Анттасып, достасқан соң адамменен,

Пейіліңді бұзбасын заман деген,

Қасыңды дос еткен соң санаңменен,

Ешқашан досың саған ренжімесін!

Өміріңнен көрсең де көресіңді,

Жаныштаумен келсе де өресіңді,

Жоғалтсаңда жолдарда көп есіңді,

Ешқашан ғұмыр саған ренжімесін.

Жетім етіп, ата–анаң бала кезден,

Болса да сені тастап, дала кезген.

Ата-анаға қарама ала көзбен,

Олар саған ешқашан ренжімесін!

Шайнап берген наныңды ұмытса да,

Тар дүниесін байлық кеп жылытса да,

Жан дүниесі ақшаға құнықса да,

Ұл–қызың саған мүлде ренжімесін!

Қараған соң айнаға мүсінденіп,

Қалса да сол мүсінде түсің кеміп,

Айнаның айтқан сынын түсін көніп,

Бірақ саған айна да ренжімесін!

Таптап жатса тар қоғам табанға алып,

Бар жүкті артса-дағы саған халық,

Жаураса да жүрегің жалаң қалып,

Саған қоғам ешқашан ренжімесін!

Сынағын жіберсе де көк пен жерден,

Байлығыңды азайтса өктемдерден,

Риза бол тағдырға көктен келген,

Саған Құдай ешқашан ренжімесін!

Тасадан тас атса да, саусақ бүгіп,

Дұшпандарға қалмасын тау-сақ сынып,

Арамзаның үйінен алшақ тұрып,

Дұшпаның саған мүлде ренжімесін!

Қанша ғұмыр сүрсең де қиын, оңай,

Бақансыз тіктелмейді үйің оңай,

Адамзатқа жоғалса сыйың оңай,

Саған тағдыр ешқашан ренжімесін!

Бүйіріңнен күнәң үшін қысса да,

Жалынымен жаһаннамда жұтса да,

Көп кеміріп, құрт кебінді жыртса да,

Саған қабір ешқашан ренжімесін!

Тағдырға таңып қойып тұла бойды,

Құлдыратып алмайық тұмар ойды,

Адамзатқа қайтесің өкпе сақтап,

Іште сақтап, керексіз көпке шашпақ.

Қайғысыз атыр таңды, батыр айды,

Алла өзі пендесін бақылайды.

Қамшыдай қысқа ғұмыр түсін, досым,

Тамшыдай ренішке татымайды.

 

ҚАЗЫҒҰРТЫМ ҚАСИЕТТІ ҚОНЫСЫМ

Кеме қалған басында, бұйрығымен Құдайдың,

Ну жеріңе еніп кеп, топырағыңа құлаймын.

Малға жайлы, жанға шипа Қазығұрт –

Өз жеріңнен теріс теппе, соны ғана сұраймын.

Жүргенім жоқ шалғайда сенен қашып,

Қай кезде де өзіңе құшақ ашық.

Тірлікке артып бар себепті, деме  сылтау,

Сен дегенде тұрады көңіл тасып.

Көк түтінді жұтамыз танау тартып,

Сұм қалада сондай бір қатаң тәртіп.

Тартып кеткім келеді лезде саған,

Шаһардың бар заһарын тартпай артық.

Кеткенім жоқ өзіңнің тарлығыңнан,

Қаша алмадым, жазмыштың жарлығынан.

Топырағыңа қаны тамған бабамның,

Қастерлісің сол үшін барлығынан.

Жүрек толқып тербейсің, ескі әуенге,

Кемең де тұр кімнен қалған төбеңде?

Топырағың Қазығұртым май ғой шіркін,

Талай дүлдүл өткен екен сенен де.

Өз ұланың бүгінде бас ұрды кеп,

Заңғар тауың әр кезде жасыл желек.

Келестің суы қандай, шежірелі,

Тарих шертер балбалдың жөні бөлек.

Шежіреңде толып тұр ақ – қаралар,

Қараң кетіп ағың да дараланар.

Қаратау құның биік қазағыңда,

Қасиетіңе саусақ жетпес санап алар.

Саған барсам көбейеді сұрауым да,

Сауалдарға жауап бар ма қырауыңда.

Естен сірә кетпейді тау мен төбең,

Бабам еккен шынарым тұр ауламда.

Төбеңде күн тұрады шуақ құйып,

Бір күн барам өзіңе сұрақты үйіп.

Көне көмбе көмілген төбелер көп,

Қырда қырқа тұрады жауап түйіп.

Ұланыңмын жарты сөзден жай ұғар,

Тамылжыған келбетіңе құнығар,

Кейде өзіңді қызғанамын өзгеден,

Көптің іші көздерінің сұғы бар.

Есімде әркез ататын жақұт таңы,

Сол нұрымен тәнімді балқытады.

Келестің мөлдіреген ағын суы,

Жанымды думандатып шалқытады.

Тау қыраның көкке ұшып, тас жарған,

Бұл ұланың сол тастарды жастанған.

