«2026 жылғы №2 республикалық «Абай» журналы оқырманға жол тартты.»

30.04.2026

 

№ 2-2026 жыл.

«Абай» журналына сұхбат

 

 

Бұл материалда облыс әкімі Берік Уәли Абай тойының мазмұндық деңгейіне тоқталып, оның тағылымдық, рухани және әлеуметтік маңызын атап өтеді. Сонымен қатар, мереке аясында қолға алынған жобалар мен өңір дамуына ықпал еткен іс-шаралар сараланады.

 

 

АБАЙ ТОЙЫ ӨҢІРДІҢ КЕЛЕШЕГІНЕ ЖАҢАША СЕРПІН БЕРДІ

Берік Уәлиұлы, ең алдымен өткен жылы атап өтілген ұлы Абайдың 180 жылдығы кезінде атқарылған негізгі қомақты іс шараларды бір саралап өтсек. Басты оқиғалардың өтуіне облыс тұрғындарымен бірге өңірдегі кәсіпкерлер де жан-жақты атсалысқанын байқадық. Абай атамыздың мерейтойы нағыз халықтық той ретінде өтті. Жаңа облыстың қайта жаңғыруы да халықтың көңіл күйіне әсер еткен сияқты.

 

– Иә, дұрыс айтасыз. Облысымыздың ширек ғасырдан кейін қайта ашылып, тарихи әділеттіліктің салтанат құруы – тікелей Мемлекет басшысының қамқорлығы екені баршаға белгілі.Қазіргі таңда өңіріміздегі өзекті мәселелер біртіндеп шешімін тауып, экономикада тұрақты өсім байқалып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзінде «Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деп арнайы тапсырма берген болатын. Президенттің тапсырмасына сай Абайдың 180 жылдығы лайықты деңгейде атап өтілді. Тұңғыш рет 10 күндік ретінде өткен хакімнің мерейтойында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Кешенді жоспар аясында осы кезге дейінгі абайтанудың барлық қазыналары мен Абай төңірегіндегі барлық мәліметтерді топтастырған «Абай академиясы» атты энциклопедиялық порталдың, Абайға қатысты бірқатар кітаптың тұсаукесері, ғылыми конференция, жастар арасында интеллектуалдық сайыс және Қарауылда ұлттық ойындар сынды халықаралық, республикалық, өңірлік деңгейде 100-ден астам шара атқарылды.Мерейтой аясында Абай ауданында да инфрақұрылымдық жұмыстар қолға алынды. «Семей-Қарауыл» және «Семей-Қайнар» бағытындағы жолдарға орташа жөндеу жүргізілді. Бөрілі ауылы мен Жидебайда байланыс сапасын жақсарту мақсатында антенналық діңгектер орнатылды. Осының арқасында Абай ауданы 100 пайыз интернетпен қамтылды. Мерейтой қарсаңында Семейдегі екі үлкен көпірдің асфальтжабыны алғаш рет толық ауыстырылды, қаланың ортасындағы айналма жолға да асфальт төселді.  

Онкүндікке ұласқан тағылымды іс-шаралар облыс орталығы – Семей қаласынан бастау алып, ақынның кіндік қаны тамған, мәңгілік мекеніне айналған Қарауыл төрінде, қасиетті Абай елінде қорытындыланды. Мерейтойды өткізуге бюджеттен арнайы қаражат бөлінген жоқ. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, әсіресе Абай ауданының азаматтары мерейтойдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқанын айту парыз. Мерейтой аясында алғаш рет ұйымдастырылған республикалық «Жеті қазына» ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестиваліне еліміздің 18 облысы мен 3 қаласынан, Абай облысының барлық аудан-қалаларынан 300-ге жуық сайыскер қатысып, қазақтың ұлттық болмысын, салт-дәстүрін кеңінен насихаттады. Мерейтой барысында жеке кәсіпкерлердің қолдауымен Семейде өткен «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысының бас жүлдесіне, сондай-ақ, еліміз бойынша тұңғыш ретұлы Абайдың жақсы көрген ойыны тоғызқұмалақ сайысы мен 180 шақырымдық ултьрамарафонға автокөлік сыйға тартылды. Жалпы мерейтой кезінде жүлделі орындарға ие болған спортшыларға облыстың демеушілері атынан жалпы саны 90 бас жылқы мен 10 автокөлік сыйлық ретінде берілді. Бұл ел азаматтарының жомарттығы мен ұлт рухын көтерудегі жанашырлығының дәлелі деп білеміз.

