
Ұлан Нұрболұлы – 2004.04.29 ҚХР – Мұңғылкүре ауыданы Қашажар ауылында дүниеге келген.
2013 жылы елімізге оралып, қазіргі кезде, Жетісу обылысы, Ескелді ауданы, Ақын Сара ауылында тұрады. 2023 жылы Ақын Сара ауылындағы Шоқан Уалиханов атындағы орта мектепті бітіріп, Шәкәрім университеті филология фокультетіне қазақ тілі әдебиеті мұғалімі бойынша оқуға түсіп 2027 жылы аяқтады.
Жетісулық жас айтыскер ақын. Аудандық, облыстық, республикалық жас ақындар айтысының жеңімпазы. Атап айтар болсақ, жеткен жетістіктері де аз емес көрінеді. Соның бірнешеуін тізе кетсек артық бола қоймас.
2023 жылы Жетісуда өткен «Андас Омарақын» атындағы облыстық ақындар айтысының «Бас жүлдесін» жеңіп алған және сол іспеттес «Жыл алыбы – Жамбыл» айтысынан «Бас жүлде» иегері атанған. Талдықорғанда өткен облыстық ақындар айтысының жеңімпазы, Семейдегі студенттер айтысының жеңімпазы, 2023 жылы Семейде өткен «Тәуелсіздікке тағзым» облыстық жыр мүшәйрасының 2 – орын иегері. «Наурыз Нақыштары» атты айтыстардың жеңімпазы. Сол сияқты тағы басқа да жүлделерімен жыр мүшайраларының иегері және жыр жинақтарымен белгілі.
Өмір айнасы
Сынақтардан тұрады бар ғұмырың,
Кешегі қателігің, қалды бүгін.
Өмірде сәл қателік жасап қалсаң,
Дайын тұрады ақылы барлығының.
Сенесің, ешкімге есе бермесіңе,
Шариғаттан бір сөз түсті, енді есіме,
Көтере алмаc сынақты, бермейді ғой,
Жаратқаным бір Аллам пендесіне.
Қиындыққа төзіп талай ептегесің,
Ақылыңды айтатындай көп пе еді есің.
Олар сенің артыңнан сөз қылады,
Сен жеткен жеңістерге жетпегесін.
Бәлкім олар, ақыл айтса жайланады,
Ұнамайды олардың сайрағаны,
Біреуге айтпас бұрын ақылыңды,
Өткізіп ал адамнан айнадағы.
19.01.24.
Қарлығашым
(Аружан қарындасына арнауы)
Жыр арнап жазып арнауды ағаң,
Тағдырда күйін шертеме.
Жан ағаң болу жаным-ау саған,
Мен үшін қандай мәртебе!
Өлеңнің үзіп саған маржанынан,
Ағаңның саған ауған көңілі еді.
Ботадай көздеріңнің ар жағынан,
Ботаның өзі маған көрінеді.
Дүниесі де жолыңда құрысын,
Сен барда неге жүдеймін.
Алтыным менің, қандай сұлусың,
Сен үшін бақыт тілеймін.
Жолын аш, құдай, өзің қолдасаң,
Шарпысын жанын өте бақ.
Қасымда ботам өзің болмасаң,
Дүниесі де бекер ақ.
Бәрінен биік тұратын ары,
Ұзақ болсыншы ғұмырың!
Өзіңде жаным өмірдің мәні,
Мен үшін биік тұғырың!!

«Ақын Сарам»
(Ауылына арнауы)
Мектепті бітіріп ем төртпен-беске,
Ақының енді ешкімге дес бермес пе?
Шыңғыстауға кешкілік қарағанда,
Еске түседі өскенім Ешкіөлместе.
Сен дегенде көмейден тамады өлең,
Мен сарадай апамның қаракері ем.
Ешкіөлмес Шыңғыстаудай биік емес,
Бірақ биік данасы бар Сара деген.
Сөзін енді айтпасам есті адамның,
Ешқандай елге үлес қоспағаным.
Семейдің суығына тоңған кезде,
Ауылымның жылы ауасын еске аламын.
Ақыныңның өтіп жатыр ғажап күні,
Бірақта ішінде бар маздақ мұңы.
Оқытушы төбемнен кеп төңген кезде,
Еске аламын мұғалімін Қазақ тілі.
Айтыста жырлап сені төселемін.
Сенде өсіп мен бағымды еселедім.
Түзу жолмен жүргенде еске аламын.
Ауылымның қотыр-қотыр көшелерін.
Белгілі болмаса да атым саған,
Іргемді саған қарай жақын салам.
Сара апамның жаулығын желбіретем,
Атыңды мен шығарам Ақын Сарам!
Жолаушы қыз
Жасымнан алды-артымды танып едім,
Тығылса өлең жырым көмейіме.
Кішкене тұмауратып қалып едім,
Асығып бара жатырмын Семейіме.
Көргенде ол қырды шын сана алмасты,
Бола берсін мейлі менің ісім мұңды.
Ол да маған төмен қарап амандасты,
Емеурінмен көмек сұрап, түсіндірді.
Кете ме деп қорқамын бөтен алдай,
Қасымда болмағаммен білекті ешкім.
Бір қыз тұр чемоданын көтералмай,
Мен болсам әлгі аруға көмектестім.
Алғысынан баска әңгіме бастамады,
Үнсіз қалды қасымдағы сөзге мықтым.
Бөлек екен қиылған қас қабағы,
Артынан баспалдаққа менде шықтым.
Оны көрсем айдарымнан жел еседі,
Танысуға бермесе де мақұлдығын.
Ол да маған кет әрі емес еді,
Әттең менің жетпеді ғой батылдығым.
—————————————
Пойызда өз жолымен төтелетті…
Терезе
Білмеймін, қалай жүрем ережеңмен,
Жамандықтан өзімді тежегем мен.
Далаға шыққанға сайын елеңдеуші ем,
Сені көріп қалам ба деп терезеңнен.
Ал енді, жүрегіме тереңдеймін.
Қарасам да бақытқа бөленбеймін.
Дүкенге, зат алуға шыққан сайын,
Терезеңе, неге сонша елеңдеймін.
Ұшырап қалсам да талай сынға,
Менің қарап тұрғанымды қалайсың ба?
Мен сенің терезеңе қарағандай,
Сен менің, іздеріме қарайсың ба?!
Біреуге түс, болса да бірі таңы,
Шығып тұрмын далаға тірі тағы…
Далада тоңып калған қолдарымды,
Терезеден, сенің жүзің жылытады.
