«ШАЛҚАР ШАБЫТ ШАРЫҚТА» 

Автор туралы

Серікжанова Ақнұр Серікжанқызы – жас ақын.

2005 жылғы 29 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Құйған ауылында дүниеге келген.

Құйған орта мектебін тәмамдаған. Қазіргі таңда Қазақстан-Американдық Еркін Университетінің Жоғары колледжінде білім алып, Тарбағатай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында іс жүргізуші қызметін атқарады. Өлең өлкесіне мектеп қабырғасынан қадам басқан жас ақынның шығармалары туған жерге, елге, анаға деген сүйіспеншілік, ұлттық рух, адамгершілік пен өмір құндылықтарын арқау етеді. 2021 жылдан бері «Барқыт белде – жыр жебе» жас ақындар отауының және ақын, аудармашы, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Жұмат негізін қалаған «Жыр жебе» ақындар отауының мүшесі. Бір шоғыр топтама жырлары “Өлең – менің серігім” ақындар антологиясына енген.

Ақнұр – республикалық және халықаралық әдеби-шығармашылық байқаулардың жеңімпазы әрі жүлдегері. ІІ республикалық «Қара өлеңнің құлагері» байқауының жүлдегері, «Өлең – нәзік шегіндей домбыраның» республикалық жыр мүшәйрасының ІІІ орын иегері, «Бостандыққа жол салған бақыт құсы» республикалық жазба ақындар мүшәйрасының Арнайы жүлде иегері. Сонымен қатар, «ALASH STAR» XVII халықаралық өнер байқауында «Арнау» номинациясы бойынша бірнеше мәрте “Бас жүлдені” иеленіп, өзге де республикалық байқауларда топ жарған. Ақынның топтама жырлары республикалық әдеби портал-сайттар мен газет-журналдарда жарияланып, оқырман қауымның оң бағасына ие болған.

«Мен үшін ақындық – марапатқа жетудің емес, жүрекке жетудің жолы. Әр өлеңімнің оқырман жүрегінен орын тауып, қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қоса алғанын қалаймын», – дейді жас ақын. Ендеше, жас өркенімізге – Сәттілік!

АУЫЛЫМ

Не ыстық өзің туып өскен жерден,

Кір жуып, кіндігіңді кескен жерден.

Ойланып, айналама қараймын да,

Шабыт алам самалды ескен желден.

Таң қалдырды талайды табиғаты,

Жанға жайлы ауасы – жан рахаты.

Мәртебесін көтерген асқақтатып,

Ұрпақтардың жалынды махаббаты.

Көңілім бір өзіңе алаң бүгін,

Теруші ем алаңдамай дала гүлін.

Жаратқан  өзі қорғап – қоршасын деп,

Тілеймін ауылымның амандығын!

«ТІЛІМ ТІРЛІГІМНІҢ АЙҒАҒЫ»

Қазағым-ау, тыңда, менің сөзімді,

Туған тілмен танытасың өзіңді.

Ана тілін құрметтеген ұрпақтың,

Ана тілмен өмірді ашқам көзімді.

Туған тілді мақтан етіп келемін,

Болашаққа барарына сенемін.

Қазақстан – туған елім Отаным,

Отаныма жан-жырымды төгемін.

Келешекті ана тілмен жырлайық,

Ата-баба өсиетін тыңдайық.

Қазақ болып дүниеге келгенбіз,

Қазақ тілмен болашаққа бастайық!

«ТӘУЕЛСІЗДІК ТӘУ ЕТЕРІМ, АРДАҒЫМ»

Әні: Ержан Жүнісіп

Сөзі: Ақнұр Серікжанқызы

Тәуелсіздік – Көк туым, Әнұраным,

Бүкіл әлем таныған қоңыр әнім!

Тәуелсіздік  Елтаңбам күн бейнелі.

Алтын пырақ көтерген шаңырағын.

Қайырмасы:

Тәу етерім, ардағым,

Жер жүзіне самғадың.

Достық, Бірлік, Татулық.

Жарқыраған жан-жағым.

Шабыт беріп шыңдаған талабымды,

Жыр жаздырған қарымдап қаламымды.

Осы биік мәртебең өсе берсін,

Мейіріммен суарып жанарымды.

Тәуелсіздік – тәу етер болашағым,

Өтіп жатқан алаңсыз бала шағым.

Мен бүгінгі бақыттан қуаты алып,

Келер күнге самғатып жол ашамын.

Қайырмасы:

Тәу етерім, ардағым,

Жер жүзіне самғадың.

Достық, Бірлік, Татулық.

Жарқыраған жан-жағым.

МАҢЫРАҚ

Бұл жырымды Маңыраққа арнадым,

Жалынды жыр тізбегіне жалғадым.

Шалқарына бойладым да шабыттың,

Ой-қиялдың биігіне самғадым.

Сыры терең, ерлігі ерен байтағым,

Шуақтанып ата берсін әр таңың.

Барған сайын Маңырақтың төріне,

Сарқылмайтын қуат алып қайтамын.

Малға жайлы беткейің мен қыратың,

Баурайыңнан тапты халқың мұратын.

Қасиетің бар ән әуелеп аспанда,

Самалыңнан жыр төгіліп тұратын.

Маңырағым – менмін ерке елігің,

Өзімді-өзім бауырыңда телідім.

Батыр шыққан, ақын шыққан киелім,

Жұмағына баламасын сені кім?!

