Жәнібек Есенкелді – 2005 жылы, Павлодар қаласында дүниеге келген. Павлодар қаласында білім беру бөлімінің “Павлодар Дарыны” білім беру орталығының қызметкері. Ақындық жолын “Құсқанат ғұмыр” әдеби поэтикалық ұйымында бастаған, әрі сол ұйымның негізін қалаушылардың бірі.

2024 жылғы Семей қаласында өткен “Ұлт болашағы жастардың қолында” атты республикалық ақындар мүшәйрасының, 2024 жылы Алматы қаласында өткен “Арман қала” республикалық мүшәйрасының 3 – орын иегері. Облыстық мүшәйралардың жүлдегері, өлеңдері: “Ертіс тоқыны” кітабы, өңірлік «Найзатас», «Айқара», «Сарыарқа самалы», «Pavlodar News»  сайттарында жарық көрген. Болашағынан үлкен үміт күттірер жас талант.

Бір сағыныш…

 

Күн өтуде мезгілі ай жасарып.

Гүл тірілткен кешегі қайда шабыт?

Сағымдай бір сағыныш жатады екен,

Жүректердің түбінде ойға шомып.

 

Жүректегі дерті көп ақын жанның.

Бұйырмаған аруды тақымдар кім?

Мен жаным бағасына жетуші едім,

Өзіңмен жәй сөйлесіп отырғанның.

 

Күндерімнің, өткізген сеніменен,

Артымыздан елегзіп еріп өлең.

Мені еске аларыңа сенімдімін,

Жүрген болсаң түймедақ теріп егер…

 

Нәубеттің де тиеді-ау септігі ертең,

Сен де әйбат қыз едің тектімен тең.

Ауылыңа барам ғой деп жүргенде,

Ауылынан Көңілдің кеттің еркем.

 

Жылтырлармен жүргем жоқ сан жүздесіп,

Ішкі жақтан тастайды қанды із кесіп.

Дара жүріп үйрендім қазір өзім,

Кереку көшелерін жалғыз кешіп.

 

Қызықтырмайды ешкімнің ертектері,

Сезімімнің сарғайтып сол көктемі.

Бұл қаладан бұрында күдер үздім,

Сен кеткелі…

* * *

Сағынышта жатады екен қандай мән?

Тамылжытып, салмас енді таңдай да ән.  

Сүйе алмадым, ең соңғы рет, кеш, Күнім,

Менің атым жазылмаған маңдайдан.

 

Жанарыңда болсын мейлі жан құрбан.

Қабағымда қараша мұң… сан жылдан.

Мен күн кешкен кеудеңдегі жүректің,

Тасасында тығыламын тағдырдан.

 

Жаныңдағы, жарасатын жат қалай.

Жүрген болар сезіміңді таптамай. 

Дәрігерім сен болсаң да күнім-ау,

Дәрілерің көмек бермей жатқан-ай.  

 

Бірақ!

Бірақ сендік, мұңдарымның жыры бақ.

Сен дегенде көбелек жыр құбылад.

Құспен бірге ораларсың көктемде,

Бұрымыңа сағыныштар іліп ап.

 

Тұсауыңа байланады енді кім?

Күш ағымға бой бермессің сен бүгін!

Құса мұңға тығылатын жаныңды,

Құшағымда жылытайын, кел, күнім!

 

«Ғұмырсың»

 

Қарақат көздер қараша қайғы. Мұң құшақ.

Табытқа салып тербеп келеді, түңгі шақ.

Алаңсыз бейнең кезіп жүр ойдың кемесін,

Сенделіп жүрген жыр құсап.

 

Сахара сезім, көмілген күйген шуақ нұр,

Жанарың неге, жағымды өлең сұрап тұр?

Жалғаннан ешбір таппассың шаттық күнім-ау,

Жалғыздық үшін жылап құр.

 

Еркелігің де назданған бейнең. Пәк санаң.

Жолығар ма енді, жер бетіндегі жақсы адам!?

Қабағыңдағы қоңырау мұңды қадірлім,

Табытта мәңгі жастанам…  

 

Сендегі сезім, мендегі сөзде жаңылыс.

Кетеді кейде жаңылғаныңнан жанып іш.  

Мендегі ғұмыр, жасы біткен кеуде мен,

Сары күздегі сарғайып қалған сағыныш!

«Тағдыр»

 

Тұнжырайған тар кеуденің таңы бұл,

Баянымсыз бақытымның бағы құр.

Ең соңғы рет көрейінші тағы бір,

Ең соңғы рет, ең соңғы рет, тағыдыр).

 

Көкейімді кернеп жатыр кәрі мұң,

Сезінген болар ақылымның әмірін.

Сонда дағы ең соңғы рет сүйейін,

Ең соңғы рет құшақтайын тәңірім.

 

Кетер сонда жүрегіме жан кіріп,

Тұтылындай темекінің таң күліп.

Қысқа өмірді қиып кетер едім ғой,

Жанарына қарап тұрып мәңгілік…   

 

Санама кеп сыбырлайсың кеш келіп,

Біз өмірге қинайтындай не істедік ?

Есіл жаның төгілсе де еркем-ау,

Өткен күндер, өткен айлар естелік.   

 

Өкпеленбе, алақаным тоңды деп,

Сыйланбаған нәзік сезім солды деп,

Я, білемін, бір жүруді қалайсың,

Ай астында қол ұстасып соңғы рет.

 

Солай!  

Солай жүрек жылдар бойы кешті үміт,

Ерке жылдар жіберіпті  есті қып.

Өр кеудеме бір тыныштық оралар,

Сезімдерің қалғанында ескіріп.

Leave a Reply