Ашаршылық зобалаң сол кездерде,

Қазығұртым ақ қарыңа жас тамған.

Тарихпен кеткен ерте дөңгеленіп,

Сол елің шекарадан келді еніп.

Бауырың кең бауырмал Қазығұрт–ай,

Кезінде көк майсаңда кезген елік.

Ойға баттым, мұң тербеп дөңге келіп,

Ұланыңмын әу бастан шерге жерік.

Көнбей жатыр шын шежірең тауарых,

Тұтаспаған бұл күнде жөнге келіп.

Қуантады жан жайлауым толысың,

Танауымда қасиетті тынысың.

Жер жаһанда айырбас жоқ өзіңе

Қазығұртым қасиетті қонысым!

 

АЛМАТЫМЕН СЫРЛАСУ

Алатаудың бауырын жайлап кеткен,

Сәуле шашар күн шуақ жайнап көктен.

Көркіне көзің тойып, тілің жетпес,

Теңеу жетпес өлеңге аймақ неткен.

Оу, Алматы, сен неткен тәккаппарсың,

Тәккаппарсың, иә, сондай шатақтаусың,

Алатауға тамсанып өлең жазсам,

Кәрі тауға қара өлең хат ап барсын.

Суығыңмен тоңдырар аязың бар,

Тереңің бар және де саязың бар.

Домбырадай қос ішек тартып тастар,

Өн бойыңда асауың мен биязың бар.

Сағымдайсың кей кезде айдан бедер,

Сағым қусаң бақытың қайдан келер.

Ағат кетсем, адасып басқа жолмен

Солдаттай боп жүремін майдан көрер.

Сынап бақсам мың бір жүз сынағыңа,

Мініп алам Алатау пырағыңа,

Туған елден жинаған біліміммен,

Жауап берем қандай да сұрағыңа.

Тәлім алам тынымым байығаннан,

Бағым озып көрінер тай-ым алдан.

Жарты сөзден жәй түйіп, ықыласпен.

«Толық адам» боламын жай ұланнан.

Мұң-зарымды ақтарып төгіп іштен,

Досымсың сен уды да бөліп ішкен.

Көз жасымды жуамын қарап тұрып,

Көктөбеден көрінген көрініспен.

Жүйрік қалам қағазда жүгіреді,

Пенделерің фәниге үңіледі.

Сенсің білер барлығын Алма шаһар

Сен арқылы сан арман тіріледі.

Ғашық болам өзіңдей сұлу қызға,

Медеудегі бергенсің жылу мұзға.

Алматылық болу ол – тең дер едім,

Ор текедей тік басып тұру құзда.

Сенде ғұмыр кешкен ғой алмас кілең,

Өзге ұлт, өз туғаным, қандас түгел.

Ақыл, қайрат, жігерім болмаса егер,

Сол көкпарға мені ешкім салмас білем.

Бабам шыққан Қазығұрт құрсағынан,

Менде шықтым солардың дүр сабынан.

Ұлы болып өтсем егер арманым жоқ,

Құламай қара өлеңнің жыр тағынан.

Алатау Алматының қамалындай,

Тұрғындары Алтайдың маралындай.

Тентекті тезге салар табиғаты,

Кейкінің тартып кеткен садағындай.

Көп арсыздар айылын жимағасын,

Кетті асылдар дүниеге симағасын.

Баққа сор боп шығатын көлденең көп,

Соны біліп Алматы қиналасың.

Бұл мекенде қалуым Тәңірге аян,

Қалаға емес, ғаламға тамыр жаям.

Берерім аз, өзіңнен аларым мол,

Басымдағы болса егер бағым баян.

Алатаудан басталған жылғалар көп,

Арналарда қалады тұнбалар боп.

Алматыда туылған тұрғындар аз,

Алатауда жерленген тұлғалар көп…

 

ФАРАБ ТУРАЛЫ ӨКІНІШ

Сан тарихты жасырған топырағына,

Дәуірлерді сыйдырған атырабына.

Құпияға сүйреді мені тарих,

Жел бергендей қара тал жапырағына.

Құпияңа келесің ел жуытпай,

Сол мінезің жей берді жегі құрттай.

Жиған бар деректерім, санамдағы,

Будақ-будақ құралды өңі бұлттай,

Ғасырлардың дүбірі бір кетпейді,

Талай әскер таптаған күн беткейді.

Қан малынған өлкенің топырағы,

Тас-талқан шаһарыма құн жетпейді.

Шошайып төбең қалған бөлек–бөлек,

Қан суарған жерді кім өбектемек?

Ғаламзатқа қайтадан ораларсың,

Адамзатқа рухани қорек керек.

Есең кетіп тарихты жүдеткен көп,

Отқа қақтап теріңді түлеткен көп,

Жалынымен шарпыған қазандықтың

Көрікпенен көркіңді жүдеткен кеп.

