СЕМЕЙДЕГІ ҰЛЫС КҮНІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЖЕҢІСТІ АЙТЫС
АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ АҚЫНДАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМАНДАЛЫҚ АЙТЫСТЫҢ КЕЛЕСІ КЕЗЕҢІНЕ ЖОЛДАМАНЫ ЖЕҢІП АЛДЫ
2026 жылдың наурыздың 19 күні
Абай атындағы театр сахнасында облыс әкімдігінің қолдауымен, Amanat партиясы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы ұйымдастыруымен «Жайық келіп, Ертіске қосылғанда» атты Абай облысы мен Батыс Қазақстан облысы ақындары арасындағы республикалық командалық айтыс өтті.
Айтыстың құрметті қонағы әрі қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман болды. Жыр додасын ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізді.
Абай облысының командасын белгілі айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Абай облыстық филиалының төрағасы Дәулет Сметов бастап шықты.
Сөз сайысында Абай облысының намысын қыз-жігіт айтысында Әсем Ережеқызы, қайым айтыста Нұржан Өмірбай, сүре айтыста Айбек Жеңісқазин, түре айтыста Қуандық Кенжебекұлы қорғады. Сонымен қатар жыршы Қайрат Қабышев, термеші Клара Төленбаева, дәстүрлі әншілер Диас Мұратхан, күйші Дарын Құдайбергенов өнер көрсетті.
Батыс Қазақстан облысының командасын Мұрадым Мирланов бастап шықты. Сүре айтыста Бауыржан Шимердинұлы, түре айтыста Жансая Мусина, қыз-жігіт айтысында Талғат Мықи, қайым айтысында Айнабек Бисенғалиев өнер көрсетті. Сонымен қатар жыршы Фархат Оразов, термеші Кенесары Болғанбаев, дәстүрлі әнші Дастан Есентеміров, күйші Тұрлыхан Абуханов сахнаға шықты.
Жалпы қорытынды бойынша Абай облысының құрамасы 158:157 есебімен 1 ұпай басымдықпен жеңіске жетіп, жобаның келесі кезеңіне жолдаманы жеңіп алды. Қос команда мүшелері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен және арнайы қаржылай сертификаттарымен
марапатталды.
Соныменде Семей қаласының Мәдениет сарайындағы “Халықтық ақындар орталығының” жетекші-ұстазы, ҚР Мәдениет қайраткері Дәмеш Омарбаева жеңімпаз атанған барлық ақындар мен өнерпаздарға ақ батасын беріп, алдағы жыр сайысында тек қана жеңістерге жетуіне сенім артып, сәттілік тіледі.
Семейден бастау алған бұл республикалық командалық айтыс алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерін қамтиды. Алғашқы кезеңде 20 команданың ішінен 10 команда іріктеліп, одан кейін 6, кейін 4 команда анықталады. Финалдық кезеңде үздік екі команда өзара бақ сынап, жеңімпаз анықталады.
Асқар Бектұрған, журналист
