«ЖАРНАМА – ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ КӨРІНІСІ»

«ЖАРНАМА – ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ КӨРІНІСІ» 

Қазіргі қоғамда жарнама – тек тауар мен қызметті таныстыратын ақпарат құралы ғана емес, сонымен қатар тіл мәдениетінің, ұлттық құндылықтардың және қоғамдық сауаттылықтың айқын көрсеткіші. Көшелердегі маңдайшалар, дүкен атаулары, жарнамалық баннерлер, ақпараттық тақтайшалар мен хабарландырулар тұрғындардың күнделікті тілдік ортасын қалыптастырып, мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктегі қолданыс аясын айқындайды.

Мемлекеттік тілдегі жарнаманың сауатты рәсімделуі – қазақ тілінің мәртебесін арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Жарнама мәтіндерінде орфографиялық, орфоэпиялық және стилистикалық нормалардың сақталуы, терминдердің дұрыс қолданылуы мен мәтіннің түсініктілігі тіл мәдениетінің деңгейін көрсетеді.

Осы мақсатта Абай облысының Бородулиха ауданында орналасқан мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпкерлік субъектілерінің, сауда және қызмет көрсету орындарының көрнекі ақпараттарына мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі сараланып, көрнекі ақпараттардың Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарының талаптарына сәйкестігі зерделенді.

Зерттеу барысында мемлекеттік мекемелердегі көрнекі ақпараттардың басым бөлігі заң талаптарына сәйкес рәсімделгені анықталды. Сонымен қатар жекелеген кәсіпкерлік нысандарында мемлекеттік тілдегі атауларды жетілдіруді қажет ететін жағдайлар кездесті.

Мысалы, төмендегі атауларды мемлекеттік тілде қолдану ұсынылады:

«Магазин» – «Дүкен»;

«Аптека» – «Дәріхана»;

«Парикмахерская» – «Шаштараз»;

«Стройматериалы» – «Қажетті құрылыс заттары»;

«Продукты» – «Азық-түлік дүкені».

Әрбір жарнама мәтіні – мемлекеттік тілдің мәдениеті мен сапасының көрсеткіші. Сондықтан кәсіпкерлер мен мекеме басшылары көрнекі ақпараттарды рәсімдеу кезінде мемлекеттік тілдің заң талаптарын, емле және стиль нормаларын сақтауға ерекше мән бергені жөн.

Тіл тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік. Ал сауатты жарнама – мемлекеттік тілге деген құрметтің, ұлттық мәдениеттің және өркениетті қоғамның айқын көрінісі. 

Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы –  
«Абай облысы Бородулиха ауданының
Мемлекеттік және басқа тілдерді
оқыту орталығының» Қазақ тілі оқытушысы

Leave a Reply