Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Сербия Президенті Александр Вучичті салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорда. 018.kz Ақордаға сілтеме жасай отырып.
Мемлекет басшылары делегация мүшелерін бір-бірімен таныстырды. Құрметті қарауыл ротасының бастығы құттықтау сөз сөйлеп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Содан кейін Қазақстан мен Сербия президенттері келіссөздер залына барып, шағын құрамда әңгіме жүргізді.
“Біз Сербияны Еуропадағы өте маңызды стратегиялық серіктес деп санаймыз. Біз көптеген салаларда, ең алдымен экономикада, сондай-ақ гуманитарлық және мәдени салаларда өзара іс-қимылымызды нығайту үшін көп жұмыс жасадық. Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды, біздің сауда қатынастарымыз өте табысты дамып келеді. Қазақстанда 60-тан астам сербиялық компания жемісті жұмыс істеуде. Бізде негізгі халықаралық мәселелерге ортақ көзқарастар бар. Біз ынтымақтастығымыз үшін сенімді және тиімді база құрдық деп санаймын. Сіздің сапарыңыз біздің достық қарым–қатынасымызға қосымша серпін беру тұрғысынан өте маңызды екеніне сенімдімін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанға ресми сапармен келу үлкен мәртебе екенін атап өтті.
“Мен Сіздердің қонақжайлылықтарыңыз үшін ризамын. Елдерімізді шын мәнінде стратегиялық қатынастар байланыстырады деген пікіріңізбен толықтай бөлісемін. Сіздердің сөздеріңіз бен іске деген адал көзқарастарыңыз біздің сауда-экономикалық байланыстарымыздың дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және энергетика салаларындағы өзара іс-қимылды нығайтудың арқасында достығымыз жаңа деңгейге көтерілетініне сенімдімін. Мен сіздерді жақын арада Сербияға сапармен қабылдауға қуаныштымын”, – деді ол.
Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерді жалғастырды.
Мемлекет басшысы сербиялық серіктестерді қарсы ала отырып, Қазақстан мен Сербия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына тұспа-тұс келетін сапардың ерекше символдық мәнін атап өтті.
“Біз қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтуға және әртүрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға шын жүректен ниеттіміз. Бүгін біз бұл өзара іс-қимылға қосымша серпін беру жолдарын егжей-тегжейлі талқыладық. Біз өз тарапымыздан елдеріміз арасындағы серіктестікті одан әрі нығайту үшін бар күш–жігерімізді саламыз деп сендіремін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Астана мен Белград сындарлы саяси диалогты қолдайтынын, парламентаралық байланыстарды нығайтып, мемлекеттік органдар мен іскер топтар арасындағы өзара іс-қимылды дәйекті түрде кеңейтіп отырғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді жұмысын атап өтті. Ол Сербияның іскерлік делегациясының сапарына қатысуды құптады. Жақында Қазақстан-Сербия іскерлік кеңесінің отырысы өтті, оның нәтижелері сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді деп күтілуде.
Президент Сербия тарапына Қазақстанның бірқатар халықаралық бастамаларын қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.
Александр Вучич Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтып, Белградтың Астанамен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
Атап айтқанда, Сербия Президенті қазақстандық компаниялардың бірлескен жобаларға, ең алдымен құрылыс саласына қатысуын кеңейтуге қызығушылық танытты.
“Біз Қазақстан ұсынған бірқатар жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, олар тек Сербия үшін ғана емес, Еуропаның осы бөлігіндегі бүкіл аймақ үшін флагмандық бола алады. Сонымен бірге қазақстандық SCAT авиакомпаниясы үшін әуе кеңістігі еркіндігінің бесінші деңгейін қамтамасыз ету мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Бұл мәселені бірлесе шеше алатынымызға сенімдімін. Біз сіздердің елдеріңізден Сербияның инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, өзара мәдени және туристік байланыстарды дамытуға ықпал ететін сенімді құрылыс компаниялары мен инвесторларын көргенімізге қуаныштымыз. Біз өз тарапымыздан өз инвестицияларын Сіздің елдің экономикасына бағыттағысы келетін сербиялық кәсіпкерлерді қолдау үшін бар күшімізді саламыз”, – деп сендірді Александр Вучич.
Сербия басшысы қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, деректерді өңдеу орталықтары салаларындағы өзара іс-қимылды арттырудың маңызды әлеуетін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерді жоғары бағалап, оларды бүкіл әлем үшін прогрестің символы деп атады.
Келіссөздер барысында сауда және инвестициялар, көлік-логистикалық байланыстар, ауыл шаруашылығы, аса маңызды пайдалы қазбалар, цифрландыру және жасанды интеллект, құрылыс және туризм салаларындағы өзара іс-қимылды қоса алғанда, екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің кең ауқымы қаралды.

