Оспанов  Мұратбек  Қабиденұлы 1962 жылдың 26 наурызында Семей облысы Абай ауданы Қасқабұлақ ауылында дүниеге келген.  Еңбек жолын 1979 жылы Шыңғыстау орта мектебін бітірісімен Абай ауданындағы «Совхоз туы» газетінде әдеби қызметкерліктен бастап, жауапты хатшылыққа дейінгі сыннан өткен.  Сол кездің өзінде жас та болса келешегінен көп үміт күттіретін, білімін көтерсе жақсы қаламгер болатын қабілетін танытқан еді.

Ал, 1980 жылы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне студент болып қабылданды.

1984 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген жас ақындардың «Аудитория» атты жинағына бірнеше өлеңдері енеді.

1985-1987 жылдар аралығында әскер қатарына алынып, Отан қорғаудағы парызын да ойдағыдай өтеп қайтты. Онда рота старшинасы шеніне дейін көтерілген.

1988 жылы оқуын ойдағыдай аяқтап, сол кездегі Семей облыстық «Семей таңы» газетінің редакциясына жоғары білімді жас маман ретінде арнайы жолдамамен қызметке шақырылды. Сол тұстағы редакцияда ең басты және ең ауыр бөлімнің бірі – «Партиялық, қоғамдық өмірді қайта құру мәселелері» (Партия тұрмысы) бөлімінде әдеби қызметкер болып, облыстың қоғамдық – саяси өміріне белсене араласты. Сондай – ақ әлеуметтік тұрмыс, әдебиет пен өнер салаласына да қалам тартты. Облыстық газетте жарияланған кейбір материалдарын республикалық басылымдар көшіріп басты. Редакция ұжымында өзінің ұйымдастырушылық қабілеті, адамдармен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында редакция бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайланды.

1990 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінің шақыртуымен осы басылымның Шығыс аймағындағы меншікті тілшісі қызметіне кірісті. Айналдырған екі жылдың ішінде Өскемен, Павлодар, Семей өңірінен небір тартымды материалдар жазып, үш облыстың тынысын бүкіл республикаға танытып тұрды. Сол кездегі қоғамдағы саяси ахуалды қаузай жазып, жастар тәрбиесі, өнер, білім мәселелерін үнемі назарда ұстады.

Әсіресе, еліміз еркіндік алғаннан кейін Мұратбек Оспановтың ақын ретінде де, журналист ретінде де екінші тынысы ашылды деуге болады.

1992 жылы Семейде ұлы Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында «Абай» журналын қайта қолға алып, шығару мәселесі көтерілгенде алдыңғы буын қайраткер, зиялы ағалармен қоса Мұратбек те журналдың жауапты хатшысы қызметіне шақырылды.  Қазір есімі журналды қайта шығарушы топтың қатарында аталады. Сол алғашқы жылдан бастап, 2002 жылға дейін жауапты хатшы қызметін мінсіз атқарып келді.

Ал, 2003 жылдың қараша айынан бастап журналдың Бас редакторы қызметіне тағайындалды.

Бас редактор болған алғашқы күннен журналдың ертеден ұстанған бағытымен қоса, қоғамдағы саяси – әлеуметтік тақырыптарға ерекше мән беріп, бірнеше талдау материалдар топтамасын ұсынып келеді. Әсіресе, жыл сайынғы Президент Жолдауын қолдай отырып, еліміздің саяси беталасын саралайтын материалдарды үнемі жариялау үстінде. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін – ең бірінші халықтың береке – бірлігі қажет екенін басты бағдар етіп алған.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. Өлеңдері «Аудитория» (1984 ж.) атты жастардың ұжымдық жинағына енген, 1997 жылы «Сандықтас»,  2004 жылы «Дүние дидар»,  2005 жылы «Сүмбіле», «Жырұйық» атты жеке поэзия кітаптары жарық көрді.

2005 жылы 7 қаңтар айында N3(23961) «Егемен Қазақстан» газетінде Ел тәуелсіздігінің бір мүшел толған күніне арналған «Тәңір сыйы» атты дастаны жарық көрді.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің тапсырысымен «Таңдайдағы тамшылар» атты алтыншы поэзия кітабы жарық көрді, 2012 жылы мемлекет тапсырысымен «Жаңа заман әдебиеті» сериясы бойынша «Құт» атты кітабы басылып шықты.

2012 жылы «Айна» атты кітабы ақынның 50 жасқа толған мерейлі мезетіне орай Новосібір қаласынан жарық көрді.

2012 жылдан бері Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарады.

2017 жылы «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша «Айшуақ» атты жыр кітабы жарық көрді.

2020 жылы Республикалық «Абай» журналының кітапханасы сериясымен «Білгенге маржан»- 1 том жарық көрді.