Абай атамыздың тойын ұйымдастырудағы жаңашылдықтың бірі ретінде «Абайға құрмет» акциясын айтуға болады. Сіздер мерейтойды өткізудің жаңаша үлгісін көрсеттіңіздер. Бұрындары той дегенде айтыс, ат жарыстары, гала концерт қана өтетін. Абай облысы ілкімді ұйымдастырудың арқасында ақын мерейтойын үлкен инвестициялық жобаға ұштастыра алды. Нәтижесінде Семей қаласына еліміздің әр облысы бір-бір жаңа ғимарат салып беруді қолға алды. Осы салына бастаған жаңа нысандар туралы айтып берсеңіз.

– Абай елі, Семей жері – күллі қазақ даласына сәуле шашқан ұлылар мекені. Барша өркениет жаңалығы болған тұңғыштардың бастау алған жері. Қазақтың алғашқы театр қойылымының осы өңірде қойылуы, алғашқы кәсіби әнші Әміре Қашаубаевтың дүниеге келуі, алғашқы баспаның, мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орнының (бүгінгі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж) ашылуы, тұңғыш футбол клубының осында құрылуы, алғашқы телеграф, алғашқы банктің, тіпті, алғашқы цирктің де осында басталуы бәрі де, құтты мекеніміздің прогресс отаны екенінің айғағы.

Өңіріміз қашанда ұлттық құндылықтарды көз қарашығындай қастерлеп, ата дәстүр мен заман дамуын ұштастырып келе жатқан жақсылыққа құштар, жаңалыққа ашық аймақ. Ұлы Абайдың мекені, Абайдың ізгі жолын жалғастырған алаш арыстарының орталығы болған қасиетті жер.

Биыл Абай облысы үлкен құрылыс алаңына айналады. Былтыр Абайдың 180 жыл­­дығына орай Мемлекет басшысының бастамасымен«Абайға құрмет» акциясы басталып, жақында Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Өткен жылы біз жыл бойы облыстармен, ұлттық компаниялармен, республикадағы басқа да беделді ұйымдармен қажетті құрылыстарды келісу, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, Үкімет қаулысын әзірлеу жұмысымен айналыстық. Енді толықтай құрылыс жұмысына кірісеміз.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Семей қаласының тарихи орталығының инфрақұрылымы әбден ескірген. Осыны ескере отырып жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салу мақсатында жаңа тұрғын аудан құру туралы шешім қабылдадық. Аталған жоба Семей қаласының солтүстік бөлігінде, жалпы көлемі 1200 гектардан астам бос аумақта жүзеге асырылады. Мұнда 75 мың тұрғынға арналған заманауи тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар салынады. 9 сәуірде облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке Семей қаласының әкімшілік іскерлік орталығын дамыту жобалары туралы баяндадым.

«Абайға құрмет» акциясы аясында Алматы облысы Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданындағы жаңадан салынған саябаққа «Алтын адам» мүсінін орнатты. Маңғыстау облысының сыйлығы Достық үйін облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлы арнайы келіп, бастап кеткен болатын. Одан кейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы, Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлы да арнайы келіп, Президенттің бастамасын қолдайтынын білдірді. Ақтөбе облысы, Шымкент қаласының әкім орынбасарлары да келіп кетті. Солтүстік Қазақстан облысының сыйы Рәміздер алаңының құрылысы Бейбітшілік аралында 26 ақпанда басталып кетті. Бұл аралда қырық жыл бойы даламызға уын шашқан атомдық сынақтардың тоқтауына орай биіктігі 20 метрлік «Өлімнен де күшті» монументі тұрғызылса, ядролық полигонның жабылғанына 20 жыл толғанда биіктігі 25 метр болатын Бейбітшілік стэлласы тұрғызылды. Енді міне Абай облысы қайтадан шаңырақ көтерген тұста биіктігі 35 метр болатын Рәміздер алаңы бой көтермек. Еліміздің тәуелсіздігінің 35 жылдығымен де тұспа тұс келіп отыр. Бұл үш таған қасиетті Бейбітшілік аралына енді толық мағына беріп, қаланың көркі мен тарихын байыта түспек. Мұндай Рәміздер алаңы тарихымызда бірінші рет салынғалы жатқанын да мақтанышпен айта кеткен жөн. Алдағы Рәміздер күніне дейін алаңның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.