Сен тарихсың, атамекен – асылым,

Өн-бойыңнан естіледі ғасыр үн!

Сенен көрем өр тұлғасын бабамның,

Сенен көрем найзағайдың жасынын!

Сен жасай бер, қасиеттім, ардағым,

Шуақтанып, арайланып жан-жағың.

Ұл-қыздарың сені ұлықтап жатқанда,

Мен де өзіңе бұл жырымды арнадым.

“ЖАН АҒА” 

(Нұрахметов Қабдылмүтәләп Көпжасарұлына)

Күн күлімдеп Сауыр таудан арайлап,

Таң сәріден қыр астыңыз қой айдап.

Табиғатпен сырластыңыз ақыным,

Аққу қонған Қанды суға қарайлап.

Өлең десе қалам алып қарманам,

Жампоздарым сүбелі сөз арнаған.

Мүтә аға, құтты болсын тойыңыз,

Ерекше той бұрын-соңды болмаған.

Ел біледі асыл аға даңқыңды,

Ұнатамыз осы – ақпейіл қалпыңды.

Тарбағатай туған жердің төрінде,

Жырға қостым шабыттанып атыңды.

Өзі балуан, өзі ақын, сері адам,

Үлкені де, кішісі де сыйлаған.

Қарап тұрсам Мүтә ағамның бейнесі,

Ақан-Сері бабамыздан аумаған.

Күш атасы Қажымұқандай білекті,

Күрескенде нағыз палуан шын епті.

Белдескенде боз кілемде болдыңыз,

Көпжасардай әкеңіздей жүректі.

Сүлейлерше сөйлейтұғын тосылмай,

Міне, менің Мүтә ағам осындай.

Бұрын-соңды көрдіңдер ме ақынды –

Аламаннан аты келген “Лашындай”.

“Терісайрық” құтты болсын кітабың,

Менде сізді мақтан әркез тұтамын.

Шапқылауда Жаңаауылдың бар халқы,

“Баба-тойға ұлассын”– деп, Мүтәнің!

“АЙТЫСТЫҢ АСҚАҚ ТҰЛҒАСЫ” 

баш Кәкеновтың мерейлі 70 жасына арнау)

Жанаауыл – қасиетті алтын бесік,

Тербетті талай жүйрік, талай есім.

Сол елден шыққан Абаш – дара тұлға,

Айтыстың ақ найзадай қайсар көшін.

Тарбағатай төрінде таң боп аттың,

Халқыңның жүрегінен орын таптың.

Домбыраң сөйлегенде дүбірленіп,

Қазағым рухтанып, жігер шақтың.

“Алаштың Абашы” деп ел мақтанар,

Жырыңды тыңдап бүгін жер шаттанар.

Терменің тереңдігі теңіздей боп,

Көңілге сәуле құйып нұр сақталар.

Жетпіс жас – желдей ескен дара дәурен,

Жырыңыз ел жүрегін тербеп келген.

Өнердің өр биігінде асқақ тұрған,

Абаштай ақын туған қайран көркем.

Домбыраң күмбірлеген сәтте, аға,

Дала да үн қосады шаттығыңа.

Суырып салма сөзің самал болып,

Жеткізді ел жүрегін тәтті нұрға.

“Алаштың Абашысың” – елдің үні,

Жырыңмен жарық еткен өмір гүлін.

Артыңда өшпес ізің қалсын мәңгі,

Өнердің биігінде самғап күні.

Жетпіс жас – мерейлі асқар шыңың,

Еліңнің ақ тілегі – асыл сырың.

Абаш аға, ер халқыңмен мәңгі жаса,

Ғасырлармен жаңғырып жасын жырың!  

 “ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ” 

(Алаугер ақын Аман Кәлетаевқа арнау) 

Сегіз қырлы, бір сырлы Аман ақын!

Әр өлеңі, еңбегі бағалы ақын.

Жастайынан өнерге құмар болып,

Өнерімен тәнті еткен жамағатын.

Жырлағанда Шорғаның шежіресін, 

Рухты жырдың қасиетін сезінесің.

“Есіне түсермін бір тірілердің…”

Дегенде ет бауырың езілетің.

Сусындап қара өлеңге қанып жүрген,

Халықтың ойлайтұғын, қамын бірден.

Ақындығын тастамай өлең жазып,

Қаржыгерлікті бірге қатар алып жүрген.

Домбыра күмбіріндей қоңыр үнің,

Тербейді тыңдағанның көңіл үнін.

Текті ердің сөзі деген – тасқа қашап

Қалдырар мәңгіліктің мөрлі жырын.  

Тоқтайтұғын жерінде тоқталатын,

Қара өлеңнен қорғанын соққан ақын.

Қазағымның Қасымын қорған көріп,

Жауына мылтық болып оқталатын.

Мұқағали ақынға мұңын шағып,

Өлеңімен жеткізген соқталы ақын.

Ақыны адамдық пен ар-ұжданның,

Көтерген жүгін артып нағыз нардың.

“Аманның соқпағы”- деп әйгілеумен

Орындап кеткендей-ақ парыздарын.

Сайрап жатыр сол “Аман соқпағы”- әлі,

Жырлары жүректерде жатталады.

Еңбегі елге сіңген қаржыгердің,

Үміті әлі талай ақталады.

Өлеңдері өлмейтін арда ақынның,

Есімі жүректерде сақталады!   

Leave a Reply