Қағыс

Қағыс

Қағыс

Киелі мекеніміздің шекарасын қаратамақ найзасының ұшымен сызып берген бабалар аманатына қиянат жасап, іштен шалып жүрген жаудың бірі — жемқорларымыз. Ал екінші бір арыны қатты жау — жаһандану.

Бір қариямыз Қонаевқа: «Әупірімдеп жүріп фашистерден құтылдық, ішкі жауымыздан қалай құтылар екенбіз?» — деп қауіп айтыпты дейді.

Қатарға қосыла алмай келе жатқанымыз болмысымыздың болымсыздығынан болса керек. Бес мың теңге үшін бет суымызды бес төгеміз. Он мың теңге үшін озып тұрғанды омақастырамыз. Дүние — қызылдың ізінен өкшелеп қуып жүрген бір адам.

Руханият дегенді рубай көреміз. Руханиятты дін деп түсініп, бәріміз азаншы болып кеткіміз бар. Елдіктің рельстін бағыттап отырар ұлттық идеологияның пультін кім ұстап отырса да ұқсатпай отыр. Кемі мың жылға басқышпа басқыш орындалар жүйелі бағдарымыз бар ма? Адассақ — компасымыз да жоқ.

 

Қоғам осы ойға алаң. Осындай ертеңіне алаң қоғамның бір күні еді. Қандай да бір үкіметтік емес қоғамдық қордың ұйымдастыруымен екі күн қатарынан болады деп хабарланған күй сайысы болып өтті.

 

Сайыс

 

Сайыс ереже бойынша екі бөлімнен тұрады екен. Бірінші бөлімі бойынша күйшілер жұптасып сайысады. Екінші бөлімінде өздерінің күйін орындайды.

Сайыстың бірінші күні өте тартымды өтті. Қазылардың жұптауымен күйшілер қанша күй білетінін, домбыра қағысы қалай екенін, өнерді қаншалықты терең меңгергенін таразыға салды.

Бір күйші тартып отырған күйін кілт үзеді де, екіншісі сол жерден тап басып ары қарай жалғауға міндетті. Екінші күйші бір күйді шертіп келеді де, біріншісіне кезек береді.

 

Бірінші бөлімде екі күйші ерекше көзге түсті.

 

Бірі — Марат Селбай атты күйші. Отызды толық меңгерген. Күйші күймен күй болып былқылдап-сылқылдап келіп, тежегішті басқандай болып үнді лақша ойнақтатады. Домбырасы күй төккенде лекітіп төгеді. Дыбыстың мөлдіреме жігін білдірмей, саусағынан саулата төгеді. Домбыраны меңгергені сондай — тіпті аяқтың башайымен де күй ойнап берердей, ортекедей орғыған жігіт екен. Өзі Нұрғиса болып шаш қойып алған. Толқын-толқын шашы күй ырғағымен дүр-дүр етіп сілкіне береді. Киімі де жалтылдақ, алтын қолсағаты да жалтылдақ.

 

Екіншісі — Толыбай Қақпаншы есімді тұңғиық адам. Қоңырқай жүзінен домбыра қағысынан өзі ләззат алатынын байқатқындай, күйдің иірімдерін қайтарғанда жүзі жіпсіп ажарланып кетеді. Домбыраны тұқыртпай, домбырасының мойынын зеңбіректің оқпанындай кекжитіңкіреп ұстап, бір отырыспен сілтейді. Қоңыр салқын төске алып еңку-еңку жер шалып, даланы дүңкілдетіп бара жатып, кіл тоқтап айналасына құлақ түретін бұрынғының жырынды барымташысындай тың тыңдай қалады. Иесінің қимылын команда білетін көкпаршының атындай қақшиған мойынды домбырасы бір орында сілейіп қалады.

 

Өткен жылы да Толыбай Қақпаншы осы сайысқа қатысқан. Ол жолы екінші бөлімде «Жеті бөлім» атты жеті бөлімнен тұратын циклді күйін орындап берді. Жүлдеден үмітті еді. Жүлдеге лайық еді. Әділқазылар бұра тартты. Қазылардың төрағасы қарт күйші еді. Бірінші бөлімнен соңғы қонақасыда осы жюрилердің құрамына қайдан тап болғанын өзі де білмейтін, жоғары жақтан келдім дейтін сырнайшы келіншек еніпті. Өзі бір қуыршақтай болып жасанып алған. Осы бір сылқым келіншек көзін аударып-төңкеріп қарт күйшіге тамсана берді.

