«БІРЛІК КҮНІ» МЕРЕКЕСІ: «БЕРЕКЕЛІ БОРОДУЛИХА – БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА»
«БІРЛІК КҮНІ» МЕРЕКЕСІ: «БЕРЕКЕЛІ БОРОДУЛИХА – БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА»
2026 жылдың 1 мамыр күні Бородулиха ауданының орталық саябағында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Татулық пен келісімді ту еткен бұл мереке аудан тұрғындарын ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, ерекше рухани серпіліс сыйлады.
Мерекелік жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Сапоров сөз сөйлеп, жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде елдегі тұрақтылық пен өркендеудің басты негізі — бірлік, өзара түсіністік пен сыйластық екенін атап өтіп, қоғамдағы келісім мен татулықтың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара мазмұны мазмұнды концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ауданның шығармашылық ұжымдары ән мен жырдан шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем әуен мен ұлттық нақыштағы қойылымдар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, мереке аясында ұйымдастырылған «Берекелі Бородулиха – бір шаңырақ астында» атты ұлттық мәдениеттер фестивалі көпшілік назарын аударды. Фестиваль барысында аудан аумағында өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері өздерінің салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын және мәдени ерекшеліктерін кеңінен таныстырды. Бұл өз кезегінде ұлттар арасындағы достық пен өзара құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Ашық аспан астында өткен мерекелік іс-шара жылы жүздесулерге, ізгі тілектерге және мәдени байланыстарға ұласып, бірлік пен ынтымақтың шынайы символына айналды. Түрлі ұлт өкілдерін бір мақсатқа ұйыстырған бұл күн аудан өміріндегі маңызды қоғамдық-мәдени оқиғалардың бірі ретінде есте қалды.
Осындай тағылымды шаралар ел ішіндегі бірлік пен бейбітшілікті нығайтып, қоғамдағы рухани келісімді одан әрі дамыта түсетіні сөзсіз.
Ерік Қайратбекұлы, журналист