Патшалықтар кезінде көп билеген,

Сүйегіңді ғасырлар көп сүйреген.

Рухыңды сақтап қалдың сонда да,

Мың сан қолдан топырағыңды түйреген.

Сан ғасырдан келе жатқан сақталып,

Ұйықтардан өткен еді сақтанып.

Айыр бастап жаһанды жер астына,

Бір ақ сәтте кете барды аттанып.

Қан жауыздар қылышты белге байлап,

Найзасының ұштарын у мен қайрап.

Талқан болды сом шаһар, ел қызыққан,

Күмбезі күн нұрымен көкте жайнап.

Ғылымменен көркейген мынау аймақ,

Тұрушы еді бамдатта шырақ ойнап.

Думаннан дуылдасып дүйім халық,

Қымыз ұрттап, қан тарап тұла бойлап.

Жалғанады тарихтың қиылғаны,

Залымдарға қамалың бұйырмады.

Жатыр сені аңыз қып бүкіл әлем.

Осы емес пе жоғыңның жиылғаны.

Осы емес пе көк нұрдың құйылғаны,

Қазбалап қазынаңды қиырдағы.

Көмбеңнің бірін тапсақ бірін таппай,

Кітаптарың табылып бұйырмады.

Қараймыз көз салғандай қыран бүркіт,

Зұлымдықтан жатыр ма мұраң үркіп.

Табылса екен расымен кітапханаң,

Бағым іздеп табардай, құлан жортып.

Еліктіріп елесің ел кезеді,

Ол ғасырлар адамдар, кең кез еді.

Ал қазіргі қоғамда пиғыл басқа,

Жомарттардың бітелген желбезегі.

Өркениеттің ордасы сен Фарабым,

Жұмбағыңа жүгіртіп ой қарадым.

Жете алмадым көксеген ойларыма,

Үнсіз жатты-ау киелі, бар тарабың.

Құмдана тұр түзелгенше адамзат,

Сен оралсаң жаның тоңар жалаңдап.

Яссауидің кесенесін түрткен ел,

Ол сені де аямайды табанға ап.

 

ҒҰЛАМА

(Әбу Насыр Мұхаммед әл–Фараби туралы)

Жалғанның бес күні, мың құбылады,

Тау, тасқа ғазиз басың ұрынады.

Хақ жолымен қадам басып жүрмесеңіз,

Қанша іздесең таппайсың шұғыланы.

Отырардың өсіп шыққан жас ұланы,

Бетке алып кете барған құбыланы.

Сол тараптан батқан күн, арайланып,

Атады шығыс жақтан шұғылалы.

Өзіменен алып кеткен топырағы,

Еске салып тұратын Отырарды.

Ғылымды жасай білген жасампазым

Жаулай білген ғылымды көз қырағы.

Өмірің мың құпия шым–шытырық,

Тұрғандай аспанымда ай тұтылып.

Талай мұраң тарихи өткелдерде

Кеткен екен елестерге сан жұтылып.

Бұл ғылымда сені ешкім жеңбеген,

Қарсы алдыңа шыға алмаған көлденең.

Сынап көрмек болып сені біреулер

Көрмегенше бір өзіңді сенбеген.

Айтылса да кезінде қаншама сын,

Ұшан-теңіз еңбегің жар салатын.

Ғылыммен ғұмыр жасап өміріңе,

Нұрдан мүсін соқтыңыз тамсанатын.

Жазғаның бізге мәлім, айдай анық,

Ғылымыңды келеміз пайдаланып.

Сан ғасырлар жұтпаған өр атыңды,

Бүгінгілер құрта алмас майдаланып.

Бір шаһарда көп тұрмаған жиі ытқып,

Сом басыңа келген ойлар ұйытқып.

Қолда қалам, жолда ғалам шақырып,

Пырағыңмен көк аспанда жүйіткіп.

Қайырымға шақырып бар ғаламды,

Қыпшағыңмен тартып кеттің сағаңды.

Еңбегіңді бағалаған әр ғасыр,

Тарих берген әр кезеңде бағаңды.

Кеткеніңе мың жыл асты бүгінде,

Өшпеді атың, жарқырады көгімде.

Жүйелерге бөліп кеткен ғылымың,

Адамзатты құтқарады түбінде.

Бар ғұмырды арнап өттің ғылымға,

Сұм нәпсіні қысып кеттің сығымға.

Үйленіп те, бала сүйіп көрмедің,

Кім шыға алар сендегі алып ұғымға.

Сен дарасың, мың жылда бір туатын,

Жүрек дертін нұрлы іліммен жуатын.

Сен кеткелі мың жыл өтті фәниден,

Тумады ұрпақ, сендік ізді қуатын.

Көпірсің сен антикамен жалғайтын,

Бар шаһарды ілім іздеп шарлайтын.

Ойлы көзбен, аз жымиып, аз сөйлеп,

Қаламымен бар ғаламды барлайтын.

