ӨЗГЕ ҰЛТТЫҢ ҰЛАНЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАНАШЫРЫ

ӨЗГЕ ҰЛТТЫҢ ҰЛАНЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАНАШЫРЫ
Ұлттық ұланның Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің жас әскери қызметшісі ефрейтор Синицын Виктор мемлекеттік тілді меңгеріп, әскери ортада өзгелерге үлгі болып жүр.
Тілді үйрену үшін ең алдымен ниет керек. Ал ниет болса, кез келген тілді меңгеруге болады. Мұны өзінің өмірлік тәжірибесімен дәлелдеп жүрген 3514 әскери бөлімінің атқышы ефрейтор Синицын Виктор мемлекеттік тілге деген құрметін күнделікті қызметімен көрсетіп келеді.
«Шығыс» өңіріне қарасты Курчатов қаласында орналасқан 3514 әскери бөлімінде әскери қызмет атқарып жүрген жас әскери қызметші үшін қазақ тілі – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін танудың бір жолы.
Виктор қазақ тілін арнайы оқу орнында емес, қазақ ауылында, қазақтардың арасында жүріп үйренгенін айтады.
– Қазақ тілін қазақ ауылында, қазақтардың арасында жүріп үйрендім. Адамдармен күнделікті сөйлесіп, олардың сөздерін тыңдап, өзім де қазақша сөйлеуге тырыстым. Осылайша тілге деген қызығушылығым арта түсті, – дейді ол.
Тіл үйренуге деген қызығушылығы оның қазақ әдебиетіне деген ықыласымен де сабақтасып жатыр. Виктор Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев сынды қазақтың ұлы ақындарының шығармаларын оқып, қазақ халқының рухани әлемімен жақынырақ танысып жүр.
Әскери қызметте әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста болатын жауынгер үшін мемлекеттік тілді білу – үлкен артықшылық. Ол қызмет барысында қазақ тілін мүмкіндігінше көбірек қолдануға тырысады. Оның бұл талпынысы өзге де әскери қызметшілерге жақсы үлгі болып келеді.
Виктордың мемлекеттік тілге деген ықыласы биылғы 16 маусымда әскери бөлімдер арасында өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» атты байқауда тағы бір мәрте көрінді. «Шығыс» өңірінің 5518, 6679, 5512, 5511, 6699 әскери бөлімдері арасында ұйымдастырылған сайыста 3514 әскери бөлімінің атынан қатысқан Виктор белсенділік танытып, бірінші орынға ие болды.
Бұл жеңіс – кездейсоқ жетістік емес. Оның артында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық, күнделікті ізденіс және қазақ халқымен етене араласу арқылы жинаған тәжірибе жатыр.
– Мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың елге деген құрметінің белгісі. Қазақ тілін үйрену арқылы мен халқымыздың тарихы мен мәдениетін тереңірек түсіне бастадым. Сондықтан қазақ тілін құрметтеп, оны күнделікті өмірде қолдануға тырысамын, – дейді Виктор.
Жас әскери қызметші үшін Отан қорғау – әскери антқа адалдықпен қатар, елдің құндылықтарын құрметтеуден басталады. Ал мемлекеттік тіл – сол құндылықтардың бірі.
Ефрейтор Синицын Виктордың жетістігі – әскери ортада мемлекеттік тілдің қолданылуына өзіндік үлес қосып жүрген жас қызметшінің еңбегінің нәтижесі. Оның қазақ тілін қазақ ауылында, халықпен араласа жүріп меңгеруі – тіл үйренуге ниет болған жерде мүмкіндік те бар екенін көрсетеді.
Мемлекеттік тілге деген құрмет – елге деген құрмет. Ал оны өзге ұлт өкілі бола тұра ықыласпен меңгеріп, күнделікті өмірде қолдануға ұмтылған Виктордың жеңісі – осы сөздің нақты көрінісі.
аға лейтенант Жантоқова Құралай 3514 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі
