“ҚҰРМЕТ” ОРДЕНІ – АБАЙ МҰРАСЫНА КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ

07.07.2026. 

“ҚҰРМЕТ” ОРДЕНІ – АБАЙ МҰРАСЫНА КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 8 қаңтар күні «АБАЙ ЖӘНЕ ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН» атты тұғырнамалық мақаласында   ұлы ойшылдың мұрасын кеңінен насихаттаудың маңызын ерекше атап өтіп, тәуелсіздік жылдарында қайта жаңғырған, яғни 1992 жылдан бері оқырманға қайта жол тартқан «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсету керектігін арнайы айтты. Бұл – Абай мұрасына, ұлттық әдебиет пен руханиятқа, тарихи сабақтастыққа берілген жоғары мемлекеттік баға еді.

Төл мерекеміз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні Ақорда төрінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алған сәт – өмірімдегі ең айтулы күндердің бірі.

Бұл марапатты, ең алдымен ұлы Абай бабамыздың мәңгілік мұрасына  көрсетілген құрмет деп қабылдадым. Сондай-ақ осы қасиетті аманатты ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан  республикалық «Абай» журналы ұжымының ұзақ жылғы ерен еңбегіне және 32 жыл бойы редакторлық қызметті атқарған ер азаматым Мұратбек Оспановтың қазақ әдебиеті мен руханиятына адал қызмет еткен қажырлы еңбегіне берілген жоғары баға деп білемін. Сондықтан бұл марапатты оның жарқын рухына көрсетілген лайықты құрмет ретінде қабылдадым.

Тарихқа көз жүгіртсек, «Абай» журналының алғашқы саны 1918 жылы ұлт зиялылары Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтың бастамасымен Семей қаласында  жарық көріп, барлығы 12 саны жарық көрген.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, араға 74 жыл салып, «Қайта туған төлбасы, үзілген сөздің жалғасы» деген айдармен («Абай» журналы, 1992 жыл, №1) журнал қайтадан оқырманымен қауышты.

Журналдың қайта жаңғыруына «Парыз» шығармашылық тобы ұйытқы болды. Оның құрамында Қайым Мұхамедханұлы (құрметті төраға), Ырысхан Мұсаұлы (шығармашылық топтың жетекшісі), Мұстафа Ілиясұлы («Абай» журналы баспасының төрағасы), Мұратбек Оспанов (жауапты хатшы), Мерғали Ибраев, Балтабек Ерсәлімов, Бекмұқан Елеуғожаұлы, Төкен Ибрагимұлы сынды азаматтар еңбек етті.

Журналдың жарық көруіне республикалық Абай қорының президенті Хафиз Матайұлы мен Семей жүн өңдеу фабрикасының директоры Рудольф Зиберт бастаған ұжым демеушілік көрсетті. Бұл – сол кезеңдегі қазақ руханиятына қызмет еткен зиялы қауымға берілген үлкен қолдау болатын.

Аталған шығармашылық ұжым 1992–1994 жылдары журналды тұрақты шығарып тұрды. Ал 1994 жылдан бастап «Абай» журналына республикалық мәртебе беріліп, еліміздің түкпір-түкпіріне тарала бастады. 34 жылдан бері үздіксіз шығып, ұлттық әдебиет пен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы есімін иеленген жалғыз басылым – еліміздегі рухани сабақтастықтың символы.

Өзім Мәскеу полиграфиялық институтының түлегімін. 1989 жылы жолдамамен сол кездегі №16 типографияға баспа цехының шебері болып жұмысқа қабылдандым. Осы қасиетті Семей жерінде өмірлік серігім Мұратбекпен отбасын құрып, перзент сүйдік.

1996 жылы Мұсаұлы Ырысхан ағамыздың шақыртуымен республикалық «Абай» журналына ауысып, компьютер орталығының меңгерушісі әрі техникалық редактор қызметіне кірістім. Содан бері ұлттық баспасөз саласында үздіксіз еңбек етіп келемін. Қаладағы мерзімді басылымдар компьютерлік терім мен беттеудің жаңа технологиясына көшкен кезеңде техникалық редактор ретінде осы саланың қалыптасуына өз үлесімді қостым. Бірқатар газеттердің компьютерлік беттелу жүйесін енгізуге қатысып, жас мамандарды даярладым. Олардың қатарында «Семей таңы», «Үш анық», «Сарыарқа», «Ертіс өңірі», «Ислам нұры», «Ұстаз», «Шыңғыстау», «Контакт», «Алаш Орда», «Демократия», «Счастливого пути»  және басқа да басылымдар бар.

