“БАЛАБАҚША – БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ”

“БАЛАБАҚША – БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ”

 

Шапатова Жансая Советханқызы –
ШҚО, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылы,
«Ай-Тұмар»
жеке меншік балабақша-бөбекжайы
Лауазымы: Тәрбиеші

 

Балабақша – тек тәрбие-білім ордасы ғана емес, адамның тұлға болып қалыптасатын қасиетті мекені. Бала алғаш әріп танып, өмірлік құндылықтарды бойына сіңіретін, болашаққа деген сенімін нығайтатын орын – осы балабақша. Сондықтан да балабақшаның рөлі тек оқытумен шектелмейді, ол адам тәрбиелейтін, қоғамға пайдалы азамат даярлайтын маңызды әлеуметтік институт іспетті.

Кез келген өркениетті қоғамның негізі – сапалы білім. Ал білімнің алғашқы іргетасы балабақша қабырғасында қаланады. Мұнда балауса-балғындар ғылым негіздерін меңгере отырып, ойлау қабілетін дамытады. Бүгінгі жаһандану дәуірінде білімнің маңызы арта түсуде. Қазіргі балабақша тәрбиеленушілері – ертеңгі инженерлер, дәрігерлер, ғалымдар, ұстаздар. Сондықтан білім беру сапасының жоғары болуы – ел дамуының мызғымас кепілі.

Тек білім беру жеткіліксіз, оны дұрыс пайдалану үшін адамгершілік қасиеттер де қажет. Сол себепті балабақша – тәрбиенің де алтын бесігі. Мұнда оқушылар үлкенді сыйлауды, құрметтеуді, еңбектенуді, әділетті болуды үйренеді.
Тәрбиеші-ұстаздар мен ата-аналардың бірлесе атқарған еңбегі нәтижесінде балабақша қабырғасынан шыққан әрбір жас азамат жасампаз елдің темірқазық тірегіне айналады.

Бүгінгі таңда балабақша тек тағылымды тәрбие, дәстүрлі білім беру ордасы ғана емес, жан-жақты дамыған шығармашыл тұлға қалыптастыратын орталық болуы тиіс. Ақпараттық технологиялардың дамуы оқыту әдістерін өзгертуді талап етеді. Бүгінгі балабақшаларда, барынша цифрлық білім беру жүйесі, инновациялық бағдарламалар қадерінше біртіндеп, сатылай қолданылуда. Балалардың өзін-өзі дамытуына, сыни ойлау қабілетін жетілдіруге, шығармашылық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Балабақша – әрбір адамның жүрегінде мәңгі сақталатын қасиетті ұғым. Ол – балалық шақтың куәсі, алғашқы жетістіктердің бастауы. Балабақша қабырғасында өткен жылдар әрбір адамның өміріндегі ең жарқын кезең болып қалады. Сол себепті
балабақша мен тәрбиеші-ұстазға деген құрмет – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын биік мұраттардың бірі. Білімді ұрпақ тәрбиелеу – ел болашағына салынған ең үлкен инвестиция. Сондықтан балабақшаның берік сапасы – ұлттың болашағы екенін ұмытпауымыз керек.

Leave a Reply