Мәңгі күтіп шығыстық әр керуенді,

Аңсап өтіп бала күнгі серуенді.

Мұңайғанды сездірмей, аз күрсініп,

Мұңлы шермен көтеріп сом кеудеңді.

Тұмар етіп туған жердің топырағын,

Мініп өттің нұрлы ілімнің шынарын.

Дамаскіде соңғы демің үзіліп,

Жағып өттің ғылымның зор шырағын.

Ұстаз болып оралдың, жас шәкірттен,

Айырылмай ғылым атты серіктен.

Шуақ болып айналаңа таралып,

Адамзатты ойлы сөзбен сергіткен.

Мың жыл өтті. Сөзің жатыр жаңғырып,

Әлі күнге ғаламзатты таң қылып.

Ескірмеген есті сөзің бұл күнде,

Ғалымдарды естен жатыр тандырып.

Әрбір нотаң түскендей самғай көктен,

Музыкаңда мәңгілік, балдай көктем.

Қайталанбас ғұламам, қасиеттім,

Көңіліне бір кірбің алмай кеткен.

Отырардан отыз шуақ таралғанда,

Шоқ жұлдызы сен болдың дәл алдында.

Сен әрқашан жарқырап, топты жардың,

Кілтін таптың, Ғылымның, қалмалдың да.

Мақтан етіп атыңды біз келеміз,

Өзің жайлы дамылсыз ізденеміз.

Жатқан жерің жұмақ боп, шалқы баба,

Болса деймін, біз жүрген іздер егіз.

 

ДАНАЛЫҚ

Даналықтың жаңғыртқан патшалығын,

Арасында жүрсе де ақ – сарының.

Шолпан жұлдыз сияқты таңда батар,

Бас ақынсың қазаққа асқақ үнің.

Қайғы жұтып, уайым жеп, көп ойланып,

Өмір өтті білімге орайланып.

Арпалысып әрқашан надандықпен,

Ізгілікті көрді ғой талай халық.

Исламның қанып ішіп, тұнығынан,

Діңгегін бекем еткен, ұлы Құран.

Абайдың әр өлеңі темірқазық,

Тәлім тердім ұлт сүйген ұғымынан.

Тұра ма гауһар моншақ дараланбай,

Елінен озып туған қара нардай.

Қараңғыға сәуле боп қарсы біткен,

Қалың жұртты бастаған дара қандай?

Фараби, Ясауидің сырын жалғап,

Білекке емес білімге нұрын жалғап.

Таныс болып, шығыстық жұлдыздармен,

Физули, Шамсилердің жырын таңдап.

Қоржындаған кітапты, отқа жақпай,

Сияланған көңілі ақ парақтай.

Ғибратпен ғақлияға қалам тербеп,

Санасын надандыққа сәт қаратпай.

Алаштың артық, кемін түгендеген,

Қағаз, қалам, жүрегін жыр емдеген.

Нұр жауындай қараңғы көңілдерге,

Ой тұмасы ақиқат кемеңгер ең.

Мыңмен жалғыз алысқан дара абызым,

Бастау мөлдір бұлағы санамыздың.

Барша жанның жүрегіне нұрын құяр,

Ұлылығы жоғалмас бабамыздың.

«Көк тұман», – деп, «алдағы келер заман»,

Аларымыз көп біздің сенен бабам.

Қарын озды, рух әлсіз, түгел кетті,

Бүгініме осындай берер бағаң.

Елі үшін етіп еңбек, бүгер белдей,

Мақтау сөзге кетпеген жүгенделмей.

Озық ойлы тірлікпен жүрсе-дағы,

Айтқаны: «кетіп барам, түк өндірмей».

Баз кешіпті жалғанның жылтырынан,

Оқ шықпаған халқына мылтығынан.

Шығармасы шырындай тұнған шипа,

Жан дүниең жалықпас құлпырудан.

Құзар шың да теңіз болған елі үшін,

Бұл сөзімді білесіңдер тегісің.

Таразының тура басын тең ұстап,

Жырларының көріп жүрміз жемісін.

Болашақты барлапты алғыр көзбен,

Ұлылар салып кеткен даңғыл сөзбен.

Қараңғыға қамалған қалың елін,

Жібекке айналдырған, тарғыл бөзден.

Ақыл, Қайрат, Жүректі бірдей ұстап,

Мұз көңілді еріткен күндей ыстап.

Жырлары ел жадында жатталыпты,

Айтқаны салмақты сөз, білмей ысқақ.

Халқы үшін болыс болып, шығындалып,

Халық та қара нарын ұғынды анық.

Қолда барын тең бөліп, жомарттықпен,

Қазағымның жүрген ұл мұңын бағып.

Көкірек көзі ашылған, ақыл терең,

Ұғынғанға жырында жатыр көп ем.

Орындасаң хакімнің өсиетін,

Теңеседі рухың мен асыл денең.

Бес дұшпаннан аулақ боп, ірге бөліп,

Жүрсең егер қалмайды мүрдең өліп,

Орындасаң ақынның өсиетін,

Қарашаң тастамайды күлге көміп.