Сонымен қатар көптеген ақын-жазушылардың кітаптарын көркем безендіріп, баспаға әзірледім. Бұл еңбектер Ресейдің Новосібір қаласында жарық көріп, авторлардың алғысына ие болды. Атап айтқанда, Ырысхан Мұсаұлы, Мұратбек Оспанов, Молдаш Жанболатов, Балташ Ерсәлімов, Мерғали Ибраев, Төлеген Жанғалиев, Айтқаным Ахметбекова, Еділ Асылбек, Мұрат Сұлтанбеков, Совет Махметов, т.б. қаламгерлер бар.

Жалпы еңбек өтілім – 46 жыл. Соның 30 жылын республикалық әдеби-мәдени «Абай» журналында табан аудармай еңбек етуге арнадым. Осы уақыт ішінде техникалық редактор, көркемдеуші әрі баспа маманы ретінде ұлттық баспасөздің дамуына, кітап шығару ісіне және қазақ руханиятының өркендеуіне өз үлесімді қосып келемін.

Журнал редакторы Мұратбек екеуміз журналдың ыстығы мен суығына бірге төзіп, қуанышы мен қиындығын қатар бөлістік. Кейде жоқтан бар жасап, кейде уақытпен санаспай еңбек еттік. Бірақ ешқашан «Абай» журналын қызмет орны деп қана емес, Абай мұрасын ұрпаққа жеткізетін қасиетті аманат деп білдік.

Бүгін алған «Құрмет» ордені – жеке маған ғана емес, «Абай» журналының әр кезеңде еңбек еткен барша азаматтардың ортақ марапаты деп есептеймін. Әсіресе, журналдың қайта жаңғыруына өлшеусіз еңбек сіңірген Ырысхан Мұсаұлының және  өмірін қазақ руханиятына арнаған Мұратбек Оспановтың еңбегіне берілген халықтың құрметі деп білемін.

Ер азаматым Мұратбек Оспанов – ақын, қоғам қайраткері, Абай ауданының Құрметті азаматы, бірнеше поэзиялық кітаптың авторы. Ол 1992–2002 жылдары республикалық «Абай» журналының жауапты хатшысы, 2003–2024 жылдары бас редакторы қызметін абыроймен атқарып, бар ғұмырын қазақ әдебиеті мен руханиятына арнады.

Оның жүрегі әрдайым Абай деп соқты. Бар саналы ғұмырын Абай мұрасын ұлықтауға, ұлт руханиятына қызмет етуге арнады. Сондықтан да «Абай деп соққан жүрек мәңгі қазақ руханиятымен бірге жасай береді» деп айтсам, артық емес. Бұл – оның бүкіл ғұмырының, азаматтық болмысының ең дәл әрі шынайы сипаттамасы.

Осы орайда, журнал еңбегін жоғары бағалап, мемлекеттік марапатқа ұсынған Абай облысының әкімі Берік Уәли мырзаға және облыс басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да Абай мұрасын насихаттау жолындағы адал еңбегімді жалғастыра беремін.

Қадірлі ағайын!

Қазақтың «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» деген даналығы бүгінгі күннің де шындығын аңғартады. Осындай алмағайып кезеңде бірлігімізді сақтап,  ұлттық руханиятымызды нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Баршаңызды «Абай» журналына жазылуға шақырамын. Журнал бетінде елге пайдалы танымдық мақалалар, тағылымды дүниелер, ұлттық  құндылықтарды дәріптейтін еңбектер тұрақты жарияланып келеді. Білім мен тәрбиенің қайнар көзі болған «Абай» журналы әр отбасының рухани серігіне айналары сөзсіз. Сіздерден қолдауларыңыз біз үшін аса маңызды. Бүгінгі жазылым – ертеңгі ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбиесіне қосылған үлес.

Қолдау білдіріп, журналымызға жазылған барша оқырманға шынайы алғысымды айтамын. Абай – ұлттың рухани темірқазығы. Оның мұрасын ұлықтау – бәріміздің ортақ парызымыз.

Сөзімді «Абай» журналының маңдайшасында жазылған ұлы Абайдың мәңгілік өсиетімен аяқтағым  келеді:

«Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең, істің бәрі бос».

Осы аманатқа адал болып, ел бірлігіне, ұлт  руханиятының өркендеуіне  бірге қызмет ете берейік.

Қазақ руханияты жасай берсін! «Абай» журналының ғұмыры ұзақ, мерейі үстем болғай!

23 маусым 2026 жыл

Астана

Leave a Reply