Бүгінде облыс әкімдігі акция аясындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша өңірлермен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын, Батыс Қазақстан облысы желілік сая­бақ, Қостанай облысы руха­ният орталығын, Алматы қаласы медиаорталық, Астана қаласы «Келешек» мектебін салып берсе, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзені
жаға­лауын абаттандырады. Ал Жамбыл облысы 1 миллиард теңгеге құрылыс нысанының жобасын әзірлеп жатыр. Бұл да жақын күндері басталады деп күтіп отырмыз.

Ақтөбе облысы салатын Жекпе-жек сарайы қаланың сол жағалауында, Заря шағын ауда­нында бой көтереді. Шым­кент қаласы шығармашылық орта­лығымен қатар Семей қаласының Водный кентіне Мәдениет үйін сыйға тартпақ. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай операторы – Samruk-Kazyna Trust облыс орталығының оң жағалауында, Сәтбаев көшесінде заманауи спорт кешенін салатын болады. Жалпы ауданы 2 мың шаршы метр болатын екі қабатты орталықта әртүрлі спорт түрлеріне арналған зал, 100 көрерменге арналған трибуна, күрес және бокс залдары, тренажер залы мен қосалқы бөлмелер қарастырылған. Осылайша, «Абайға құрмет» акциясы аясында жаңа шағын ауданның ғана емес, облыс орталығының әр аумағы абат­тандырылып, жаңа кейіпке ене­ді.

Сонымен қатар, Қазақстан темір жолы, Қазмұнайгаз, Қазатомөнеркәсіп ұлттық компаниялары мен «Қазақстан халқына» қоры да бір-бір ғимараттан салып беруге ниет білдіріп отыр. Мұның бәрі өңіріміздің еңсесін көтеріп, дамуын жеделдете түспек.

Абай елінде ұлы тұлғаны ұлықтауға арналған тағы қандай шаралар жалғасын табады? «Абай жолында» суреттелген Шыңғыстау ішіндегі тарихи жерлерге этносаяхат ұйымдастыру жобасы жиі көтеріледі. Оған қатысты жоспар бар ма?

–Әрине, Абай елінде ұлы тұлғаны ұлықтау бағытындағы жұмыстар тек мерейтоймен шектелмей, үнемі, жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл – тек мәдени іс-шаралар легі емес, ұлттық руханиятты жаңғыртуға бағытталған кешенді жұмыс. Соның ішінде Абай Құнанбайұлы мұрасын дәріптеу жаңа форматта, заманауи талаптармен ұштаса отырып жалғасады. Алдағы уақытта «Абай жолы» ізімен тұрақты әдеби-танымдық экспедициялар ұйымдастырылып, жастар мен зиялы қауымға арналған рухани керуендер, форумдар өткізіледі. Абай мұрасы цифрландырылып, тарихи орындарға QR-код және аудиогид жүйесі енгізіледі. Осылайша, ұлттық мәдениет пен туризмді ұштастыратын этноауыл жобалары кеңейтілетін болады.