2023 жылы «Абай жолы» кітапханасы сериясымен  «Білгенге маржан» – 2 том жарық көрді.

2024 жылы «Абай жолы» кітапханасы сериясымен «Сөз падшасы» тандамалы туындары жарық көрді.

Ақиқатын айтқанда, қайнаған әдеби ортадан алыстау қалада жүрген ақынның шығармашылығы жайлы Қадыр Мырза Әли төмендегідей баға берген: «Бір сөзбен айтсақ, Мұратбек Оспанов – жан –жақты толысқан ақын. Еліне деген махаббат сезімі таңғы шықтай таза, тұнық тұмадай мөлдір».

Ал, абыз ақсақал, өлеңге өзгеше мейріммен қарайтын атақты ақын Тұманбай Молдағалиев: «Жаңағы қыран туралы өлең жазған жігітті кіші ақын деуге болмайды. Қыран туралы өлең – классика. Сен осы өлеңмен биікке шығып кеттің, Мұратбек. Қайырлы болсын!» – деп болашағына үлкен табыстар тілеген.

Редакция ұжымында үлкен беделге ие болған ол, Семейдегі барлық мәдени шараларға белсене араласады. Қала әкімінің жанынан құрылған Үйлестіру кеңесінің мүшесі. Бірнеше республикалық байқаулар мен ақындар айтысында қазылар алқасының төрағасы болып жүр.

Ұлы Абайдың 150 жылдық тойыннан кейін өлеңмен үлкен толғау жазып көрінсе, кейінгі жылдары бірнеше поэма, баллада, элегия, сонеттер жазды.

2005 жылдың 10 ақпанында Алматыдағы Ғалымдар үйінде ақынның шығармашылық кеші өтті.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» аясындағы бұл кешті Қазақстан Жазушылар одағы мен «Ғалымдар үйі» ұйымдастырған болатын. Әрине, қазақта ақын көп, бірақ Семейде жүрген Мұратбек Оспановқа алғашқы таңдау түскені оның шығармашылық деңгейінен хабар берсе керек. Сол жылы өзі туып – өскен Абай ауданының құрметті азаматы атанды.

2005 ж. Семейде Өлкетану мұражайында «Таңдайдағы тамшылар» атты есеп беру кеші өтті.

2007 жылы  ШҚО Мәдениет басқармасы жариялаған «Свободной музы приношенье» атты екінші аймақтық поэтикалық сайыста лауреат атанып, бірінші дәрежелі дипломды иеленді.

ШҚО әкімінің «Құрмет грамотасымен» және Семей қаласы әкімінің «Құрмет грамоталарымен» бірнеше мәрте марапатталған.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің N 246-к 04.12.2009 ж. бұйрығы бойынша «Мәдениет қайраткері» атағын алды.

2012 жылғы Шығыс Қазақстан облысындағы мәдениет пен өнердің дамуына қосқан үлесі үшін “Әдебиет ісі” номинациясы бойынша облыс әкімінің сыйлығымен марапатталған.

Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Яғни, 2006 жылдың  29  қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында өткен «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты республикалық жыр мүшәйрасында екінші орынды жеңіп алса, 2007 жылы Қазақстан банктер арасында тұңғыш рет «ТұранӘлемБанкі» АҚ ұйымдастырған республикалық жазба ақындар мүшәйрасында екінші орынды иеленді. Ал, 2008 жылы «БТА» АҚ ұйымдастырған ІІ республикалық жазба ақындар мүшәйрасында тағы да екінші орынды қанжығалаған.

2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған.

2016 жылы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

2016 жылы Семейдегі Абайдың Мемлекеттік қорық-мұражайының арнайы әзірлеген «Абай» медалін иеленді.

2020 жылы «Семей қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

2020 жылғы журналистер күніне орай Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өңір журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін «Абай мұрасы» номинациясы бойынша марапатталды.

2020 жылғы 13 қазандағы ҚР Президенті Қ-Ж. Тоқаевтың Жарлығы бойынша «Ерен еңбегі үшін» медальмен наградталды.

2022 жылы «Қазақ журналистикасының қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.

2022 жылы «Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласына қосқан айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

2022 жылы  Қазақстан Республикасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылым мен білімнің дамуына қосқан айрықша үлес үшін «Күлтегін» медальмен марапатталды.

2023 жылы Абай облыс  әкімінің Дипломымен марапатталды.

2024 жылы Абай облыс  әкімінің Дипломымен марапатталды.

Үстіміздегі жылы Мұратбек Оспановтың журналистика саласында қызмет атқарғанына 45 жыл, ол басқаратын «Абай» журналының  қайта жалғасып шыққанына  32 жыл толып отыр.

Отбасы, үш баласы, немерелері бар.