Сөздерінде бөгде жоқ, Алла жалғыз,

Ай қармаған түндерге таңданамыз.

Еріккеннен өткізбей аз ғұмырын,

Есепсіз Алашына арнады абыз.

Қыс, көктемді суреттеп құла күзді,

Бір өлеңде жасайтын бір аңызды.

Жыр тұнығы шайқалмай өліарада,

Ұлты да ұмытпады ұлы абызды.

Шындықты бетке тура шын басатын,

Ұрпақтар ұлы Абайға жыр қашасын.

Ұмыт болмай Абайдың әрбір сөзі,

«Қазақ – Абай, Абай – қазақ» мың жасасын!

 

КӨРМЕСЕМДЕ АТАМДЫ ӨМІРДЕ МЕН

Атам жайлы айтайын өктем аңыз,

Ол туралы естігем көптеп аңыз.

Көрмесем де атамды өмірде мен,

Елестетем жұлдыздай көкте жалғыз.

Атам, әсте көп жүрмеген қой бағып,

Жүрген екен кітап оқып, ой бағып.

Көкжиегін парасаттың кеңіткен,

Ғазиз басын адамдыққа қойма қып.

Әрбір ісі жұрттың көзін талдырған,

Билік барда, мектеп, бақша салдырған.

Еңсесі бар Қазығұрттай өр таудың,

Үні естіледі сайын дала, әр қырдан.

Елің жеткен өзің барда белеске,

Әр еңбегің бір–бір таудай емес пе.

Ісің қалып, өзің кеттің ғайыпқа,

Таудай денең көміліпті дөңеске.

Ел – жұртың еңбегіңді бағалады,

Әлі талай аңыздар таралады.

Тәшкеннің төріндегі дүр еңбегің,

Тарихта ұлы еңбек боп саналады.

Ой теңізге бағыттадың халықты,

Сол халыққа көктен нұрда тамыпты.

Нұрың қалқып көк айдынның жүзінде,

Өзің жоқсың, ал, қазағың қалыпты.

Ғұмыр кештің сол Тәшкенде жар басып,

Ғаділетсіз Қызылменен жармасып.

Диірменінен бүтін өттің үгілмей,

Билік тұрды ақылынан алжасып.

Орындапсың Хақ Құдайдың жарлығын,

Кеңеспен де кеңесіпті тағдырың.

Әр қадамды аңдап басып абайлап,

Азап ойлы шермен өткен әр күнің.

Ал суретте көңілдісің, жоқтай мұң,

Көрінбейді келбетіңнен от қайғың.

Әкім болып жүргеніңде аймаққа,

Шені жұртпен теңеліпті көп байдың.

Ел ісіне шын пейілмен құлаған,

Сол қалпымен қараша ұнаған,

Ағат кеткен жерің болса пәниде,

Хақ Жаратқан арылтсын бар күнәдан.

Мұра жидың артыңдағы бізге деп,

Құран оқып отырамыз сізді елеп.

Көп мехнатпен сен көтерген еңсені,

Кір келтірмей тік жүреміз біз демек.

Күтеді ғой әркез бізді шуақ таң,

Сол шуақпен үнің келед(і) жұмақтан.

Қабіріңе сирек барам атам–ау,

Жалғандағы жауап іздеп сұрақтан.

О дүниеден жағатындай шырақ түн,

Суретіңе тамсанамын ұзақ түн.

Көрмесең де атау мені өмірде,

Бәлкім, мені, аңсап күтіп, құмарттың.

Суретіңе жасы апамның таматын,

Маған айтып, тауысатын тағатын.

Бейнет көріп, келгенінде зейнетің,

Ерте соқты мезгілінен сағатың.

Қайда қазір балақ тартқан төбеттер,

Көрініп ед, көздеріне көп өткел.

Сүріндіріп, құлатпақ боп сені ата,

Салыпты ғой сұм ниетті бөгеттер.

Құдай ашқан кең болыпты тынысың,

Қос өлкеге бөлінгендей ырысың,

Ауып кетіп, өзге жерге елменен,

Өзге өлкеде біткен екен мың ісің.

Таң қалдырған тәмәм жұртты қайратың,

Саған тартқан, пошымым мен айбатым.

Ұрпағыңмен мың жасайсың бұйырса,

Ата сенің жазылады айда атың.

Сұрмайды құжаттағы тек-ті кім,

Баба жолын басып келген ептімін.

Алтынбектің ізін жалғар Қанатпын,

Атам сынды елге тиер септігім.

Жалғап өтем нар атамның ғұмырын,

Төмендетпей төрге шыққан тұғырын.

Алтынбектің ұрпағымын, мұрагер,

Санамда да сақталыпты бұл ұғым.

Түсіме ендің суреттегі пішінде,

Бүрі гүлдеп қуаныштың ішімде.