 

Ол да дауысы бар жюри мүшесі ғой. Дастарханда қарт күйшінің қарсы маңдай алдына отырып алды. Қарт күйшіні оңаша алып кеткісі де бар-ау. Қоярда қоймай гүлмайысып отырып, бір-екі рюмкі коньяк алдырды. Аңыздарда айтылатын гүлмайысқан, лебі ыстық балғын денелі сылқым бір. Қарт күйшіні құдай ұрғаннан әрі, коньяктің буы ұрып көзіне хор қызы болып көрінді. Қарт күйші шабынған қарт бурадай омыраулап-омыраулап алғысы келіп тұрды да, «құдайдан ұяттысы» жеңе берді.

 

— Сіз менің идеалымсыз, аға, — дей ме? Әйтеуір қарт күйшіні балқытты.

Балқығаны құрысын, осы шараны ұйымдастырып отырған, өнерден мақұрым қор төрағасы мен екінші бір жюридің аузын алып алған гүлмайысқан келіншек қиыла жүріп, Марат Селбайға «Егемен» күйі үшін бас жүлдені берейік дегенде қарт жырау ыңғайға көніп қалды. Сонымен сол кезде жалт-жұлт еткен иллюзия алдамшы сипат бас жүлдені алды да кетті. Негізі ана күйшінің күйінен күй философиясы әлсіз еді.

 

Бас бәйгі — бір миллион теңге жалтылдақтың қанжығасына байланды да кетті.

Айғақ күйі

Бұл ретте ол гүлмайысқан келіншек жоқ. Бір ақын, бір күйші бар.

Бірінші бөлімі аяқталды.

Қарт күйші:

— Бірінші бөлімді шайдың батасындай қағып салдық. Екіншісін ертеңге қалдырмалық. Кештетіп болса да аяқтайық, — деді.

 

Күйшілердің  ірі қабасы екеу еді. Тәйтің-түйтің еткендеріне көңіл бөлмеген қарт күйші Толыбай Қақпаншы ортаға шығады дегенде көзін тігіп, құлағын түре қалды.

Артық еті жоқ, жеп-жеңіл қозғалақтап күйші орындыққа жайғасты. «Сен болмасаң, мыналар астановкі жасайтын адамдарым емес қой» дегенді көзімен қарт күйшіге айтты.

 

— Күйімнің аты «Айғақ», — деді де, мойнын 70–80 градуспен ұстайтын қара домбыраға кезекті берді.

 

Жайлап басталған күй — жайма шуақтың хабаршысы құстың шықылықтағанын, лақ-қозының маңырағанын, әлдененің жортып келе жатқанын, қасқырдың ұлуын салды.

 

— Бұл жазғытұрымғы қасқырлар ғой, кезекті бір жорықтан келе жатқан, — деп қарт күйші еміне түсті.

 

Мотоциклдің ызғыған дауысы шықты.

— Әне кетті, әне кетті, — деп домбыра бір қайырып өтті.

 

Қапшықты дар еткізіп екіге айырғандай дыбыс ауада ілініңкіреп барып ғайып болды.

— Бұл — арланының қаншығын құтқаруы үшін мотоциклдің алдына түсіп қашу сәті ғой, — деп түйді қарт күйші.

 

Ырс-ырс шабу, ызғыған мотоциклдің дауысын бұзып жара «ат, ат» деген үн естілді. Іле-шала ызалы бір арс ете қалған дауыс құмығып барып өшті. Бөлтірігінен айрылған қаншық қасқырдың ұлуына ұласты.

 

— Бұл — арланын атып алған адамдар бөлтірігін де алғанын білдіріп тұр, — деп ойлады.

 

Зарлы үн қасқырдың сарығанына ұласты. Күй қайта көңілденіп, «бөрі сырғақтағы» қасқырлардың үніне ұласып кетті.

 

Күйшінің айтпағы: кейбір адамдардың білмей, «қасқыр аққу сияқты жұбы өлсе тақ өмір сүреді» деуі — өтірік екенін айғақтап тұр ғой.

 

— Жарайсың, сабазым! Қасқырдың бәрі сырттан емес, оның да өлексе жейтіні бар. Тай алатыны бар. Қораға түсетіні бар. Білмейтін, кітаби адамдар соға береді. Арланы өлген қаншық қасқыр тағы да біреуіне тиіп алған деп тұрған жоқ па. Жарайсың!..

Толыбай Қақпаншы өз орындауына көңілі толып, толқыңқырап, әділқазыларға «болдым» деп басын иіп, орнынан лып ете тұрып бара жатты. Залда отырғандар ду қол соғып, шапалақтады. Қарт күйші риза болып, басын изеді. Тағы бір жюридегі күйші түсі бұзылып, күреңітіп отырды. Үшінші қазымыз — ақынымыз есік жаққа қарап тыжырынып қалды.

