1918 жылы шыққан алғашқы “Абай” журналы ұстанған үш бағыт біздің де негізгі нысаналы мақсатымыз болып табылады. Оның біріншісі – Абайтану айдары. Бұл айдармен Абайдың ақындық қуаты, хакімдік кемеңгерлігі, аудармашылық қасиеті, композиторлық шеберлігі, ағартушылық болмысы ұдайы жазылып жүр. Бүгінгі күнге дейін ғылыми тақырыптарға құрылған 100-ден астам мақалалардың негізгі мақсаты – Абайды таныту, сол арқылы ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу. Еліміздегі академиктерден бастап, кіші ғылыми қызметкерлерге дейін бұл тұрғыда қалам тартпағаны кемде-кем. Қабырғасын Әуезов қалап берген абайтану ғылымына қиянат жасамай, “жаптым жала, жақтым күйеге” барғызбай, Қайым Мұхамедханов пен Ырысхан Мұсаұлы салып кеткен жолдан айнымай, ұлы Абай атамыздың өзі айтқандай; “Болмасақ та ұқсап бағудамыз”. Мұнымен қоса уақыт ұсынысына орай “Шәкәрім шалқарынан”, “Әуезов әлемінен”, “Ұлылар шыққан орта”, “Сәулең болса кеудеңде”, “Қиырда жүрген қандастар”, “Түбіміз бір түркі едік”, “Білімдіден шыққан сөз”, “Өнерпаз болсаң арқалан”, “Жаһан әдебиетінің жауһарлары” айдарлары журналдың әр санында көрініс тауып отырады. “Тегін білу – тектілік”, “Архивтен алынған айғақтар”, “Әр өлеңі бір әлем”, “Осы үш сүю болады иманигүл” айдарларының бірі кешегі тарихымыздан түсінік берсе, енді бірі ұлы ақынның философиясы мен исламиатқа қатысын талдап жазады. 

Журнал материалдары зерттеуші-ғалымға да, оқытушы, тәрбиеші-мұғалімге де, студент, талаптанушы жас маманға да ауадай қажет. Сонымен бірге бүгінгі замана ағымы, халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да ұдайы сөз болады. Басылымдағы материалдар негізінен қазақ және орыс тілдерінде, кейде сұранысқа орай шет тілдерінде де жарық көреді. 

Полиграфиялық сапасы бүгінгі уақыт талабына сай безендірілген. Журнал жылына алты рет, екі айда бір 96 бет көлемінде шығады. 

Бүгінгі күннің бейнесі ретінде “Берекелі болса ел”, “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, “Замана”, “Жүректің көзі ашылса” атты айдарлар ел басшылығында жүрген азаматтардың қабілет-қарымын, ой-өрісін оқырманға паш етумен бірге, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық бағытын, Елбасының жыл сайынғы Жолдауларын ғылыми тұрғыда нақты өмір мысалымен өрнектейді. Осы салмағы ауыр жүкті арқалап жүрген небәрі 5 адамнан тұратын “Парыз” шығармашылық тобы бар. Парызымызды адал атқаруға тырысып келеміз.