Алаңдама, артыңызда тұяқ бар,

Ұрпағың бар, ұлылығың күшінде.

 

ҚАЛАМ ТАРТҚАН МӘҢГІГЕ ДАРАБОЗЫМ

(Қабдеш Жұмаділовке арнау)

Егер кімде–кім қазақ тілімен сусындағысы келсе,

оны бойына сіңірем деп талпынса Қабдеш Жұмаділовты оқысын.

Қабдеш қазынасының құндылығы – көркем тілінде жатыр.

Оны оқып жатып, қазақ көркем тілінің асыл галереясын

аралағандай күйге енесің.

Дулат Исабеков

Балпаң басқан бағланым, баһадүрім,

Алшаң асқан сызықтан атағы үнің

«Жас дәуренің» тұңғыш жыр жинағың ед(і),

«Бісмілләсі» алдағы саха күннің.

Күдері би немересі, Жұмаділдің жалғасы,

Дархандығы жүрегінің, мұхиттардай арнасы.

Нәрін алып, барын берген, арын берген жұртына,

Зілінде тіл, қара сөзі қақ жаратын балғасы.

Көкжиекті кеңіткен пырақ қалам,

Жанарына жиылған жұмақ ғалам.

Сүйелденген саусағы сансыз жылдар,

Өзді–өзін жауапсыз көп сұраққа алған.

Бір тоған су Смайлдай зәңгіден,

Қасиетті бастау алған мәңгіден.

Ғажайыбы осылайша басталып,

Тамыр жайып ақиқатқа дәндіген.

Өр тарихтың бұралаң көп беттерін,

Айшықтады, қыран, құзғын, кептерін.

Шежіресін бабалардың дұрыстап,

Жау өтінде қалып қойған кектерін.

Әдебиетке сыйладың сен нұрлы үміт,

Томырайып, қалмай бір сәт сыр бүгіп.

«Соңғы көштер» баспалардан шыққанда,

Қорқақ билік үркіп жатты дүрлігіп.

Жазушылар түтіп жатса бір–бірін,

Түріп жүрді ол, ақиқаттың түндігін.

Мәңгілікке қалам тартқан дарабоз,

Мұрат етпей азық етер күндігін.

Көн тарихтың дәл үстінен түстің бе?

Мақсаты бар бастаған әр істіңде.

Прозаңнан орын алды қаһарман,

Хан мен қара, әлсізің мен күштіңде.

Бастапқыда жыр жаздың ақын да боп,

«Қызыл сызық» сондағы атылған оқ.

Том–том кітап сен жаздың бір мүдірмей

Жазушы боп туған соң хақың да жоқ.

Дей алмаймын сен жауыңа кектендің,

Себебі сен әлжуазды көп көрдің.

Дарынсыздың жолын кесіп әр кезде,

Бетпердесін шешіп бердің бектердің.

Келбетің бар Әуезовтен аумаған,

Тарбағатай топырағында аунаған.

Емірендің ертеңі үшін ұлтыңның,

Мақтан етер есіміңді тау-далаң.

Айырбастап «Дарабоздың» қылышын,

Әдебиеттің ашып бердің тынысын.

Мақалаңда алдаспандай шындық бар,

Өзің айтқан бәс құмарлар құрысын.

Өзің шыққан «Төртуылдай» иықты ел,

Қабдешпенен Алатауым биіктер.

Көше берсек артық болмас атыңа,

Себебі сен еңбек еттің құйып тер.

Серік болды бір өзіңе қара түн,

Қара түнде қалықтады қанатың.

Мақтамаймын, мақтанамын сенімен,

«Үркерім» сен саф жұлдыздай жанатын.

«Жұмаділов» өр тарихта қалатын,

Ақырда да соғып тұрар сағатың.

Мақтан етер өр ұрпағың мәңгі есте,

Ту қып ұстап, атасының нар атын.

Қабдеш ескен әдебиеттің ескегі,

«Жас дәуренің» жауқазынға есті еді.

Сендік болмыс ашылмаса жырымда,

Ұлы Қабе! Ғафу етіп, кеш мені.

 

ОЙ ҒЫЛЫМЫН ЫҚЫЛАСПЕН СҮЙІПСІҢ

(Жақыпбек Алтаевқа)

Кезіктім мен ұлы ұстаз, шын дарынға,

Дара ойдың тұратын шыңдарында.

Ойлы көзбен ойлы сөз жаза білген,

Жалғыз төбе тұрғандай құмды ауылда.

Құрмет тұтам сөзі мен тұлғасын да,

Сексен қыры сақталған бір басында.

Шәкірті боп қасында жүріп келем,

Еңбегіңіз жалғассын мың ғасырға.

Қатал көзбен сұқпаған бізін маған,

Қателессем еш уақыт қызынбаған.

Шәкірітім деп қасына тартып жүрді,

Талай жандар жүрсе де ызыңдаған.

Ой құрайды күнменен айдан алып,

Шәкіртке беріп жүрген пайдаң анық.

