Абай кітапханасында кемел ойдың кеніші, ғалым Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Қаламыздың зиялы қауымының басын біріктірген салиқалы шарада шәкірттері ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор А.С.Еспенбетов, мәдениеттанушы, өнертанушы, ақын Қ.Ж.Нұрқасым мерейгердің қазақ ғылымын дамытудағы еңбегін, қуғын көрген өмір соқпағы, айдаудағы азап мойыта алмаған қайсарлығын жиналған қауымға әсерлі жеткізді.
Аталмыш кеште алаштанушы, ғалымның шәкірті Құсмилия Жырғалыұлы ұстазы Қ.Мұхамедханұлына арнаған арнау өлеңін оқып, ұлтқа қалтқысыз аянбай еңбек еткен, Абайды өз биігінде қазаққа танытқан оқытушысы туралы естеліктерімен бөлісіп, ақын А.Манабаевтың сөзіне жазылған Т.Базарбаевтың «Жан Аға» әнін орындады.
Шараға арнайы әзірленген «Қазақтың қайсар ғалымы» кең көлемді кітап көрмесінде ғалымның мерзімді басылым беттерінде жария көрген мақалалары мен кітаптары, 2025 жылы кітапханамыздың «Абай жолы» кітапханасы топтамасымен шыққан Қайым Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» (1, 2-кітап) «Абай мұрагерлері» (3-кітап) шығармалары оқырман назарына ұсынылды. Жиналған қауым ғалымның «Бақыт дегенің – еркіндікте өмір сүру, адал болу» – деген өмірлік басты ұстанымын танып, мол мұрасымен қауышты.
Еске алу кешіне «Абай» журналының редакция ұжымынан, журнал басшысы Шарапиева Райхан Әбілмансұрқызы, Абайтанушы ғалымның шәкірті, журнал редакторы Исин Амантай Исаұлы, әдеби қызметкер Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы қатысып, тағылымға толы кештің куәгері болып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасқанына алғыс айтып, кемел ғалымның рухына тағзым етіп, оның мұрасы туған халқымен мәңгі бірге жасай беретініне зор сенім артты.
Республикалық фольклорлық-этнографиялық
әдеби-көркем «Абай» журналының баспасөз қызметі
