«АБАЙ» ЖУРНАЛЫ ТУРАЛЫ
1918 г. жылы Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов Семей қаласында шығарған. Бірақ сол тұстағы саясаттың салдарынан жабылып қалған. 1992 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында еліміз тәуелсіздіктің туын көтергеннен кейін қайта жалғасын тапты. Содан күні бүгінге дейін шығып келеді. Басылымның «Ақылдастар алқасы» еліміздегі белгілі ғалымдардан құралған. Әсіресе Абайтанушылар мен әдебиешілер, тарихшылар шоғырланған. Журнал негізінен «Парыз» шығармашылық тобы дайындайды.
Жылдар керуені алға жылжыған сайын уақыттың өзі ұсынып отыратын тақырыптар туындап жатады. Яғни, «Әуезов әлемінен», «Шәкәрім шалқарынан», «Қиырда жүрген қандастар», «Сәулең болса кеудеңде», «Ғылым таппай мақтанба», «Түбі бір түркіміз», «Жаһан әдебиетінің жауһарлары», «Нобель сыйлығының лауреаттары» атты айдар аясында бірнеше сүйекті материалдар жарық көріп келеді. Халқымыздың тағдырына қатысты «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Берекелі болса ел», «Жүректің көзі ашылса», «Жан аямай кәсіп қыл» атты айдарлар әлеуметтік-экономикалық әлеует төңірегінде сөз сабақтайды. Байқап қарасаңыздар айдарлардың басым бөлігі ұлы Абайдың өз сөздерінен, өз өсиетінен алынып отыр. Журнал ерекшелігінің бірі де осында деп ойлаймыз.
Күні бүгінге дейін басылымның 175 саны жарық көрсе – соның бәрінде дерлік жоғарыдағы тақырыптар тарқатыла жазылған. Бір сөзбен айтқанда, алыптар аманатын адал атқаруға тырыстық. Оның төрелігі журналды үзбей оқып жүрген қалың қауым – Сіздердің еншіңізде. Ендеше үстіміздегі 2026 жылға да «Абай» журналына жазылуды ұмытпаңыздар, ардақты оқырман!
Республикалық басылым болғандықтан бүгінгі бет алысымызды таныстыру мақсатында негізгі деген тақырыптарды тарқатып берсек:
Журналдың қайта өмірге келуінің өзі – еліміздің тәуелсіздік алуының арқасы. Сондықтан қазақ мемлекетінің тәуелсіздігіне, халқымыздың береке-бірлігіне ұлы Абайдың өнегелі өсиеттерін алдыға сала отырып, үлес қосу. Басшылық тізгінін ұстап жүрген азаматтарға сөз өрнегімен, пікір жариялығымен көмек көрсету.
– Абайтану, Шәкәрімтану, Мұхтартану мәселелерін бүгінгі көзқарас тұрғысында таразылап, талдау.
– Қазіргі қазақ әдебиетінің ең үздік деген туындыларымен оқырманды таныстыру. Әсіресе, жас авторларға қолдау көрсету. Жақсы шығармаларын жариялау.
– Елдің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу жолдарын, тарихи оқиғаларды талдап түсіндіретін көсемсөздік мақалалар тізбегін беріп отыру. Ол үшін Қазақстандағы белгілі әдебиетші, экономист, тарихшы ғалымдармен жанды байланыс орнатып, журналға автор ретінде тарту.
– “Тас түскен жеріне ауыр” дегендей Семей топырағындағы жарқын істерді, экономикалық жетістіктерді, әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы үздіктерді Қазақстан халқына таныстыру.
– Қаламыздағы мұражайлар мен мұрағаттардағы ел тарихына қатысты материалдарды сол қалпында, бүгінгі түсінік тұрғысынан талдап жариялау.
– Түбіміз бір түркі әдебиетін, қиырда жүрген қандастар тағдырын танытатын шығармаларды қазіргі қазақ оқырандарына таныстыру. Әсіресе, ең шұрайлы деген туындыларды сол елдің ғалымдарына сөз бере отырып, талдап ұсыну.
– Қазіргі қазақ әдебиетінде көрінбей кеткен сын жанрын қайта қолға алу. Өйткені, әдебиеттің болашағын безбендейтін осы жауынгер жанрды теориялық тұрғыда негіздейтін белгілі сыншы, ғалым, философ, тарихшы мамандарға саралатып ұсыну.
– Әлихан, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжан, Міржақып сияқты, тағы басқа да алаш арыстарының шығармаларына кезінде кеңестік тұрғыда біржақты пікір білдірілген болатын. Мұрағаттардағы сол сөздерді сол қалпы ұсына отырып, қазіргі көзқараспен таразылау. Ақиқат астарына ой жіберу.
– Ұрпақ тәрбиесі, ұлттық мүдде тұрғысынан, еліміздегі басқа халықтардың намысына тимейтіндей ете отырып, қазақ жастарының жүрегіне елжандылық (патриоттық) ұрығын себу.
– Нарықтық экономиканың тілін тапқан кәсіпкерлер мен қазіргі күнде аяғынан тік тұрып өнім шығарып жатқан фирмалар, фабрика, зауыттар басшыларының тәжірибесімен таныстыру, үлгі-өнеге етіп насихаттау.
– “Еңбек жоқ, қарекет жоқ, қазақ кедей” деген Абай сөзі әлі де алдымыздан шыға береді. Сондықтан жұмыссыз жүрген ауыл жастарына “егіннің ебін, сауданың тегін” үйрететін көсемсөздік мақалалардың маңызы зор.
– Білімге бет бұру, заманаға лайық инновациялық, инвестициялық үздік жобаларды жастарға үйрету, әртүрлі журналистік тәсілдермен жалықтырмайтындай етіп берудің жолдарын қарастырып отырмыз. Кешегісіз бүгін, жоқ бүгінгісіз ертең жоқ екенін ұрпаққа ұғындыру.
– Өркениетке бет бұрған алпауыт мемлекеттердің озық үлгілерінен үйрену, қай салада болмасын жақсы жақтарын, біздің көзқарасымызға дөп келетін тұстарын тауып алып, оқырман талқысына салу. Ортақ пікір қалыптастыру.