Мінезіңіз дара ғой, тар кезеңнің,

Заманасы кеткенде майдаланып.

Ұстазыма жыр арнады шабытым,

Сен арқылы тураланар бағытым.

Мақтанамын өзіңізбен ұлы ұстаз,

Шәкіртім деп тыным алмай жаны тым.

Бір көргеннен бір өзіңе бас ұрғам,

Аулақ жүрген өсек–аяң тасырдан.

Қазығұрттан ұстаз, шәкірт нәр алған,

Бастау болған Қаратаудай асылдан.

Жастығыңда болыпсың сен құйындай,

Көлде жүзер көне жылқы суындай,

Кітаптарың ғылыми көп таралған,

Сол мұралар мәңгілікке бұйырғай.

Ұлы ұстазым жүрмін сізге еркелей,

Емеспін мен маржан сөзге ең кедей.

Ұстазыма мақтау жырды жазамын,

Бұл өлеңім сізге қарай желбегей.

Жырымда тұр жүректегі нұр тасқын,

Ғалымменен, ғылымменен ұштастым.

Даналыққа қадам бастым сізбенен,

Дәл сол сәтте шалалықпен қоштастым.

Шәкірттерің бұзып жүр тас қамалды,

Сөз ұқпастар көздерін жасқа малды.

Өркешіңнен әл тайса көтереміз,

Биігіңде тұр мәңгі асқақ арлы.

Жүрсің әркез көтеріп өр кеудені,

Өзің барда тарқатам шерменені.

Ғалымның хаты өлмейді демеуші ма ед(і),

Ғалымға да осы ғой ең керегі.

Дарынсыздар дарынсызға тек көнер,

Дарындылар дарынына бек сенер.

Шәкіртің де өзің сынды болады,

Дәл өзіңдей ұзақ жылдар төксе тер.

Нұсқауыңмен шыңдарға да шығармын,

Болмаса екен өр тағдырда мұнар күн.

Райхан апам баласындай күтеді,

Сол апамның сүр етіне құмармын.

Шәкірттерің көк аспанда жиі ұшты,

Сен үйреткен самғау көкпен қиысты.

Еңбегіңді елейді елің әрқашан,

Сенің атың дүркіреуге тиісті.

Шын мехнаттың өтінде де күйіпсің,

Ой ғылымын ықыласпен сүйіпсің.

Өміріңнен өнеге көп алатын,

Жақып ұстаз Өр Алтайдай биіксің.

 

ҚАМҚОР АДАМ, ҚАС–АҒАМ

(Қасымхан Бегмановқа)

Тең көремін құлагер мен қасқаға,

Орын бермес бәйгелерде басқаға.

Жырың сенің еліңменен тұтасып,

Басылыпты кітаппенен тасқада.

Жырыңда бар қарашаның жан мұңы,

Алашыңның мұз боп қатқан тағдыры.

Көркем тілмен өрілген ғой жырыңда,

Көкжиекті сырлы өмірдің таң нұры.

Жанарыңа жиылған бар тұңғиық,

Тұңғиыққа жібергенсің сырды үйіп.

Парасатпен өте білдің өткелден,

Тұрса-дағы көлденеңнен мың тұйық.

Меніменен тарихың тілдес дейді,

Жыр мұңыңды балбалың күнде естиді.

«Дәстүріңді» оқыған оқырманың,

Қас–ағаммен қазағым үндес дейді.

Кітаптарың ұқсайды жыр бұлаққа,

Жыр бұлақта жауап бар, мың сұраққа.

Тыпыршиды кісінеп, поэзияң –

Құлагердей тұра алмас бір тұрақта.

Поэзияның келтіргенде бал дәмін ,

Елі сүйед(і), сөзін жазған бар әнін.

Не жазса да жүрегімен жырлаған,

Келтіргенде әдебиеттің дәл сәнін.

Тақырыптар тұрғандай жыр сұратып,

Өміршең жыр жанды тербер жұбатып.

Өркөкірек дарынсыздың көп жырын,

Жырларыңмен алма-кезек сұлатып.

Жағдалардың сен-дағы күйін кештің,

Жалындатып, көркі боп қиын пештің.

Даңғыл ізін, саралап саған дейін,

Шоқайларға болмаған үйір ешкім.

Әдебиетте сом алтындай салмағың,

Дүр жырларың, шипа болған жанға мың.

Азулының тісі батпас жырыңа,

Ұлылармен қаланғанда жан–жағың.

Жыр қып жаздың майға бөккен көк белді,

Ұнатасың жырменен тер төккенді.

Сүйіп тыңдап жүруші едік әр кезде,

МузАрт айтқан «Оралмайтын көктемді».

Жас буынмен жүрсің әркез сырласып,

Жырын оқып, сырыменен мұңдасып.

Жақсыларға жалау болған жырауым,

Сені көрген Кейқуаттар тұр жасып.

