«ҚАЛАМГЕР ҚАНАТЫНДА…» СЫР – СҰХБАТЫ ӨТТІ 

 

2026 жылдың 15 сәуір күні ZOOM платформасы арқылы «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназия» кітапханасында «Ақ қауырсын» үйірмесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әдеби байқаулардың жеңімпазы, жазушы, әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы Әлібек Байболмен «Ұлттық кітап күні» қарсаңында «Қаламгер қанатында…» атты онлайн кездесу өтті.

 

Іс-шараның алғышартында кітапхана меңгерушісі Рымбосынова Оралбибі Мәмиқызы қаламгердің шығармашылық өмір жолы мен әдеби мұрасына тоқталып, қатысушыларды таныстырып өтті.

 

Кездесу барысында Әлібек Байбол жазушылық өнердің табиғаты, шығармашылық үдерістің ерекшелігі, сондай-ақ қазіргі қазақ балалар әдебиетінің дамуы мен бағыт-бағдары туралы мазмұнды ойларымен бөлісті. Ол өз сөзінде әдебиеттің тек эстетикалық көркем өнер ғана емес, сонымен қатар рухани тәрбие мен ұлттық танымды қалыптастыру құралы екенін де атап өтті.

 

«Ақ қауырсын» үйірмесінің жетекшісі Ерік Қайратбекұлы қаламгердің балалар әдебиетіне қосқан үлесін жоғары бағалап, оның шығармалары жас оқырманның рухани әлемін байытуға ықпал ететінін тілге тиек етті. 

 

Кітапхана меңгерушісі Оралбибі Мәмиқызы жазушының еңбектерімен таныстырып, қаламгер шығармаларындағы басты ерекшелік – шынайылық пен деректілікке негізделген көркем ойлау жүйесі екенін баяндады.

 

Онлайн кездесу барысында гимназияның «Ақ қауырсын» үйірмесіне қатысушы жас ақындар жазушыға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар ала алды. Жас буын өкілдері қаламгермен еркін пікір алмасып, әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыра түсті.

 

Кездесу соңында жас ақын Аманбекова Сабина қаламгерге арнаған жүрекжарды өлеңін оқып, шығармашылық еркін рух сыйлап, жазушы алғысына бөленді. 

 

Іс-шара қорытындысында үйірме жетекшісі Е.Қ. Омарғалиев мұндай әдеби кездесулердің жас ұрпақтың әдеби-мәдени және рухани танымын кеңейтудегі маңызы зор екенін атап өтіп, алдағы уақытта да осындай мазмұнды әдеби жүздесулер жалғасатынына сенім білдірді.

 

 

Асқар Бектұрған, журналис

Leave a Reply