«Абай жолында» суреттелген Шыңғыстау өңіріндегі тарихи орындарға этносаяхат ұйымдастыру мәселесіне келсек, Абай ауданы әкімдігі бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Жобаның негізгі өзегі – «Семей – Қарауыл – Қоңыр әулие – Жидебай – Бөрілі» бағытында біртұтас туристік маршрут қалыптастыру, тарихи орындарды бір желіге біріктіретін интерактивті карта мен гид жүйесін енгізу, туристерге арналған этнографиялық бағдарламаларды (салт-дәстүр, қолөнер, ұлттық тағам) ұйымдастыру және атпен, ат-арбамен саяхаттау арқылы көшпелі өмір салтын таныстыру.

Облыс әкімдігі бұл ретте туристер баратын орындардың инфрақұрылымына, жолдардың жөнделуіне, интернетпен қамтылуына баса назар аударып отыр. «Семей – Қарауыл – Қоңыр әулие үңгірі» бағытындағы жолдар кезең-кезеңімен жөнделуде. Жоғарыда атап өткенімдей, Жидебай мен Бөрілі бағыттарына инженерлік инфрақұрылым тартылған. Қазіргі уақытта Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында құны 1,2 млрд теңгені құрайтын «Тауқұм» этно кешенінің құрылысы жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен жүзеге асатын, 60 гектар аумақты қамтитын кешен өңірдегі туризмды дамытып, рухани-мәдени мұраны дәріптеп, Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдыруға қызмет етері сөзсіз. Жыл бойы жұмыс істейтін кешенде киіз үйлер мен бунгало үлгісіндегі қонақүйлер, этно-SPA орталығы, қоғамдық тамақтану орындары бар. Сондай-ақ, иппадром, хайуанаттар бағы, конференц-зал, тимбилдингке арналған арнайы аймақтар, электромобилдерді қуаттау станциялары мен қымыз құю желісі қызмет етпек. Бұл бастамалардың барлығы бір мақсатқа бағытталған – Абай елін рухани туризмнің орталығына айналдыру. Абайды тану енді тек кітап арқылы емес, оның туған жерін аралап, Шыңғыстаудың табиғатын сезіну, тарихи мекендермен жүздесу арқылы тереңдей түседі.

Орайы келгенде айта кетейін, облыста туризм саласына айрықша көңіл бөлініп отыр. Өңірде 2029 жылға дейін 90,4 млрд. теңгеге
49 жобаны іске асыру жоспарланған. Әрине, Алакөл жағалауына ерекше басымдық беріледі. Былтыр Алакөл жағалауын дамытуға 1 млрд. теңге, биыл 10 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ, цифрлық шешімдерді енгізуге, оның ішінде бейнебақылау жүйелерін және орнықты мобильді интернет-қамтуды енгізуге бағытталады.

Облыстық әкімшіліктің тікелей қолдауымен және демеушілердің көмегімен Абай мұрасын зерттеуге қатысты қандай тың еңбектер, жаңа кітаптар жарық көрді?

– Өңірімізде облыс әкімдігінің қолдауымен 2023 жылдан бастап «Абай жолы» кітапханасы жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени, әдеби дамуына ықпал еткен туған өлкемізден шыққан тұлғалардың (қаламгерлер, өнер адамдары) туындыларын қайта жаңғыртып, оқырмандарға ұсыну. Абайдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында аталған жоба аясында 25 атаулы кітап әрқайсысы 500 данамен (барлығы 12 500 дана) жарыққа шықты. Жоба биыл да жалғасын табады. Ақынның мерейтойына орай Абай тақырыбына басым көңіл бөлінді. Абай мұрасына қатысты түрлі жанрдағы кітаптар жарыққа шықты. «Абай жолы» танымдық энциклопедиясы, «Абай Құнанбайұлы кім?» атты балаларға арналған кітап және қазақ, ағылшын, орыс, қытай тілдеріндегі Абайдың академиялық жинағы, «Абай» баспасынан жарық көрген эксклюзивті бес кітап, сондай-ақ, абайтанушы-мұхтартанушы Кәмен Оразалиннің «Абайдан соңғы арыстар» атты үш томдық кітабы, жазушы, зерттеуші Алмахан Мұхаметқалиқызының «Абай жолы» кейіпкерлері және «Абай», «Абай. Стихи и поэмы» кітаптары,  Әдебиет және өнер институты әзірлеген Абай шығармаларының 3 томдық академиялық жинағы, танымал әнші, өнер зерттеуші Еркін Шүкіманның «Абайдың музыкалық мұрасы» кітабы және басқа да еңбектер – ұлы ақынның 180 жылдығы ауқымында оқырмандарға жол тартты. Ерекше атап өтерлігі, ақын мерейтойы қарсаңында Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргіздік. Оқу залы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі заман талабына сай жаңартылып, лед-экрандар, кондиционернер, түрлі жиһаздар  сатып алынды. «Қазақстан халқына» қорының көмегімен 30 ауылдық кітапхана жаңғыртылатын болады. Өңірдегі оқушылар арасында кітап оқуды насихаттау мақсатында ASSYLTAS қорының демеушілігімен«Артық білім кітапта…» байқауын өткізіп жатырмыз. Байқау жеңімпазына көлік табысталатын болады. Осы қор былтыр Абай облысындағы барлық 233 мектепке 14 000-ға жуық кітап жеткізген болатын.Жалпы өткен жылы өңірдегі 8 мәдени нысанда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 100 орындық 2 ауылдық клуб ашылды. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