Қабдештермен бірге жүрген кездерің,

Жүзде күлкі, болмас еді көзде мұң.

Сан мың жылдық сырды сақтап, кітапқа,

Бабалықпен даналықты көздедің.

Фальклорды қосып өттің өлеңге,

Сүңгіп кетіп дәстүр дейтін әлемге.

Мұңдас қылды сені әркез Қас–аға,

Шыңырау жыр жеткізбейтін тереңге.

Алашыңа дедің әркез жан құрбан,

Мұстафаның мұңы шығып алдыңнан.

Әркез менің елестейді көзіме,

Сол мұңдарды ағау саған қалдырған.

Парасатын байытып әр күндегі,

Балауса жыр көкжиекте гүлдеді.

Қамқор ағам, қасиетің деп білем,

Ізгілікпен із бастасам ілгері.

 

АНАМ БҰЛАҚ, ӘКЕМ МЕНІҢ ЗАҢҒАРЫМ

Әкем, анам әрқашанда биіксің,

Ұрпағым деп жалынға да күйіпсің.

Шығарам деп, парасаттың ұшына

Балаларды оқытам деп түйіпсің.

Сендерменен түндігім де ашылған,

Дәл осылай жұлдызым да шашылған.

Адам болу өмірдегі міндетім

Өрбіген соң өздеріңдей асылдан.

Мехнаттанып ғұмырыңда бір тынбай,

Жүргенім жоқ сөздеріңді құр тыңдай.

Жарты сөзді жанарыңнан ұғамын,

Сіздерменен сырлас болдым құрбымдай.

Сіздер барда ұлдарыңда бар ма арман,

Ғұмырларың отбасым деп арналған.

Үлгі аламын өткінші бұл өмірде

Анам бұлақ, әкемдейін заңғардан.

Қиыншылық жандарыңды өртеді,

Ол күндерің болар бүгін ертегі.

Ұлың барда қам жемеңіз әке, ана,

Жайнар бүгін жер жаһанның өртеңі.

Білем әке балаққа мұз қатқанын,

Қиыншылық бітті, атар ақ таңың.

Қуаныңдар, бұлағым мен заңғарым,

Ұрпағыңның өсіп мәңгі жатқанын.

Жүргенімде тәй–тәй басып дірдектеп,

Құндақтадың сол шақтарда құрметтеп.

Үйреттіңдер сол кездерден өмірді,

Жауларыңнан әрқашанда сыр бүк деп.

Құт апамның қолыменен жуынғам,

Өздеріңнің ұлың болып туылғам.

Нұсқауымен апамның мен әрқашан,

Жамандықтан ерте кезде суынғам.

Тегін алып жүргеннен соң атамның,

Әке, ана, қымбат құны батаңның.

Дара ұлмын себебі мен осылай,

Ұлымын ғой тәлім алған апамның.

Болмасыншы ата–анам көзіңде мұң,

Жанарыңнан жақсылық сезінгенмін.

Уайымдама таршылық кездерде де,

Мен-дағы шыдап өтер төзімненмін.

Қос шынарым қашанда жақұт маған,

Күлімдесең сол ғана бақыт маған.

Мақтан етем оларды ұзақ жыл, ай,

Кеткенінше қабірге батып қарам.

Баса алмай балалықтың құмарында,

Өйткені қос шынарым жүр алдымда.

Еркелеймін апамнан соң мен оларға,

Елеместен сұм тағдыр сұрағында.

Жан бар ма екен сендерге тең келетін,

Сендердей мұң жарама ем беретін.

Жанын төсеп жолыма олар әркез,

Маған келер сынақты өңгеретін.

Анам менің апамнан соң құрметтім,

Ал әкемді ұлы заңғар үлгі еттім.

Өздеріңнен бастау алған бұлақты

Бір желектен келеді орман гүлдеткім.

Таусылмағай, қос шынарым, таңдарың,

Әлемдегі ең мейірбан жандарым.

Сендер барда мұнармаймын ешқашан

Анам бұлақ, әкем менің заңғарым.

 

ҚАБІРІМІЗ ТУА САЛЫП ҚАЗЫЛЫПТЫ

…Із көп қой мола жаққа бара жатқан,

Ажал деген қатыгез қара қақпан.

Тамұғына жұтады өмір нәубет,

Жауырыңа жүк артып бала жастан.

Қабіріміз туа салып қазылыпты,

Тағдырың ұсынғанда наз үмітті.

Атымыз құжатпенен ақыреттік –

Қабірдегі құлыптасқа жазылыпты.

Біз туғанда намазсыз шақырды азан,

Бес уақыт болғанда ғапыл қазаң.

Туғанда да өлгенде де қара сойып,

Ас беріліп қайнайды, пақыр қазан.

Сен туғанда тамшыға толды көзің,

Жүрек тоқтап, жаныңда сөнді сезім.

Естиміз қара жерге кірер күні,

«Жақсы адам еді» деген соңғы сөзін.

 

 

Leave a Reply