Skip to content
- Журналдың қайта өмірге келуінің өзі – еліміздің тәуелсіздік алуының арқасы. Сондықтан қазақ мемлекетінің тәуелсіздігіне, халқымыздың береке, бірлігіне ұлы Абайдың өнегелі өсиеттерін алдыға сала отырып, үлес қосу. Басшылық тізгінін ұстап жүрген азаматтарға сөз өрнегімен, пікір жариялығымен көмек көрсету.
- Қазіргі қазақ әдебиетінің ең үздік деген туындыларымен оқырманды таныстыру. Әсіресе, жас авторларға қолдау көрсету. Жақсы шығармаларын жариялап отыру.
- Елдің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу жолдарын, тарихи оқиғаларды талдап түсіндіретін көсемсөздік мақалалар тізбегін беріп отыру. Ол үшін Қазақстандағы белгілі әдебиетші, экономист, тарихшы ғалымдармен жанды байланыс орнату, журналға автор ретінде тарту.
- Қаламыздағы мұражайлар мен мұрағаттардағы ел тарихына қатысты материалдарды сол қалпында, бүгінгі түсінік тұрғысынан талдап жариялау.
- Түбіміз бір түркі әдебиетін, қиырда жүрген қандастар тағдырын танытатын шығармаларды қазіргі қазақ оқырандарына таныстыру. Әсіресе, ең шұрайлы деген туындыларды сол елдің ғалымдарына сөз бере отырып, талдап ұсыну.
- Қазіргі қазақ әдебиетінде көрінбей кеткен сын жанрын қайта қолға алу. Өйткені, әдебиеттің болашағын безбендейтін осы жауынгер жанрды теориялық тұрғыда негіздейтін белгілі сыншы, ғалым, философ, тарихшы мамандарға талдатып ұсыну.
- Абай, Мұхтар, Шәкәрім, Әлихан, Жүсіпбек, Мағжан, Міржақып сияқты, тағы басқа да алаш арыстарының шығармаларына кезінде кеңестік тұрғыда біржақты пікір білдірілген болатын. Мұрағаттардағы сол сөздерді сол қалпы ұсына отырып, қазіргі көзқараспен таразылау. Ақиқат астарына ой жіберу.
- Ұрпақ тәрбиесі, ұлттық мүдде тұрғысынан, еліміздегі басқа халықтардың намысына тимейтіндей ете отырып, қазақ жастарының жүрегіне елжандылық (патриоттық) ұрығын себу.
- Нарықтық экономиканың тілін тапқан кәсіпкерлер мен қазіргі күнде аяғынан тік тұрып өнім шығарып жатқан фирмалар, фабрика, зауыттар басшыларының тәжірибесімен таныстыру, үлгі-өнеге етіп насихаттау.
- “Еңбек жоқ, қарекет жоқ, қазақ кедей” деген Абай сөзі әлі де өз құнын жойған жоқ. Сондықтан жұмыссыз жүрген ауыл жастарына “егіннің ебін, сауданың тегін” үйрететін көсемсөздік мақалалардың маңызы зор.
- Білімге бет бұру, заманаға лайық инновациялық, инвестициялық үздік жобаларды жастарға үйрету, әртүрлі журналистік тәсілдермен жалықтырмайтындай етіп берудің жолдарын қарастырып отырмыз. Кешегісіз бүгін жоқ, бүгінгісіз ертең жоқ екенін ұрпаққа ұғындыру.
- Өркениетке бет бұрған алпауыт мемлекеттердің озық үлгілерінен үйрену, қай салада болмасын жақсы жақтарын, біздің көз қарасымызға дөп келетін тұстарын тауып алып, оқырман талқысына салу. Ортақ пікір қалыптастыру.
- Бүкіл шығыс өңірінің, оның ішінде ұлылар мекені Семей жерінің айнасындай жарқырап: “Біріңді, қазақ, бірің дос Көрмесең істің, бәрі – бос” – деген ұлы Абайдың өлмес өсиетін маңдайына жазып, сол сөзге лайықты болып шығару үшін журналдағы қызметкерлердің әдеби әлеуеті де, білім деңгейі де жетеді деп есептейміз.