–Семей – алаш қаласы ғой. Алаш мұраларын зерттеп, зерделеу және көпшілікпен қауыштыру мәселесінде өңір ғалымдары және әкімшілік тарапы қандай жұмыстар атқарып жатыр?

–Семей –қазақ ренесансының отаны. Абайдан бастау алған қазақтың қайта өрлеу дәуірінің ең бір шырқау шыңы, шарықтау кезеңі алаш дәуірі десек, қателеспейміз. Алаш қайраткерлері 1920 жылдан бастап, ақырындап саясаттан шеттетіле бастады. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға 1922 жылдан бастап Мәскеуден шығуға тыйым салынды. Басқа қайраткерлерге де түрлі шектеулер қойылып, қуғындауға түсе бастады. Осы кезеңде оларға саясаттың жолы жабылды, «ендігі жол халықты ағарту, қазақты білімге жеткізу» деп санап, білім, әдебиет, өнер мен мәдениет саласына бет бұрып, онда да жемісті еңбек етті. Совет одағы халықтарының кіндік баспасының Күншығыс бөліміне топталып, сол кездегі Еуропа ғылымының озық өкілдері К.Фламмарион, П.Тутковский, В.Вагнер сияқты ғалымдар мен Д.Лондон, Л.Толстойсияқты әдебиет алыптарын аударып, қазақ балалары мен жастарын әлемдік мәдениет пен ғылымның айдынына шығаруды мұрат тұтты. Біз осы еңбектерді арнайы «Мирас» сериясы арқылы тұңғыш рет арнайы топтастырып, тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай 35 кітап шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл құнды мұра демеушілердің қаражатымен шығып, Республика күніне орай қалың оқырманмен қауышатын болады. Бұл тұңғыштар мекені, алаш астанасы, Абай елінің ұлт руханиятындағы шам-шырақ болған кезіне қойылған үлкен ескерткіш деп білеміз.

Өзіңіз бастаған облыс басшылығы қызметке кіріскелі бері өңір жаңаша серпін алып, дами бастады. Экономикалық бағыттағы алда тұрған жоспарлар қандай?

– Өңір экономикасын нығайту бағытында облыста жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Мысалы, былтырғы 9 айдың қорытындысында Абай облысы­­­ның жалпы өңірлік өнімі 101,5 пайызды құрап, 2 трлн 385,8 млрд теңгеге жетті. Был­тыр өңір экономикасының 12 негізгі көрсеткішінің 10-ында өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы – 101,1 па­йыз, өңдеу өнеркәсібі – 102,9, ішкі сауда – 103,5, тұрғын үйді пайдалануға беру – 105,8, байланыс – 106, құрылыс – 106,2, инвестициялар – 106,8, көлік саласы 125,9 пайызға орындалды. Өткен жылы мемлекеттік бюджетке Абай облысынан 648,7 млрд теңге салық түсті, бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 135,5 пайызға артық. Меншікті кірістердің өсу қарқыны бойынша облыс республикада екінші орында тұр.