 

Әй, бұған Толыбай Қақпаншының түк жазығы жоқ. Жазығы — мұны қор төрағасы жаратпайды. Қор төрағасына жүлдесін жуып кететін адам керек. Ал Толыбай Қақпаншы ондай «моданы» білмейтін сараң кісі. Марат Селбай жомарт адам. «Атымды ата, сыбағамды итке таста» дейтіндердің сойы. Жүлде — 1 000 000 теңге. Соның 40%-ын, яғни 400 000 теңгені лақтырып кетеді. Өзі де қор төрағасына нағашы болып келетін елден екен. Күйші жігітке жюрилікке  «сөзің өтетін адам тап» дегенде алып келгені ана ақын.

 

Қарт күйшіні әділқазы құрамына қоспаса, интернет шулап кетеді. Ал егер осы шара әңгімелі болса, үкімет келесі де қаржысының бақайында ұстатпайды.

 

Жалт-жұлт етіп, алтыннан ер-тұрманы бар қазмойын тұлпардай кекілін сілкіп тастап Марат Селбай шықты. Ауыздығымен алысқан, жер тарпыған тұлпардай көзі шатынап тұр. Бір орнында тұра алмай, ортекедей орғып, ытқып кеткелі тұр. Әбден арқаланып алған.

 

Ұсынатын күйінің аты — «Қарқын» екен.

 

Қарқын десе қарқын! БАМ-ды салған комсомолдардың жалынды үндеуіндей, залдың ішін селдей жапырған пафос алды да кетті. Шың-шың балға дауысы, ыз-ыз еткен болгарка арасының үні, темірді шыжғырған сварка ызыңы, дүңк-дүңк етіп жер солқылдаған үн — бәрі орайласып құйылғандай елестерді құйындай көшіріп әкелген құдіретті күй екен.

 

Толыбай Қақпаншының бейнесін көмескілеп кетті. Қарт күйші оған көз тастап еді, Қақпаншы тұғжиыңқырап құлақ түріп, абыржыңқырап отыр екен. Қарт күйші оған қарап, «сенің күйіңнің философиясы терең ғой» дегендей басын изеді.

 

Философиясы терең дейтіні — «Айғақ» күйі шындыққа құрылған болса, «Қарқын» күйі шындыққа ұқсас иллюзияға құрылған еді.

 

БАМ құрылысы жүргенде заң бар, еңбек бөлінісі әділетті кезең еді. Қазіргі құрылыстарда әділет бар ма? Құрылыс сапалы ма? Бір үйдің қаржысына екі үй салынады. Ақша желінеді. Құрылыста жүргеннің дені — арзанқол қанжылаған өзбек, қарақалпақ, түрікпен, әзербайжан азаматтары. «Тендер» деген пәленің өз алдына жарғысы бар. Осы құрылыстар ел игілігіне деп жасалып жатқанымен, оны іске асырып жатқандардың көбі құлқын қамын ойлайды. Құлқын қамы — ел игілігінен үстем тұратыны өтірік емес. Ал күйші келеді де, пафоспен өзін алдағысы келеді.

 

Қорытынды кезінде қарт күйшіге қарсы дәлелдер келтіре отырып, екінші бір күйші:

— Марат Селбайға бас жүлдені берейік, — дей берді.

 

Сонда қарт күйші:

— Ұмаға жығыла бермей, құдаға жығылайын, — деді.

 

Ақын тыжырынып:

— «Ұма» дегеніңіз не? — деп шамданып қалды.

 

— Сөздің салты ғой, — деді қарт күйші. Өткен жылғы жағдайдан қасындағылардың хабары жоқ еді.

 

Ақыры бас жүлде Толыбай Қақпаншыға берілді.

 

Толыбай Қақпаншы «құдай бергенін біліп», елге барған соң Кетбұға күйшіге, Қорқыт атама, Құрманғазы атама, Дина апамызға, Орын Құлсариев ағама арнап бозқасқа шалып, аят оқытып жіберейін, — деп іштей күбірлеп тұрды.

Өткен жылы, дәл осы орында тұрып, дәл осы 1 000 000 теңгені қанжығасына байлап тұрған Марат Селбай ойша есептеп қойды:

— 400 000 теңгені гүлмайысқан келіншекке беремін. Ол 200 000 не 300 000 теңгесін төрағаға береді. Қалғанын ана екеуі бөлісетін шығар. Әлде 250 000 теңгесін төраға алып, қалғанын өзара бөлісер ме екен? — деп ойша жіліктеп тұрды да:

— Қалғанына береке берсін! — деп қуанышты көңіл күймен айналасына көз тастаған.

Қабыл Әбдірахманұлы

 

Leave a Reply