Нұрасыл АМАНЖОЛ, Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің студенті

Нұрасыл АМАНЖОЛ, Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің студенті

Нұрасыл Ерболұлы Аманжол – 2006 жылы 3 желтоқсанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Ақтерек ауылында туған.

 

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің 2-курс студенті. Ахмет Байтұрсынов атындағы №26 негізгі орта мектебінен 9 сынып тәмамдап, 10-11 сыныпты Қарағанды қаласындағы №25 мектепте оқып бітірген. Республикалық Бауыржан Момышұлы оқуларының арнау бағыты бойынша 1-орын иегері. Бірнеше облыстық байқаулардың жеңімпазы. Қарқаралы жас ақындары арасындағы байқаудың 1-орын иегері. Облыстық жас ақындар арасындағы поэтикалық дуэльдің бас жүлде иегері.

Аспан

Керек кезінде жылап та алады,

Құстар да жақын тұрақтамады.

Ол кейде қатты күрсінетіндей,

Күрсінгенінен түршігетіндей,

Жоқ оның білем бірақ та амалы.

 

Ол кейде тұйық, тұнық болады,

Ғарышкерлігім ғұрыптан әрі.

Қағысы бұлттың естілгенінде,

Тағысы тағы ұлып та алады.

 

Таба алмай жүр-ай бағдарын әлі,

Қана алмай жырға-ай таң қалдырады.

Күннен сұрайды!

Сұрауын алып,

Жұлдыздар жерді Қағба қылады.

 

Көз жасын кейде сіркіретеді,

Дауылмен кейде сілкіп өтеді.

Таусылар онда тұғыр да жоқ-ау

Мен шығар оның мүмкін етегі?

 

Ай да бар, жұлдыз, күні де тегі,

Құс жолын қиял жүріп өтеді.

Ол — өмір,

жарық-қараңғысы тең,

Бірі келеді, бірі кетеді.

**********************

Ғарышкер

Жалғыз аттанамын ба айға бүгін?

Апарам жүрегімнің қайда мұңын?

Төріңнен табылмасам, жолым — аспан,

Соныммен пайдалымын.

 

Деп тілеп кеңістіктің кеңдігін бер,

Жұлдыз болып шақырам, сен бұрын кел!

Шолпанның шуағына шомылармын,

Ол ұқсап нұр шашады енді кімдер?

 

Көрінбейді көлеңкем қайда? Неғып?

Көңілсіз жүре де алман жайда, мені ұқ.

Жерге сыймай қап жатқан ойларымды,

Қайту үшін ұшамын айға көміп.

 

Ұялып, ұяңданып,

Құс жолымен қайтармын қиялға анық.

Сен тұрасың биікке қарап маңда,

Мен келемін қайтадан таң атқанда,

Аспанға шашыраған сиям қалып…

********************

Өмір үйің!

Бөлмелер… қараңғылық,

Кім қосады жарығын кеп?

Тырнайды кеп жараңды үміт,

Бәрі — парыз,

Бәрі — міндет!

 

Өмір үйің!

Терезе… шытынайды ол,

Жөндеуге келмейді анық.

Шытынаған шумақтай шұқылайды ел,

Отырасың соған да көнбей, налып.

 

Өмір үйің!

Есігі ілінбеген,

Ілгектің керегі де болмайтындай

сезінем бүгінде мен,

Айқара ашық,

кіріп кеп әлдебіреу оңдайтындай.

 

Өмір үйің!

Сарайың бәлкім оның,

Сарайыңда хан болсаң, тақ та саған,

Тауып алса болады әркім орын,

Таппаса да!

 

Өмір үйің,

Бөлмелер… қараңғылық,

Кім қосады жарығын кеп?

Тырнайды кеп жараңды үміт,

Бәрі — парыз,

Бәрі — міндет!

*************************

Қырау

Өмірдің өзі өрнектен тұратынын сезсе егер жандар,

Оларға биік те болып көрінбес еді ғой заңғар.

«Ой азды» дегендей болып белгісін соғар үлгілеп,

Аязды күнгі таңдар.

 

Бұл өрнек — жұмыр бастылардың ғұмыры іспетті,

Адастыратыны анық қой көпті бұрылыс беткі.

Өмір кітаптың қырауы өшсе

қайта жазар кім бар,

Ақырет тақағандағы Құранның бетіндегі құрығыш бетті.

 

Бұл өрнек — табиғаттың адамға жасаған жақсылығы,

Табиғаттан жақсылық көру — адам мейірімінің тапшылығы.

Әлемдегі үміт отының шегі болғанында,

Бақсының бітер еді бақсылығы.

 

Бұл өрнек — адамның маңдайындағы қисық сызулар,

Сызу бар жерде шимайлауда бар, бұзу бар.

Сыртқа шықса егер аяз боп қырау салуы да мүмкін,

Ішіңдегі сол қызулар менен қыжулар.

 

Бұл өрнек — пенденің терезесіне салынған белгі,

Қымбат дүниенің бәрі осында, жанымнан бергі.

Қылау да жауар кезінде қатарын білмей,

Қырау да сол іштегі отпен жалындап өлді.

 

Бұл өрнек — адам тағдырының бәрі ғой, бәрі,

Құдай да сонда, табиғатты да, пенденің де бәрін ойлады.

Өрнек өмірім өрілген болса, тарқатып алмау маған — жүк!

Тереземдегі қыраулар мына көзімді өзіне тағы байлады.

**************************

Бақыттылармыз

Күнім дегенім,

Күнім дегенде күлімдегенің — үндестік.

Түңілмегенің,

Мұңым дегенде

Түңілме дедім…

түнде ыстық.