Өңір экономикасын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі – инвестиция тарту.Былтыр өңірден шыққан елге танымал тұлғалар, кәсіпкерлер, меценаттар мен жанашыр азаматтардың басын қосып, «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форум өткіздік. Маңызды шара аясында жалпы қаржысы 336 млрд теңгені құ­райтын 15 меморандумға қол қо­йылды. Осы жобалардың барлығы жүзеге асырыла басталды. Оның 2-уібылтыр пайдалануға берілді.Соның бірі – былтыр Cе­мей­де Жаңа жыл қарсаңында ашылған «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақүй-мейрамхана кешені. Жобаның жалпы құны – 5,7 млрд теңге, 105 жаңа жұмыс орны құрылды. Мұндай қонақүй қаламызда бұрын-соңды болған емес. Форум аясындағы келісімдерге сәйкес іске асырылып жатқан ауқымды жобалардың бірі – ­­­­­заманауи ет комбинаты. Қазір Жаңасемей ауданында қуаттылығы жылына 11 400 тонна ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ағайынды Сайлау және Ерлан Мұқашевтер жетекшілік ете­тін «Eurasia Agro Semey» ЖШС жү­зе­ге асырып жатқан жоба өңірдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнер­кә­сібін дамытуға тың серпін бермек. Жобаның жалпы құны – 7,7 млрд теңге. Өндірістік кешенді биыл тамыз айында іске қосу жос­парланып отыр.

Өңірде инвестиция тарту бағы­тында жүйелі жұмыс жүр­гі­зіліп келеді. Осы­ның нәтижесінде 2025 жылы іске асы­рылған жобалар саны 29-дан 101-ге дейін артты. Жыл қорытындысында жал­пы құны 24,1 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, 391 жаңа жұмыс орны құрылды. Былтыр облысқа инвестиция тарту мақсатында 115 шетелдік инвестормен кез­дестім. Халықаралық эконо­ми­калық ынтымақтастықты нығайту мақ­сатында «Үлкен Алтай» халық­аралық субөңірлік конферен­циясы аясында Қытай Халық Респуб­ли­ка­сының ірі компанияларымен жал­пы құны 1,5 млрд долларды құрай­­тын 15 меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде қытайлық серіктестердің қатысуыменжалпы сомасы 563,2 млрд. теңгеге  6 жобаны іске асыру басталды.

Индустриялық инфрақұры­лым­ды дамыту бағытында да тиісті жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Семей қаласындағы аумағы 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индус­­трия­­­лық аймағын 190 гектарға дейін кеңей­тіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмысы қолға алынып жатыр. Сонымен қатар, Мақаншы ауданында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған, аумағы 100 гектарды құрайтын өңірлік индустриялық аймақ құру жұмысы да басталды. Бүгінде осы жерде «Di-Nur company» ЖШС 7 млрд теңгеге майлы дақылдарды қайта өңдеу және тазартылған күнбағыс майын өндіру жобасын  іске асырды. Сондай-ақ, «Harvest Agro» компаниясы жүгері мен сояны қайта өңдеуге арналған 2 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі – 48,4 млрд теңге.

Аймақта жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі – жалпы ұзындығы 295,7 шақырым болатын «Бақты–Аягөз» теміржол желісінің құрылысы. Бұл – өңірдің және тұтас еліміздің дамуына тың серпін беру үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен басталған ауқымды жоба.Өңірде «Universal Energy» компаниясымен жел электр станциясын салу жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жобаның құны – 55 млрд теңге, 2027 жылы толық іске қосылуы көзделуде. 50 жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл жоба өңір үшін өте маңызды, экологиялық таза энергия көздерін дамытуға, облыстың жаңартылатын энергия үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек түрік инвесторы «Miryildiz Kz Ltd» компаниясымен тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды. Былтыр облысқа 10 млрд инвестиция тартылды. Жобаның жалпы құны – 255 млрд теңге.

– Мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет!

 

 

Leave a Reply