«ҮШ ТІЛ – БІР БОЛАШАҚ:
ЖАҺАНДЫҚ АДАМЗАТТЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

«ҮШ ТІЛ – БІР БОЛАШАҚ:
ЖАҺАНДЫҚ АДАМЗАТТЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Абай облысында «Үш тіл – бір болашақ: жаһандық адамзаттың жаңа моделі» атты республикалық форум өтті.
Іс-шараны “Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы” мен “Облыстық лингвистикалық орталық” ұйымдастырды.

Форумға еліміздің әр өңірінен тіл мамандары, орталық басшылары, ғалымдар, оқытушылар мен IT-инженерлер қатысып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қазақ тілін дамыту, цифрлық білім беру және көркем аударма мәселелерін талқылады.

Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі “Тіл саясаты комитетінің” басқарма басшысы Айнагүл Қожаназарқызы Көкен халықаралық тіл саясаты тәжірибесімен бөліссе, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ЖИ инженері Мұхаммед Тоғманов қазақ тіліне арналған жасанды интеллект жобаларын таныстырды. Сондай-ақ Шәкәрім университетінің оқытушысы, PhD, әдебиеттанушы Қарлығаш Әубәкірова жасанды интеллект дәуіріндегі мәдени байланыстар мен көркем аударманың өзекті мәселелерін қозғады. Жетісу облысы «Тіл» орталығының оқытушысы Ә. Молдабаева құжаттарды сауатты рәсімдеудің маңыздылығына тоқталды.

Форум аясында “Абай облысының лингвистикалық орталығы” мен “Abai IT-Valley” бірлесіп әзірлеген «Til Qadam» мобильді қосымшасы таныстырылды. Қазақ тілін интерактивті форматта меңгеруге арналған қосымшадағы жасанды интеллект көмекшісі пайдаланушылардың тілдік қателерін түзетіп, еркін сөйлеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар грамматика, сөздік қор, тыңдалым және жазылым бағыттарын қамтитын тоғыз түрлі тапсырма ұсынылған.

Республикалық форумға “Бородулиха ауданының мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының” директоры Мейрамгүл Балабайқызы Атаева мен қазақ тілі оқытушысы Ерік Қайратбекұлы Омарғалиев те қатысты.

Басқосу барысында тіл үйрету үдерісіне заманауи технологияларды енгізу, отандық цифрлық платформаларды жетілдіру, әдістемелік мүмкіндіктерді кеңейту және педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында маңызды ұсыныстар айтылды.

Форум – тіл мамандарының өзара еркін тәжірибе алмаса отырып пікірлесіп, жаңа бастамалармен танысуына және қазақ тілін цифрлық кеңістікте дамыту жолдарын талқылауына мүмкіндік берді.

Leave a Reply