Сендегі арман, мендегі жалған, шындықтың бәрін сыр көріп,

Нұр көріп сосын ғаламның бәрін күн кештік.

 

Күн кештік біздер, үндестік те,

іздер бақыттылардан қалатын,

Біз жүрген жерде жұлдыздың өзі нұр шашып тұрып жанатын.

Аспан да мұңды бақыт деп білсе,

Жақұт деп білсе жырды ойлы,

Құстардың өзі бақытқа сеніп, қақпай ұшар ед қанатын.

 

Мен іздеп келем, мұңсызбын деген адамның дауысын алыстан,

Сен мені жерде бақылап жүрсің ғарыштан.

Қадамның бәрі басылса нық-нық,

жасырса — бір құт, бір бақыт,

Адамның бәрі бақытты болса — данышпан!

 

Байлап ал қанат, жаймаған қанат көтерер кімді биікке,

Күйіп те жүріп бақытта болу ол– өмір нағыз сүйіп те.

Мұңы жоқ жүрек дүрсілсіз күйде нұр шашар кейде шарпып от,

Түгі жоқ жүрек?

Түксіз жүректі

Үйітпе.

 

Адамдар бізді таныса міндет, таныса кім деп, бәрі бір,

Себебі бізге бәрі нұр.

Бақыттыларға жазылған менің атымды көрсең, қуан сен,

Сорлымын деген ақынды көрсең, алып ұр.

 

Күнім дегенім,

Күнім дегенде күлімдегенің — үндестік.

Түңілмегенің,

Мұңым дегенде

Түңілме дедім…

түнде ыстық.

Сендегі арман, мендегі жалған, шындықтың бәрін сыр көріп,

Нұр көріп сосын ғаламның бәрін күн кештік.

 

Күн кештік, тағы тілдестік.

Өмірде біздей бақытты жандар көп болса…

Аз болса, бәлкім білместік.

 

Хат

Дәл сіз мені түсінгендей дәл мен сізді ұқтым,

Даусыз мені тастаған талай көргенсіз қып тым.

Ынтызарлықтың отын да сезіп, бәрін де сезіп,

Бәрін де көріп,

Мына мендегі дәрменсіздіктің.

 

Сан мәрте сонда сан соғып қалдым санасыздықтан,

Дей алмадыңыз алшақтап неге барасыз құттан?

Жолымда әлі де сіз тұратындай күй кешем құр мен,

Оның бәрі де шарасыздықтан!

 

Үмітпен күтіп, жолдардың қиыр жаңылысынан,

Тербейді кейде көгілдір көкке алып ұшып ән.

Жаралған ғалам мейірімнің шексіздігінен,

Жаралған сезім жұмыр жүректің сағынышынан!

 

Қимай кеткендей қарашасында бақты құстары,

Қимаймын мен де тілдескен бақтар жақ тыныштады.

Жараңды ойдым дейді де күліп қарап тұрады,

Қараңғы ойдың қақтығыстары.

 

Бойымда қызды-ой қаныммен тулап жаңаша күмән.

Қайырмасыз ғой көңілдеріміз жарасатын ән.

Расталған күні сіз бен біздегі үндестік қана,

Басталған еді көкірегімде аласапыран.

 

Аласапыран басталып еді, тоқталып әзір,

Тағайындалар кім хан көңіліме боп тағы уәзір.

Сырымның тағы сұрапыл ойға сұранысы көп,

Жүрегімдегі отымның қазір шоқтары да жыр!

*******************************

Жеңілдіктер жеңісі

Жеңілдік іздеп жеңілдік дейміз,

Жеңілдік деген — үлкен бақ,

Еліктеп жүріп елірдік кей күз,

Шашылып гүл боп, күлтем қап.

 

Жапырақ жеңіл құлайды анық,

Ғұмыры ауыр талдардан,

Жеңілмей құлау

Мұңайтып алып,

Жабырқап жүрген жанға арман.

 

Сезімге бірақ қарамай жеңіл,

Ауыр қарамай, аңсамай.

Шаһарға сыймас шарадай көңіл,

Махаббатта да дәл солай.

 

Күндер де шіркін жеңіл өтеді,

Салмаса ешкім салмағын,

Ауыр қанатпен, көгіме тегі,

Жеңіл жүрекпен самғадым?

 

Телегей құрлық теңіссіз болса,

Жазылмас па еді берік жыр.

Жеңіл дүние жеңіссіз болса,

Аспанда бұлттар неғып жүр?

***********************

Өртену

Жарығым ғалам, бәрінің маған міндеттемесін жүктеп өт,

Адымым жаман болып бара (ж)атса кеудеме салшы бүктеп от,

Сөндіруге де өндіруге тырыспасын да ешкім де,

Өртенген жерде себебі білем күйіктен басқа түк те жоқ.

 

Алаулап жанып, лапылдап алып, манаурап барып басылам,

Қан тамырларда шарпыған оттың қызуыменен тасыған.

Тозақта ертең күймеуім үшін өртеніп алсам осы өмір,

Біразға жұпар болатын сосын

Құйқаның иісі сасыған.

 

Өртеніп жүріп күл болып, сосын біреуге болар жай тебін,

Жо, жо, жоқ ғалам өртеме бірақ, еді ғой бізге ой — тегін,

Мұнара көңіл, мұнартқан теңіз мұң ала қашқан мұздықты,

Өртеніп жүріп ерітіп алсам қайтемін.

 

Өрге жеткесін өртесең өрте, жанартау болам сонда мен,

Төрге жеткесін өртеме бірақ, өртеніп кетер онда әлем.

Күйдіруге емес, ерітуге емес,

Сүйдіруге емес,

Жаңа отты,

Тұтату үшін қолданам десең қолдар ем.

 

Leave a Reply